ЖҰМАҒҰЛ-ШОРА

Уақыты: 07.01.2019
Оқылды: 1988
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ
   Абажадай кең бөлмеге қырау шашты академик кіріп келгенде алғашқы сабаққа ерте жиналған студенттер бұта астынан дүр етіп үріккен торғайдай тобынан ыдырап барып өз орындарына жайғасты. Бір бұрышта қызу әңгімеге кірісіп кеткен білімгерлердің тұрысы таңдандырды ма, академик сұсты жанарымен әрқайсысын шолып шықты. Бірақ, жақ ашпады. Салмақты жүріспен әр қадамын нық басып келді де өз «меншігіндегі» орынға жайғасар-жайғаспастан ескілеу қоңыр сөмкесіне қол жүгіртті. Қатар оқып жатқан студенттерден «аса қатал, талапшыл» дегенді естіп алған біздер академиктің қыраудай шашынан бастап, қоңыр туфлиіне дейін тінте қарап, әр қимылын қалт жібермей бақылауға кірістік... Өлі тыныштық. Сол тыныштықты қоңыр сөмкеден шыққан кітап бетінің парақталған нәзік үні ғана бұзып тұрды. Айбарлы академиктің аузынан сол сәтте жалғыз «Жұматай Жақыпбаев» деген сөзді естідік.
 
   «Ол кім, не қылған тұлға, қандай жан?» деген сауал шалғайдан келген курстастардың санасында болған шығар, алайда жетісулықтар үшін бұл есім таңсық емес-тін. Солай ойлағанбыз. Соған сеніп те жүргенбіз. Алайда академик дәрісінен кейін білгішсінген көңілімізге күдік кіріп, жастыққа тән «данышпандық» көзқарасымыздың тас-талқаны шықты.
   «Мәхәббат жайлы сөз қозғалғанда  арқаны кеңге салып көсілуге болатын екі ақын бар. Бірі –  Мағжан. Екіншісі – Жұматай. Сендер үшін Мәхәббат деген аруды құшу, ақ білекті аялай ұстау, тостағандай көзден шөпілдету ме? Ләйла, сен қалай ойлайсың?», – деп алдыңғы қатарда отырған қыздың қамаутерін бір алды. Тосаң әрі ұятты сауал тастаған академик ересек көзқарастағылар ғой деп осылай дегенмен артынша өзі жауап берді. «Кешіріңдер, қарақтарым, мәхәббат деген «мен болмасам болмайын, сен аман бол» деген көзқараста жатыр. Бұл жағынан келгенде сүйгеніне зәредей қатты сөз арнамаған Жұматай шыңыраудан қарағандағы шың емес пе?!» – деген-ді.
   Иә, содан бері аттай жыл өтті. Қазыналы ескілеу қоңыр сөмке де, қырау шашты академик те университетте қалды. Бірақ сол сұңғыла ұстаздың түбін тапқан шегедей шымыр да өткір ойлары санада жаңғырып жүр. Біз де ұстаздың ең алғашқы сөзіндей «Жұматай Жақыпбаев» деп күбірлеп, үнсіз тамсанатынды шығардық...
   Негізінен Жұматай лава тасқыны жылына бір лықсып тұратын жанартаудай жаратылыс екендігіне соңғы жылдары ғана көз жеткізгендейміз. Сіз емес, біз! Оны халық әу баста талант толқыны қуатты ақын деп мойындап қойған-ды. Ал әдебиеттің күреңбай-сыншысы Сағат Әшімбаев: «Бір ай жыр жазып, оны бір жыл насихаттайды», – деп әдемі-ақ атап өткен. Рас қой, Жұматай өлеңді аз жазатын. Бұл тұрғыда Ғабит Мүсіреповтың «Мен аз жаздым, аз жазсам да саз жаздым», – деген пікірі ойға оралады. Ғабең айтпақшы, Жұматай да саз жазған сырбаз қаламгер. 
