МЕНІҢ КЕУДЕМ ЕРЕКШЕ БІР КҮЙ БАҒЫ

Уақыты: 10.03.2018
Оқылды: 1615
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

VIII. Төлеген Айбергенов

    «Қандайлық ғажайып болғанымен, сонау Гомер заманынан келе жатқан бейнемелерден бой тартыңыз», – дейді француз жазушысы, атақты драматург Жюль Ренар. Қажығаннан айтқан-ау... Жазу үстелінде жатқан қат-қат жазбаларды бір сәт ысырып қойып, рухани шөл қандырайын деп сірескен сөреден таңдап жүріп бір автордың кітабын суырып алады да, оқи бастайды. Орта тұсына жетпей бұрын-соңды танысқан бір шығармамен сарындас екенін аңдайды. Келесі бір авторға жүгінеді. Оның жазбасы да өзге туындылардан алабөтен айырмасыз болып шығады. Әрине, туынды кейіпкері, оның тағдыры, жазудың басы мен қорытындысы ұқсамауы мүмкін, бірақ Жюль Ренардың жүйкесіне біраз салмақ салғаны суреттеу, сипаттау, шығарманы ширату мен шарықтату, эпизодтар байланысы, жазу стилі сынды негізгі қасиеттердің құс жұмыртқасындай біркелкі болып шыға бергендігінен шығар, кім білсін?!​


    Жалпы жазу өнерінің мөрмен бекітілген бұлжытпас қағидасы мен заңы жоқ. Әр қаламгер өз танымына қарай қалам сілтеп, икемді дүниесін иіріп-шиырып қағаз бетіне түсіреді. Оның тағдырының ұзақ не келте болуы да шығармашылық адамының қамау терінің қаншалықты ащы шыққандығымен байланысты. Мәселен, танымдық тұрғыдан мың жазбаға арқау болған Пабло Неруданы айталық. Ол тағдыр тақсіретін тартқаны былай тұрсын, өз халқына ажал уытын сеуіп, рухын жаншыған зұлматты көзімен көріп, ажалмен айқаса отырып жыр жазған ақын-ды. Сол үшін де Паблоның өлеңдерін әлем жұрты сүйіп оқиды, әр тармағын термірқазық тұтады.
    Ал қасиетті қазақ елінің өлең өлкесінде Абайдан басқа кімді айта алар едіңіз? Абай – ақиқаттың ақберені, хақнаманың қайнары! Бұл сауал мұқым елдің музалы ақындарын жоққа шығару мақсатында қойылған жоқ. Керісінше, зерделі қауым бір серпіліп қалсын, қаншама асылдарының жақұт жырларын саралап, санасына сақтаса екен деген ақ-адал пейілден туды. 
Қуанарлығы мәңгілік жырларды қаламымен қашап кеткен қазақ ақындары жетерлік. Алаш жұртының бастан өткерген зұлматы мен чилиліктердің зобалаңын салыстырудың өзі пайымсыздықтың жемісі болары хақ. Сондықтан да ел мен жері тағдырдың талай сынына ұшыраған қазақ ақындары жырларының біршамасы мәңгілік жазбадай көрінетіні жасырын емес. Сол шайырлар санатында сағыныш ғазалдарын ғұмырлық етіп бедерлеген Төлеген Айбергеновтің бары да айшықты ақиқат.
Төлеген Айбергенов француз жазушысының айтқан пікіріне қайшы қалам сілтемеген. Ол қазақы танымның шынарында жырдың шоғын маздатып, байырғы бейнемелерден, суреттеу-сипаттаулардан бойын аулақ ұстаған. Негізінде қазақ әдебиетінде де сол бір сарынды туындылар жетерлік. Сол тұрғыдан алғанда Төлегеннің әр өлеңі өзіндік бояу-нәрімен, оқырманның ойын тұңғиыққа батырардай терең астарлығымен  құнды. 
Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын,
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп, – деп жырлаған Айбергеннің жалғыз қамшы ұстары жалпақ жатқан жұртының санасында сақталған ардақты перзент, дара тұлға. Дегенмен дара перзенттің даңғылына бойлаушылардың дені «Сағыныш» тақырыбында жазылған туындыларын басшылыққа алады да, қалған жырларын атаусыз қалдырып жатады. Бұл өлеңсүйер елдің көңіліне ауыр тисе керек. Өйткені, шайырдың әр жырын санамалап атамағанда, тек табиғатпен тілдесе отырып өмір шындығын әрі оның жалғандығын, сезім мен махаббат көрінісін асқан шеберлікпен «бейнемелегенін» неге айтпайды деген ой қорғасындай балқымалы жұмыр етте қылау беретіндігі жасырын емес-ті. Ендеше, біз жүгініп көрелік.
Күн – бикеш көкжиектен құлап кеткен,
Самал жел сыбырлайды құрақты өпкен.
Сүңгітіп тереңіне жұлдыздарды
Сықырлап қайнап жатыр бұлақ біткен.
Бұл Төлегеннің қауырсын қаламды балғын саусағына жаңа-жаңа қапсыра бастаған шағында жазған жыры. Сәйгүлікке шетенмен көмкеріліп, күміс моншақпен әбзелденген жабу жапқандай жарасымды ұйқас пен теңеулер арқылы жүрекке жетер жырынан қыл суырардай жік таппайсыз-ау. Мақтау не әсірелі әспеттеу емес. Нақ солай! Тапқыр теңеу, татымды тіркес! «Нар қамыс суылдаса жер бауырлап, бақалар тамсанады таңдай қағып...» – деп табиғаттың жарасымдылығын ақын жүрегімен аңғара білген Төлегеннің бұл тіркесі, бастапқы жырдың түйіні болатын. Осы тармақтар да суреттеудің хас шебері екендігін айғақтайды.
«Күн – бикеш көкжиекке құлап кеткен», – деп  ақшам мезгіліндегі табиғат көрінісін сипаттаған ақынның күз мезгілі жайлы жазылған жырына жүгініп көрелік:
Ұқсаған көктегі ай асқан шамға –
Аспанға бейне шоқтан басқан таңба.
Жұлдыздар жез шегедей жымыңдаған
Шашылған ақ шекердей дастарқанға.
Көк әуе – көзі қыздың москвалық,
Бұлт жатыр биік таудан жастық алып.
Қаңтардың қалшылдаған қатты аязы,
Барады тәнді үсітіп, тасты қарып.
Бұл жыр жолдары ақынның қаншалықты табиғат тілін меңгере білгендігін, танымы мен пайым көкжиегінің қаншалықты кең екенін танытады. Айды бірде асқан шамға, бірде басылған таңбаға теңесе, жұлдызды жез шегедей жымыңдатып, ақ шекер деп те бейнелеген. Әрине, «ақ шекердей» жарасымды теңеу таба отырып, «жез шегеге» не үшін соқтықты екен деген сауалдың туындайтыны да жасырын емес. Бірақ, бір затқа қос сипат бере отырып өлең өрнектеген ақындар қатары сирек екенін еске түсірер болсақ, сырбаз шайырдың бұл қылығын ағаттық деп санамаспыз. Ал, зеңгірді көк көзді москвалық қызға теңеудің астарында не жатқандығын зерделі оқырман жазбай таныры анық, одан да «Бұлт жатыр биік таудан жастық алып» деген тармаққа назар аударған жөн. Асқар шыңды жастық еткен шарбының бейнесін көз алдыңа алып келген бұл теңеу мен көңілге қуаныш сыйлаған тармақ адуынды ақын Мұқағалиды еріксіз еске түсіреді. Кезінде Төлегенді аға тұтып, рухани сабақтастық орнатқан М. Мақатаевтың поэзиясында «Мұз қатыпты бұлақтың жамбасына» деген тамаша теңеу бар.  Қос ақынның осы бір тармақтарын салыстыра келе олардың шын мәнінде рухани байланысы берік қаламгер бола білгенін аңдауға болады. Жалпы, бір ескере кететін дүние, Төлеген мен Мұқағалидың рухани сабақтастығы бір тармақпен ғана шектелмеген. Олардың поэзиясында тұтас бір өлең немесе шумақтар тамырлас, сарындас болып келеді. Оны қос ақынның шығармашылығынан хабардар оқырмандар баяғыда-ақ пайымдап қойған шығар, бәлкім!
