Ілияс ЖАНСҮГІРОВ-125: АТОЙЛАП ЖАТЫР ҰРПАҒЫҢ

Уақыты: 29.05.2019
Оқылды: 2297
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Арғымақ жырдың арыны,
Күмбірлеп шығып бар үні. 
Алаулап жүрек жалыны, 
Күбірлеп дала сарыны.
Шалқыған шақта дарыны,
Зұлматтың 
    қысты-ау қарымы.

Жырының ұқпай мәнісін,
Тергеуге алып әр ісін.
Күрескен ерді ары үшін,
Аяққа таптап намысын.
Қасірет мұңға батырды-ау,
Алаштың ардақ арысын.

Ілияс, Сәкен, Бейімбет
Жасауға қастық бейім деп. 
Қаһарын төгіп айбаттап,
Тексермей істі зейіндеп.
Жаланы жауып ғайбаттап,
Қазақтың құртты-ау 
        дөйін көп.

Шындықты балар жасынға,
Дүмбілез ойлы басырға.
Кезігіп топас тасырға,
Ұласып ылаң насырға.
Опасыз ғұмыр кешірді-ау,
Құлагер ақын –  асылға.

Қадір де тұтпай ғұрпымды,
Түбіттей түтіп жұртымды.
Қынадай жайрап қырқылды,
Кірлемей жаға жыртылды.
Заман да заман, заман-ай,
Бұздың-ау, бұздың шырқымды! 

Арда ақын алты Алашқа,
Сау басы түсіп таласқа.
Мінгізіп ерсіз ағашқа,
Тағылып айып оғаш та.
Шындықты сүйген нар ақын,
Қамалды-ау нақақ қапасқа.

Жүрекпен сүйген елі үшін,
Тірек қып күйген жері үшін.
Тарылтып  тыныс-өрісін,
Қазақтың тарлан бөрісін. 
Қадалған көздер қан алып,
Тірідей сылды-ау терісін!

Билікпен батыл күрескен, 
Әділдік іздеп тірескен.
Араша таппай күнестен,
Шынардай тауда тік өскен.
Ілияс ақын  қамықты-ау,
Құлагер сынды үні өшкен!

Жағаға жала жармасып, 
Өмір мен өлім арбасып.
Шілдеде аптап  қар басып,
Жүрегін мұң мен зар басып.
Құлагер қалды-ау кісінеп,
Амалын таппай алжасып.

Ұғынбай дәуір нарқыңды, 
Көздегі көрмей жарқылды.
Ұстатпай дәстүр-салтымды, 
Батырып мұңға халқымды.
Ұжданы таза ақынға,
Қалайша жебе тартылды?!

Боялып қанға өңірің,
Қамығып таза көңілің.
Заманның бейбас бейбағы,
Жүргізіп үстем әмірін.
Шырақты бейуақ өшірді-ау,
Қиылды-ау жарқын өмірің! 

Сұқтанған көзден аларған,
Ұңғыдан мылтық қадалған.
Жәбір де шекті-ау адал жан, 
Өшіріп жүрек жалынын.
Қаныңды төкті-ау зар заман,
Айтылмай қалды-ау арман-ән!

Жол сілтеп дәйім жүр алға,
Айналған сөзі ұранға.
Томаға салып қыранға, 
Қашырып адам ұсқынын.
Ақынды салған ылаңға,  
Не дейсің, түлкібұлаңға?!

Қаруын ұстап қасарып,
Жұдырық түйіп, тас алып.
Ажалдың оғы үрейді ап,
Қоңырқай көзден жас ағып.
Құлаған шақта қансырап,
Бармады-ау ешкім хал сұрап.

Ағынды мөлдір өзенін, 
Бел асқан биік кезеңін.
Жазира жерді көрікті,
Сүйгені үшін өз елін. 
Күйдіріп жанын нақақтан,
Өртеді-ау, өрттей өзегін!

Пәк жанын қинап тексіз дөй,
Арманға асыл жеткізбей. 
Рахат ғұмыр шеккізбей, 
Қазақты санап кексіздей. 
Құрбанға шалды-ау нақақтан, 
Тұлғаны талай бек сіздей.

Шындықтың жауып түндігін,
Айтқызбай айғақ шындығын.
Орнатып басқа мұңды күн, 
Кезеніп шолақ мылтығын.
Әумесер жылпос көрсетті-ау,
Сұмпайы қылық  сұмдығын.

Толғанып ойын тербетіп,
Тылсымын сезім селдетіп. 
Тасқынды  сөзін көлдетіп, 
Сөгілтіп  өлең  қолтығын.
Шабытын шалқар өрлетіп,
Жыр туын тіккен өрге тік.

Мәні де еді ерімнің,
Әні де еді елімнің.
Құлагер жырмен тым сұлу,
Өрнектеп көркін жерімнің.  
Суретін салған керім мың,
Сәні де еді төрімнің.

Нақышты сөздің сұңқарын,
Құлагер жырдың тұлпарын.
Тізгіндеп ұстап ұран сап,  
Қарсы алып жаңа нұр таңын. 
Көтеріп биік жыр тағын, 
Атойлап жатыр ұрпағың.

Құлагер сынды көсілген,
Мерейін елдің өсірген.
Өмірі шорт кесілген,
Қатыгез дәуір өшірген.
Алатау асқақ тұлғасын 
Айғақтап жатыр өршіл дем.

Нақыштап алтын, жезбенен,
Зейінді зерек зердемен.
Жетісу гүлін тергендей,
Туған жер көркін зерлеген.
Бұзаутіс қамшы өргендей,
Суретін салған сөзбенен,
Ақын ең ерек өзгеден!

Зердесі жүйрік жезкиік,
Тең келмес жырға еш биік.
Тылсымын селдей селдеткен,
Көкжиген көздер  көстиіп.
Затына  сұлу сезімнің
Кетті ме екен көз тиіп?!
Намысын қорғап өр қазақ,
Зобалаң көрген зерде азап.
Мүсінін тастан ел қашап,
Теңдігін ақын әперіп.
Рухын көкке көтеріп,
Ұсынды халқы төр ғажап.

Құлагер жыры – жылқы-дүр,
Жүректе ойнап ғұрпы жүр.
 Балқаймақ жырдың  қуатын,
Дарытар бойға рухы нұр.
Серпілтіп сана-сезімін,
Ұлықтап жатыр ұлты-дүр!

Заманның көрген сырғағын,
Жырының бұзбай ырғағын. 
Ақынды бүгін қастерлеп, 
Көтеріп биік жыр тағын.
Құлпыртып өлең – гүл бағын, 
Ұлықтап жатыр ұрпағың!

 

Әли ЫСҚАБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Алматы облысының Құрметті азаматы