Зау биікте самсаған сан жұлдыздың ішінде Жұматай шырағының жарқырауы бөлектеу көрінеді. Қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғалары санатындағы ақынның әр жыры жылдарға жүк болатын шынайы шығармашылықтың бал тұмбасынан сүзілген мөлдір дүние емес пе?! Сондықтан да орайы келгенде жанды жадыратқан жазбалары жөнінде үшбу ойдың үш бас өрімін салалап тарқатуды жөн санағанымыз да жасырын емес.
Бір күлермін ғарыш жаққа
                             кетерде, 
Көп кещеге қай бетіммен
                         кектенем?
Бізге бақтың қолы бүгін
                       жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген? – деп  толғанған шайырдың шығармашылық ғұмыры баянды. Жемісі мол төгілген ағаштай мәуелі. Саялы. Нобель сыйлығының иегері Габриэл Гарсиа Маркестің: «Өмірдегі қателіктен әдебиеттегі қателік адамзат үшін қауіпті» деген пікірі бар. Неткен көркем тұжырым десеңізші. Сіз әр басқан қадамы кері кеткен бейбақ болсаңыз, сол қателіктердің орнын толтыру үшін табиғат берген күшті сарп ете жүріп алға ұмтыласыз: әрбір күнәлі де кінәлі әрекеттеріңізді жақсылыққа айналдырып, түнектен шуаққа ұмтыласыз: шыдам, тағаттың жеткенінше сүрінуден құтылуға тырысасыз. Осылайша өмірде жіберген есені еселеп қайтарасыз. Ал әдебиетте жіберген, шығармашылық үстіндегі өз еркіңізбен бұзған жүйені қалай өңдеп, оңалта аласыз? Қиын сауал. Сол қателігіңізден, әдеби жасандылық пен жаңсақтықтың салдарынан мыңдаған оқырманды кері жолға жүгіндіресіз. Мұның бәрін жаны жабырқай ұғындырғысы келген колумбиялық қаламгер екі қайырым сөйлеммен ойын тиянақтапты. Ал осы жағынан қарағанда біз әңгіме еткен ақынның шыншылдығына, шығармашылығындағы шынайылыққа жүрекпен құлай берілетініңіз жасырын емес.
   Ж. Жақыпбаев ғажайып шығарма иесі. Мұны қадау-қадау қабырғалы туындыларынан-ақ ұғынуға негіз бар. Алайда ойлы оқырманнан шығармашылық қасиетке иелігімен дараланып жүрген кейбір қаламдастардың пікіріне қарағанда ақынның алакөлеңкедей сананы түрлі ой жетегіне сүйрейтін туындылары жоқ емес екен. Мәселен, ә дегенде тілге тиек еткен «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде» деген өлеңі. Бұл туындыда мынадай шумақ бар:
Байлық менің тие алмайды
                           жыныма,
Құдайсызға керегі не пітірдің?
Мені егер де көзге ілмесе
                                  құбыла,
Онда мен де құбылаға
                              түкірдім. 
   Осы бір жыр жолдарынан логикалық қателік көріп тұрсыз ба? Шамдану мен шамырқанудан туған пенделік ыза-кектің кесек көрінісі де байқалмайды. Ал қаламдастар мұны: «Құбылаға түкіретіндей Жұматай жаратушысынан сонша жырақтап кеткен бе? Дінді діңгегім деп білген бабаларымыз мәйітті құбылаға қаратып жерлеп, құлшылығын сол тұсты бағдар етіп өтемей ме?! Ұйқы құшағында болса да қасиетті беткейге аяқ қаратып тынықпаған. Ал ақынымыз болса күпірілікке барған», – деп топшылаған. Өлеңнің түпкі төркініне, тереңдігіне бара алмау деп осыны айтса керек. Әйтпесе тұрқы мен ғұрпы имани әлемнен бастау алған әрбір дін мұсылман баласы құбылаға қарата түкіріп көрген емес. Ақын бұл жыр шумағы арқылы Тәңірі жүрекке мейірім мен махаббат, иман салмаса, пенденің ышқынғанынан пайда жоқ екендігін әдеби астармен көркемдеп жеткізген. Жаратушы жарылқамаса жаратылғанның ізгілікке беттеуі мүмкін еместігі, оң жолына бастарлық парасат бермесе, онда дін жолын жан баласы пысқырмайтындығы, Абайша айтқанда, «малша отап, малғұнша күнелтіп» жүре беретіндігі сөз болған. Сондықтан да салғырттық пен түсінбестік немесе ой бұлыңғырлығы көп жағдайда ақыннан емес, сол жырды оқығандардан кететінін қаперде ұстаған ләзім.