    Омырауына отыз көктемнің гүлін тағынып, бақиға сапар шеккен Төлегеннің ғұмыры келте болғанымен, шығармашылығы ұзақ жасаған кейбіреулердің том-том кітабы арқалай алмаған жүкті көтерген. Ол он бес жылдан астам шығармашылық ғұмырында ел рухын көтерер жалынды жырлар қалдырды. Соның негізгілері табиғат пен адам арасындағы байланысқа құрылған, өмір шындығын айшықтаған туындылар. Дегенмен, Төлегенді бойындағы қазынасын түгелдей еліне беріп кетпеген ақын деп бағалайтындар жетерлік. Бұл жайлы сан құбыла айтылған пікірлер легін үздіксіз естіп келеміз. «Төлеген ұзақ жасағанда...» дейтіндердің асылық сөзі құдайын қаралағанмен бірдей емес пе?! Негізінен Төлеген бойындағы бар асылын еліне толық беріп кеткен, ақ-адал қалпында сақи дүниеден сапар шеккен ақын. Ол аз өмір сүрсе де данышпандарша ойланып, қарттарша қайғы жұтып, қам қыла білген. Оған:
 Еніп ек-ау өмірге ерке біздер,
Қанша қырда қалмады тентек іздер?
Жаңбыр кешіп қап кеткен он сегіздер,
Мен өлердей сағындым сенсеңіздер
Ей, аяулы он сегіздер! – деп тебіренуі дәлел. Немесе:
Күй ғой ол қанша тартса қайта тыңдар,
Қайта тыңдар күйлерден нәр татыңдар.
Жиырма бесін желпінбей айтатындар –
Бұл дүниеге босқа кеп қайтатындар, – деген жыры. Осы бір қос шумақтан сіз не байқадыңыз? Өткір ой, шымыр ұйқас, татымды тіркес пе? Жоқ, бұл жырдан отыз көктемнің жұпарын көкірегіне сіңдірген ақынның өмірге деген құштарлығын аңғару керек. Бар жоғы орда бұзар шақтың асуынан ғана асып барып, барзақ әлеміне бет қаратқан ақын қай жасында «он сегізін» аңсап, қай жасында «жиырма бесін» тойламастарға кіжінді екен?! Міне, ақын ғұмырының, шығармашылығының толысып-толыспауын, қаншалықты жақсы өткендігін осындай өлеңдер арқылы бағалау керек-ті.
Төлеген Айбергенов шығармашылығының өрісі кең. Ақын барлық тақырыпқа қалам тартқан. Оның басым көпшілігі өзінің тағдырын, танымын және бүгінгі қоғамға аса қажетті «мен» деген ерекше қасиетті танытар туындылар. Мәселен:
Мен болмасам аспан да емес аспаның,
Жұлдызына қарайды кім қызығып.
Орманыңа менің көзім сүзіліп,
Жапырағынан сорғалайды жүз үміт, – деп жырлаған «Табиғатпен бетпе-бет» өлеңінде ақын өзінсіз дүниені бос деп көрсете білген. Бір адамсыз ғұмыр сағаты тоқтап қалмайды. Бірақ онсыз дүние де ол үшін жоқ емес пе? Бұл жағынан келгенде Төлеген ақынның «Менің кеудем ерекше бір күй бағы, бұлбұлының бүлкілдеткен көмейін», – деп жырлауы заңдылық.
    Иә, әу баста сөз еткен бейнемелерден қашу жайлы әңгімемізді тағы бір мәрте санада жаңғыртар болсақ, Төлегеннің қолтаңбасы ерек екенін мойындаймыз. Ол әлем әдебиетінің алыптары шығармасымен сусындап, қазақтың қайталанбас талант-тақсырларымен рухани сабақтастық орнатқан. Соның жемісі ретінде өлмес шығармалардың шыңына байрақ тігіп, есімін өшпестей қашап кетті. Ол – табиғаттың перзенті. Ұлы анасына деген перзенттік сезімін ағыл да тегіл төксе, табиғат та өз жаратылысына сондай деңгейде қарай білген. Соның үшін Төлеген халық ақыны болып қалыптасқан.
Ең сұлу нұр саған менен тараған,
Мен болмасам көкірегіңе толар мұң.
Кешіре гөр жаратылыс жан анам,
Тентектікпен қатты айтқан да болармын, –  дейді алты Алаштың ардақты ақыны. Ақынға тән албырттықпен, арда қасиет, өршіл мінезбен қатты айтса бұл да бір қарағанда заңдылық емес пе?!
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.