​​​​​​​ЕЛБАСЫН ЕЛЖІРЕТКЕН ҚЫЗ

Уақыты: 14.05.2019
Оқылды: 2442
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Аспантаудың аясында туған қыз. Бұл – Мақпал. Мақпал десе, қазір халықтың көкейіне өлең келеді. Өлең болғанда қандай? Сыршыл, нәзік, жүрек тебірентер, мұңлы да әуезді жырлар. Құлақ түрген жанның көңілін толқытатын, сенімін серпілтетін, ұлттың бозжусан бейнесін көз алдыңа әкелетін қасиетке ие. Сонысымен де Елбасын елжіретті емес пе? Экранға көз тіккен қараша сол сәтте «қарашығы қара өлеңге толған қыздың» дарынына іштей риза болысқан. Біз де әріптесімізді мақтаныш етумен келеміз.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі». Осы бір жасампаз жобаның арқасында елі үшін жан аямай еңбек еткен азаматтардың есімі танылды. Ерлігі еленді. Мынау ұлан-ғайыр даланың келбетін көктем, даңқын үстем етсем деген жансебіл жандар қоспасыз қошемет арқалады. Ұлт Көшбасшысымен жүздесті. Армандарын ақиқатқа айналдырды. Үлкен баспалдақтарға үміт жалғаған өздеріндей жастарға сенім сыйлады. Елді сүюдің өзіндік формуласын көрсетті. Бұл бастаманың бастауы қайда жатыр? «100 жаңа есім» – бұл жүз жаңа үміт. Ұлттық болмысымыздың ұстыны. Келешегіміздің алтын көпірі. Мұның бәрін Елбасымыз асқақ оймен пайымдап отыр. Қоғам соларға қарап бой түзесе, жеңіске ұмтылса деген мақсат бар.

Мұны неге айтып жатырмыз? Сол 100 есімнің ішінде жерлесіміз әрі әріптесіміз ақын Мақпал Тәжмағамбетова да бар. Өлең десе, ішкен асын жерге қоятын жетісулық жүйріктің жеңісі әдебиеттің үлкен олжасы болды. Олай дейтініміз, ол тұғырға бұған дейін ақындардың тізімі ілікпеген еді. Мақпал бұл санатта алғашқы. Әрі сол мінбеге көтерілуге бейіл әдебиетке әуес жастарға есік бола білуімен есте қалмақ.

Астана төрінде асқақ жырымен Алаш жұртын тебіренткен Мақпал Мыса жерлестерімен кездесті. Облыстық Сәкен Сейфулин атындағы әмбебап кітапханасында ақынның «Мақпалдың мөлдір жырлары» атты кеші өтті.

Шараға аймақтағы әдебиеттің қазанынан дәм татқан игі-жақсылардың бәрі жиналды. Жиынды Қазақстан Республикасының Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, белгілі ақын Ерлан Жүніс жүргізді. Ол алдымен кеш иесіне кеңінен тоқтала келіп, ақынның бүгінгі бағындырған белестерінен замандасы ретінде үлкен баға берді. Ары қарай кеш иесінің Елбасымен жолыққан сәтінен бейнеүзінді көрсетілді. Сондай-ақ «Мизам» әдеби клубының мүшелері ақынның өлеңдерінен әдеби пролог жасады.

Жиында Халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, ақын Қуат Қайранбаев сөз алып, жерлесіміздің жеткен жетістігіне аға буын атынан ризашылығын білдірді. Ақжарма тілектен соң, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ профессоры Сайлау Қожағұлов ақынның өлеңдеріне талдау жасап, ерекшелігіне тоқталды. Ал қаламдас достары арнау өлеңдерін оқып, жырмен тілегін жеткізді.

Ізгі лепестердің тізбегін ақынның жас оқырмандарымен сыр-сұхбаты жалғады. Олар өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, поэзия хақында әңгіме өрбітті. Әсерлі сыр-сұхбаттан кейін Мақпал Тәжмағамбетова ортаға шығып, көпшілікке ризашылығын білдірді.

– Өзім тауда өскендіктен болар, биіктік, тереңдік, кеңдік дегенді білеміз. Ақындықты жалпы  мен тағдыр деп ұғамын. Өлең де тылсым  дүние. Қашан келіп, қашан көңіліңе қонарын  өзің де білмейсің. Ешбір таққа да, баққа да айырбасталмайтын қасиет  – өлең. Сіздердің риясыз пейілдеріңіз менің өнеріме берген үлкен баға деп білемін, – дей келе, ілтипатын өлеңмен жеткізді.

Кездесу соңында қонақтар ақынға сыйлықтар табыстап, естелік суретке түсті. Біз құшағы гүлге толған ақын қызға көрсетілген қошемет алдағы үлкен жетістіктердің бастамасы ғана болсын деген ізгі тілегімізді білдіріп, тарқастық.

Мұхтар КҮМІСБЕК