    Толстойдың мақаласын оқыған адамға әдебиет оңайламақ түгілі, тіпті қиындап кетеді деген сарында орамды ой айтқан кешегі И. Эренбургтың шығармашылдыққа деген құмары және кімде бар? Қай адам өзін әдебиетсіз елестете алмайды? Ішері де, сарқа таусары да кіл қазына көмкерілген кітап атты ұлы мұхит болған, дәл соған арагідік бас қойып жүрген кім бар?! Сауалдар көп-ау, нақты кейіпкер табу қиын. Адамды надандықтан алыс ұстайтын кітап екенін Шер-аға – Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние...» деп өкіне отырып ескертпеп пе еді?! Бүгінгі қоғамда оқырман санының кеңестік заманға қарағанда күрт кеміп кеткені өзекті тақырыптың біріне айналды. Е, мейлі! Әркім өзінше оқыр, керегінше ізденер. Қажетінше білім жинар. Оған мемлекеттік жүйе жүрмейді. Бірақ ұлы шығармалар ешқашан күресінде қалмайтынын да қаперімізде сақтайық. Бұл тұрғыда Жұматай жырларының ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақ санасымен бірге көше беретіндігіне бек сенімдіміз. Ал Эренбургтың пайымындай, Жұматай жырларын оқыған адам да поэзияның күрделі жанр екендігін ұғынбасқа шарасы қалмайтындай көрінеді. 
Сен барсың, бар болса егер
                    Жерде күнгей,
Күнгейдің гүлдерінің
                            еңбегіндей.
Барсың сен:
Сенем саған филиппиндік,
Хеммерге арулардың сенгеніндей, – деп поэзияның бар екеніне, оның ғұмыры мәңгілік екеніне сенген Жұматай Жақыпбаев азат ойлы азамат ақын. Жыры дарынды, өзі арынды, ойы шалымды қаламгерлердей емес, ол адамның адами қасиеті өз қара басынан гөрі, өзгенің жоғын жоқтасуға бейіл болатындығын ұғынған, сол жолда барын сала білген шайыр дүр. Сондықтан да болар, қаба жалды күліктей сұлу тұрпаты, тұлғасы көзге жылы ұшырап, жазбалары жанды баурай түседі. Адами қасиетті қалыптастыруға негіз болатындай әсерге бөлейді.
Хош, таң қылау берсе түстік асына дейін қам қылатын, сәскеге жетсе сәрісіне асығатын көнекөз қарттардай алыстан қия тартып отыз сөйлемді  бір отырысқа жүк болар әңгімеге айналдырудан бойды аулақ ұсталық. Тура айтсақ ғұн Жұмағұл-Шора ғұмыры мен шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі алар орны ерек. 
Шығармашылық көкжиектегі ой жұтаңдығы, теңеулердің әсіре қызыл бояу арқылы мазмұнды күреукелейтіні немесе көркемдік шеберліктің жер бауырлап қалған олқы тұстары әдебиетте жиі ұшырасады. Бұл орайда қиқым да қалдырмай жиыстырып отыратын кірпияз ұсталардай өз ісіне, шығармасына аса мұқият қарайтын Жұматай шайырдың шоқтығы биік саналады. Ол әрбір жырында тосын да ғажап теңеулерге иек артып, өлең құдіретін зәу биіктен көрсете түскен. Сөзді қуатты, ойды шуақты ету үшін ақынның бір ғана «Жабайы кептерлер» атты өлеңін алға тартып көрелік. Сегіз шумақтан тұратын осы жырда мынандай ғажайып баламалы тармақтар бар:
...Жаласа жерді бұлттардың күлгін тілдері.
