Уақыт ұшып барады от қанатты

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 2626
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Мың сан ойдың, мың сан шұғыланың қосындысындай бірігіп, біртұтас жыр тудырған, сол өлмес өлеңімен елінің шөлін қандырған Әбділда Тәжібаевтың тақ тәжін Тәңірдің өзі тарту еткен. Талант иесі тек тіршіліктің ырғағы мен мақамына маңғаздықпен зейін салып, мүлгіген мөлдір әлемнен өзіне лайық сыр жиып, оны сырлап, қырнап туындыға айналдырған. Сол жауһар туындылары бүгінгінің әсерлі әңгімесіне, ғылыми толымды зерттеуіне жүк болып жатса, оны да ақын қуатының көрінісіне балап, жыр ғұмырының мәңгілік екендігін айрықша мойындаған жөн.

Тамыры бөбектің маңдайындай бүлкілдеген тіршіліктің алуан сырына құмартып, тамсанып, жан баласы сезінбес өзгеше күй үстінде небір ғажайып дүниені ой елегінен өткерер ақындардың пайым-тұжырымдары, өлеңдерінен көрініс табар сан баламалары кімді де болса ерекше әсерге бөлейтіні хақ. Бұл тек қазақ топырағына емес, жалпы әлем поэзиясына, поэзия жанрына ортақ даралық сипат. Ал Алаш ақындарының шығармашылығы жайлы салмақты ой айтар болсақ, Әбділда Тәжібайұлының қуат-күшін, дара стилін, қайталанбас қолтаңбаларын мөлдірете жазбай, шабыттана айтпай кетуді ар санайтынымыз да жасырын емес. 
Жарық дүние жылылығына тән қыздырып, балалықтың тәттілігіне тоймайтын шағында, жастайынан жетім қалған Әбділданың әкесі Тәжібайдың көп жылы жалшылықта өткен. Ақмешіт қаласында қора сыпырушы, одан кейін Шевков деген орыс оқытушысының ат айдаушысы болып қызмет етеді. Осы оқытушы Тәжібайға орысша хат танытады. Сол азын-аулақ хат білу себебінен Тәжібай кейін қала байларына жалдамалы қызмет істейтін приказчик болады. Әбділданың балалық шағы қалада, ата-ана бауырында өткенмен, алты жасында әкесі өліп, жетім қалады. Ендігі тәрбиесі анасы Айманкүлдің қарамағында болады. Алайда ғазиз жүректі ана өмірлік серігінен айырылғандықтан тұрмыстың тапшылығын тарта бастайды. Осылайша Айманкүл Сыр бойындағы нағашысы Далабайды паналайды. Негізінен өзегінен бала жаралмаған Далабай, жиені Айманкүлді бесігінен бауырына салып, бала қылып өсірген-ді. Оған әкесіндей тәрбие беріп, Бұхарада отыз жыл оқып қайтқан білікті молдадан хат танытады. Ананың алған білімі балаға дарып, Әбділда жастайынан шығыс шайырларының өткір өлең, өлмес шығармаларымен сусындап өседі. Шым-шытырық балалық шақтың әсерінен ол қасиетті қаламды серік етуді мұрат еткен.
Орта білім алу үшін талай сындарлы жолды еңсерген жас талант алғашқыда күнделікті іс пен науқандар жайлы бір-екі шумақтық өлеңді қолма-қол шығарып, оны баспа бетіне жолдап отырған. Үрдістің үлгі тұтар жерін қысқа қайырымды өлеңге арқау ете жүріп, өз оқырмандарын жинай білген ол, араға аттай жылдар салып поэзия атты жазиралы өріске еркін ат шалдырған. Лирикалық туындыларға ден қойып, бұтарланбас шығармаларды шырайлы да шынайы бедерлей бастаған.
Алғашқыда баспасөз бетінде жарық көрген тобықтай туындының өткірлігіне, шумақ пен ырғақ, ұйқас пен теңеуіне тәнті болған алдияр оқырман «Әбділда Тәжібаев» атты есімді айрықша сағынышпен газет-журнал жүзінен күтетін болған. Бұл аңсарлықтың ар жағында шын асылын оймақтай ой арқасында жазбай таныған жұрттың күреңбай-сыншылдығы жатса, бір қарағанда Әбділданың жыр ғұмырының ә дегеннен баянды басталғанын аңдауға негіз бар.