      ***
Құс кебін киген көк жасыл перілер-сынды.
              ***
Ақ малта қойын көк қойнау тағы да ақтарды.
             ***
Бір ішегі жоқ шанақтай мүсәпірленем.
    Міне, ақын танымының көкжиекпен астасқандай зау биіктен басталатын тұсы. Парасатының ғылыми өлшеммен алғанда теңіз деңгейінен де тереңде жатқандығының көрінісі. Қазақта ақын көп. Сол сан ақынның өзіндік танымы, талғамы бар. Шығармашылығының сырлы бояуындай көрінетін өзіндік дара стиліне тән теңеу, баламалары да жетерлік. Бірақ, қай ақын себездеп жайған жауынды «Жаласа жерді бұлттардың күлгін тілдері», өрістеген малды дастарқанға шашылған ақ малтадай көріп «Ақ малта қойын көк қойнау тағы да ақтарды», – деп әдемі теңеумен әспеттеп еді?! Ғажайып бояу емес пе?! Сол ғаламат дүниелерді тарқата келе тағы да: «Жүрексініп айтып тұрмын мұны мен, мылқаулардың мидай сөйлер тілімен», «Шын қасірет – бақытқа ұқсас адамнан, ит жейдені сәл ертерек тоздыру», «Балықшы шабақ сүзбеген, балдырлы судан айды іле, Шилі өзен жақта қызбенен, шүрегей түссе бәйгеге» немесе «Жүрегімнің көзін талай жас жуды, ойсыраған орманындай түбірдің» сынды керім ойдың кербез көріністері көз алдыңды нұрландырып, кеудеңе шұғыла себеді. Содан да барып әлгі айтқан академик ұстазымыздай «Жұматай Жақыпбаев» деп тамсанудан шаршамаймыз.
Лирик ақын Жұматай Жақыпбаев шығармашылығының негізгі бір бөлшегі махаббат тақырыбына арналған десек те, оның тарихи туындылары да жетерлік. Оны қатарлас қаламгерлері айрықша бағалаған. Сондықтан да болар, кейбір зиялы қауым аузынан ақын білім көкжиегіндегі өзіне мәлім ақпарларды толығыман еліне беріп кете алмады деген сарындағы ой-тұжырымдарды жиі естиміз. Бірақ бұған иланудың қаншалықты дұрыс екені белгісіз. Өйткені әрбір адам жазмышындағы атқарылар тірлікті түгесіп барып өмірден озады емес пе?! Ендеше сыршыл ақын да өз қазынасын толықтай елге беріп кетті деген сөз. 
Дахлияның суы ащы, шұбаты
                                балдай,
Жорыққа мінсең жалтарғыш
                    құр аты қандай.
Қылышы өткір ұлыстың
                        қызы да өткір,
Сүймейді сені алдымен жылатып алмай, – деп ғұндардың тұрқы мен ғұрпын, сақтардың салтын, жалпы бабаларымыздың басқан жерін, сара ізін өрлікпен өлеңге арқау еткен ақынның тарих жайлы толғаныстары ғажайып деңгейде бедерленген. Ұрпақтың да, ұлттың да рухын бекемдейтін сол біртұтас шығармаларына қарап шайырдың тарихи зердесінің кең екенін байыптауға негіз бар. 
Өзені өлең айтқан тыныс
                               үнмен,
Бабамның тері тамып, қаны
                                сіңген.
Түбінде әр тасының айқас
                               өткен,
Өлкемнің шығарсам-ау дабысын мен, – деп азаматтық ойдың ұшығын шығарған Жұматай Жақыпбаев өз сөзінде тұра білген ақын. Көкірегіне ұялаған ұлы мұратты әлдилеп, ақындық қуатымен тарихымызды тасқа өлеңмен қашап қалдырғаны соңында қалған кітаптардағы жалынды, рухты жырлармен куәланған. Сол үшін де заңғар көрінетіні, соның үшін асқақ тұтылатыны да жасырын емес-ау.
Иә, жыр қағаны атанып, талай дарынды азаматтардың шығармашылығына мейлінше оң әсер еткен шайырдың тарих жайлы толғаныстары, аңыз-әфсаналар арқау болған туындылары, өмір, қоғам, сезім, іңкәрлік және ізгілік жайлы ғажайып өлеңдері оқырманмен қауышқан. Ол шығармашылық ғұмырында барлық тақырыпты ашып жазып, айрықша бедерлеп кетті. Сол қатарда оның махаббат жайлы толғаныстары көңілді көкжиекпен астастырардай деңгейде хат болып қатталып қалғаны жасырын емес. Бір ғана «Ләйлә» тақырыбындағы топтамалары бүгінгілердің аңыз қылып айтар мөлдір дүниесіне айналып кетті.
Бейнең сенің өңге бір, түсте 
                             бір кеп, 
Диуаналық жолдарға түскенім көп, – деп Ләйлаға деген сағыныш, аңсар сезімдерін ашық айтып, сол жолда қажыған, шаршаған өңмен тірлік кешкенін бұл жыр жолдарымен жіті таныс әрбір оқырман пайымдаса керек. Ал оның қайырылмас қалқасына деген айырылмас сезімінің түпкі мәніне зейінмен зер салып, ақын парасатын айқын ұғынған оқырман қатары соншалық көп пе екен деген сауал да санада жылт ете қалатынын осы орайда айтпай кетуге болмас. Сол парасаттылығына иықтаса алмағандықтан да шығар, тек «Ләйлә» деп өткен ақын деген жорамалға барып, жеке өміріне үңілуге тырысып, «аңсарындағы ару қайтты екен, бұл жырларды оқығанда қандай күй кешті екен?» – деген өткінші ойдың ұшығымен бас ауыртатындар көп. Одан гөрі ақын мәңгілік тақырыпты мәнді қылып қаузағандығын жыр қылған жөн. Өткінші ой демекші, профессионалдық сыншылдық кенжелеп қалды деген қазіргі уақытта қаламгерлердің де мәнді тақырып, ғұмырлық шығармаға арқау болар кейіпкер іздеп жүргенін жасыра алмаймыз. Кімді жазуға болады, туындыға арқау болар қандай тұлға бар деген бас ауыртар жағдаят туындаған мезгіл қарап отырсақ, бүгін ғана емес, кешегілердің де халі қазіргі қаламгерлердей болған. Мәселен, өткен ғасырда директор, бухгалтер, ауылнай мен саудагердің «түкірігі түйме алтын» болып тұрғандығы жайлы көптеген шығармада көтеріліп, ондайлардың елге әкіреңдеуі, жел етекті көтергіш келуі сынды сипаттағы дүниелері кейіпкер психологиясын ашудағы таптырмас элемент болды ғой. Қазір солар қайда қалды? Кешегі директор не бухгалтердің айбыны бүгін бар ма? Әрине, жоқ! Заман ағымына қарай билік те өзге тұлғаға өтеді. Кешегі шолақ белсенділердің әмірі бүгінгілерге жүрмейді. ХХІ ғасырды суреттей келе кешегі ауылнай портретін, оның психологиясын шығармаға түсіре аласыз ба? Күлкілі емес пе?! Әдеби кейіпкер де, тақырып та өткінші болатыны сондықтан. Ал мәңгілік тақырыптың жөні басқа. Бұл жағынан алсаң әрбір қаламгер шығармашылық ғұмырында өткінші жағдаяттардан гөрі мәнді де мәңгі дүниелерге ұмтылғаны жөн. «Ләйлә» тақырыбындағы ғазалдар да сол секілді, мәңгілік жазба. Сондықтан да Жұматайдың айбыны асқақ, мерейі үстем!