Аңсамаған күнім жоқ 
аңсарымды,
Тоқтатпадым жырыммен 
жар салуды.
Күнді аңсадым, 
Жұлдызды түнді аңсадым,
Ұмытпадым соларды 
қарсы алуды,
 – деп жырымен жар салған    Ә. Тәжібаев қазақ поэзиясының жарық жұлдызына айналды.
Бір қарағанда нұрлы аспанның көзді арбаған сан жұлдызының өзгеден айырмашылығы жоқтай көрінуі, нұры да, жарқырай жануы да, биіктігі де алабөтен айырмасыздай әсерге бөлейтіні заңдылық іспетті. Бірақ парасаттылықпен көз жіберсең миллиондаған зеңгір шырақтарының ішінде темірқазық, үркер, шолпан сынды Тәңірдің өзі ерекшелегендері бар. Сол секілді қазақ поэзия көгінде жарқырай танылған дарын иелерінің де өзге қаламдастарынан типтеп, жіктеп, даралап алар стильдік сипаты, дара даңғылы сайрап жатыр. Оларды Абайдың даналығы, Мағжанның лирикалық жырлары, Мұқағали, Қадыр, Тұманбайлардың өмір жайлы философиялық толғамдары меншіксіз махаббаттан туған мөлдір дүниелері сынды, Әбділданың да өзіндік бағыты болды. Оның қалам қуатын сол лирикалық сипаттағы сұлу жырларынан аңдауға болады.
Әбділда Тәжібаев есімімен жіті таныс зейіні зеңгір оқырмандардың барлығы дерлік, оның сыршылдығын құптамай кетуі мүмкін емес. Рауғаштың бұрқ еткен балауса иісіндей Әбділда өлеңінің өзегінен лирикалық жұпар аңқып тұрады. Оқыған сайын иіс алған құмарпаздай айызыңды қандырар сол өзгешелігі ақынды өз ортасында, сонау өткен ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ мойындатқан. Көктемде дүр етіп бүрлеген тіршіліктей балауса жырларының өзі шайырдың шын талантқа ие екенін сол бір кезде қалың оқырман қуаттай түскенін біз түгілі Әуезовтің өзі әуелете айтып кеткен-ді.
Көктем сайын көк балауса 
орам деп,
Махаббаттың шырын 
балын сорам деп.
Өлмес атақ, даңққа 
айналып қалам деп,
...Оның бәрі қиял екен, 
түсіндім.
Өлшеу керек ең әуелі 
күшіңді, 
– деп адам арманының ақық көрінісін мөлдірете жеткізіп, ең соңында сақи ғұмырдағы тәтті болып көрінген дүниенің бәрі өлшеулі күшке тәуелді, бос нәрсе екенін философиялық тұжырым, түбі түпсіз теңеу арқылы емес, қазақы қарапайым ұғым арқылы айшықтаған ақынның қазақ оқырмандарына қалдырған мұрасы да шексіз. Тек байыпты байлам, терең тұжырым жасайтын сыншылдық қана керек, алдияр оқырманға.
Иә, ақын ғұмыры, оның шығармашылық жолы, халыққа танылуы кімді де болса қызықтырар, елітіп алар, баурап-матар дүние екені рас. Ал, бұл тұрғыда біз өзек етіп отырған өр тұлғаның ғұмырбаяндық хамсасы өлеңмен өрілген. Әрбір шығармасының басты кейіпкері ретінде өзін қойып, қоғамдық қасіреттерді өз жүрегінің сырқатты болуымен суреттеген. Сөйтіп отырып қара бастың қапалы шағынан гөрі, халықтың мұңлы да ауыр тіршілігін аса көркем дәрежеде айшықтай білген. Бұл көптің қолынан келер дүние емес. Ақын өзін жырлап отырып, өз пайымының шеңберінен, өз тағдырының көрінісінен алыстай алмай қалатын жағдаяттар поэзия әлемінде жиі ұшырасады. Ондайлар бір өзін танытуды мансұқ тұтқан қаламгердей көрініп қалады. Алайда астарында ақындық көзқарасының қоғамға кереғар екенін көрсетті, халықтың мұңы – ақынның шері, жұрттың қайғысы – ақынның қасіреті екенін сездіру жатады. Бұл тұрғыда жан дүниесінің шұғыласы мен күреңіткен көлеңкелі тұсын сездіру арқылы елдікті толғап отырғанын айшықтауда Әбділда Тәжібаев аса жемісті еңбек ете білген.