   Нәзіктікке құрылған махаббат тақырыбындағы шығармалар көпшіліктің сүйіп оқитын, ынтыға іздейтін, құмарта бас қоятын тұсы. Ал нәзіктікке дөрекілік жүре ме? Біздің әдебиеттегі қос ғасыр поэзиясына шолу жасасаңыз, қызға наз айтқан немесе қылығынан қажыған шайырдың шамданудың салдарынан кейіпкерін тілдеп немесе жазғыра сөгіп алатын тұстары жиі кездеседі. Ал ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде таныла бастаған ақындардың бір бөлігі қолы жетпеген аңсарын аямай «сыбап» алатынды шығарған. Бұл өміршең әрі нәзік тақырып болып саналатын махаббатқа арналған жырларды көркемдік деңгейінен шарықтата түседі деп ойлайсыз ба? Гәп осында! Мүлдем олай емес. Ғашығын жазғыра жырға қосу ақынның төменге құлдилауы болса керек. Бұл жағынан алғанда бір ғана Жұматай Жақыпбаевтан алатын дүниеміз, сабақ, тағылым көп-ақ. Өйткені ол аңсарындағы аруға зәредей тосын да тұрпайы теңеу арнамаған. Керісінше, әженің кәлимасындағы «Лә-иллә-һа» сөзінен «Ләйлә» есімін қиыстырып болса да орынды жеткізе білген. 
Сүт иісің бұрқырап, 
Жүлгеше ерке жүр кейін.
Жүрегімді жыртып ап,
Кебісіңді сүртейін,  – дейді ақын «Ғосақ ғазалдары»  атты циклді жырында. Неткен үйлесімді әрі нәзік теңеу десеңізші. Жаным, айым, күнім деп басталатын шұбалаңқы еркелетулерді жыр жолдарынан оқи-оқи, ерлі-зайыптылардың күнделікті қолданыстағы сөзіне айналған таптауырын «жылы лебізінен» бөлектеу бұл баламаға дән риза болғанымыз бар. Сүйгенін ақыны сірә осылай асқақтатса керек-ті. Ал шындығына келсек мұндай сөзді, теңеуді бір айтса Жұматай Жақыпбаевтың ғана айтатыны да әрбір алдияр оқырманның іштей мойындайтын ақиқаты екені де жасырын емес...
    Жылына сан өзгерер, ауласы абаттандыру жұмысынан сан түрленер университет те жол үстінен бір қарап өтер нысанға айналды. Ал академик бас қаладан баспана сайлап, таяу жылдары қонысын Сарыарқа төсіне аударған. Қонысын өзгертсе де көңіліміздің жайлауында әз бейнесі сағымданып, тағылымды ойлары жаңғырып жүретін болды. Оған да шүкір! Сол академиктің іштей тамсанар ақыны жайлы үшбу ойдың үш бас өрімін ширату үстінде санаға «Сірә, академиктей Жұматайды түсініп, шығармасына дендей алдым ба?» деген сауал оралды. Хош, шабыты қысқан бір мезгілде:
Кебенекпен жүргенді
             керексізге жорыма,
Айтқаныңды қосайын 
              ақыл-естің қорына.
Майданнан соң иесін әзер
                тапқан ордендей,
Ақындарға абырой оралады соңында, – деп жырлаған өз танымымдағы Жұмағұл-Шора – Зейноллаша айтқанда, «менің Жұматайым» осындай-дүр. Ал қырау шашты академигімнің танымы – өзіне олжа. Оған бәлендей қызығушылығым жоқ, тек кеудемде алқызыл гүл ұсынардай алғыс сезімі ғана бар-ды...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.