Уақыт ұшып барады от 
қанатты,
Жақындатып жырақтан 
болашақты.
Кәрі ойлайды бүгінге 
берешекті,
Жас ойлайды ертеңнен 
алашақты, 
– деген жыр жолдары көңіл төрінен еріксіз орын алар мөлдір туынды. Неткен ғажап сөз. Боямасыз шындық. Көркемдігі келісті тармақтар. От қанатты құстай зырлаған уақыт арманға толы аттай жылдарыңды әу дегенде дәргейіңе келтірер. Бұл заңдылық. Ал жасы жеткен ақылды адамның ойлайтыны «халыққа не бердім, осы ғұмырымда ұрпағыма қалдырар қандай мұра жинадым» деген ақеділ ой емес пе? Жас ше? Бүрлеген балауса өскіндей өмірінің алғы беттерінен ол өзіне алар дүниені аңсамай ма? Бай болсам, бағлан күйін кешсем, ғылымда із қалдырсам, елге танылып, халық алқалаған азамат қатарына қосылсам деген тәтті қиялдарға берілмей ме?! Қарап отырсаң осындай заңды көзқарастарды қазақ поэзиясындағы ғажайып ақын «Кәрі ойлайды бүгінге берешекті, жас ойлайды ертеңнен алашақты», – деп әдемі кестелей білген. Бұл да ақын шығармашылығындағы атап өтер жемісті туынды.
Сан салалы өмірдің түрлі соқпағынан адам баласының танып білері, алары, жияр білімі жетерлік. Оның бәрін жүйелі жазып, құпиясын қанықты етіп бедерлей көптің еншісіне тие бермес ерекше сый болса керек. Ал ақын деген ерекше жаратылыс сол түрлі ұғымдарды жырлары арқылы тарқатып берер өмірдің барометрі, түстіктер энциклопедиясы іспетті. Бұл тұрғыда адамды сүю, оның ерен еңбегін қадірлеу, сол арқылы тіршілік тінін, бейбітшілік бесігін әлдилдей сөзге сүйеу ету, оны ағыл-тегіл жырлау – Әбділда лирикасының басты литмотиві десек қате емес. Мәселен, ақын сүйріктей саусағына қалам қапсырған бір мезгілінде:
Күндіз мен күн боп,
Сәулеге демде айналдым, 
Ішінде жүрмін
Жап-жарық жылы 
ойлардың.
Әлемде шек жоқ,
Күн жарығында тоқтам жоқ,
Барлық шұғыласын
Тірлікке ғана арнайды ол.
Батқанша күнім,
Жүземін алтын сәуледе.
Түскенше түнім,
Алданар мен жоқ әуреге.
...Жасасын жарық,
Жасасын нұрлы сәулелер, 
– деп толғаныпты. Бұл да зейінмен зер салған адамға сол уақыттың ұршығында шыр айналған жан баласының ішкі тебіренісін танытар, алдамшы ғұмыр жемісіне масаттанбауға шақырар лирикалық туынды емес пе?! 
Теңізім – өмір,
Өмірім түпсіз теңіздей.
Қалмайды мүлдем
Теңізде тіпті көп іздер.
Ал мен ше?
Бұрқанып кейде
Көк дүлей болып 
тулаймын.
Тәңірмен тектес
Тау толқындармен егіздей. 

Иә, тау толқындармен егіздей көрінген Ә. Тәжібаевтың саналы ғұмырын сараптап, шығармашылығына салмақты ой жіберер болсақ, оның әрбір туындысынан елге, өмір мен жарық күнге деген шексіз махаббатты танимыз. Танып отырып ақын қуатын, шығармашылық әлеуетін тіпті еселей түсер жыр жолдарын қатар-қатар тізбелей түсуге ұмтыласың. Бірақ, елім ақын деп танып қойған талант иесіне халықтан асқан бағаны бере алмайтыныңды да жақсы ұғынасың. Өйткені лирикалық туындының хас шебері болған ақынды, дара драматург, сыншы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбділда Тәжібаевты онсыз да қасиетті қазақ елінің қаз басқан баласына дейін жақсы біледі, жете таниды. Танымасқа таныту игі іс болғанымен, танитынға тәптіштеп айту ақымақтық болар. Ал біздің көздегеніміз, ақынды тағы бір мәрте оқырман назарына салып, шаң басқан кітабын тағы да парасаттылықпен оқи түссе деген ойдың нышаны ғана...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