"ТҰРМЫН, АНА, ҚАБІРІҢНІҢ АЛДЫНДА": НАРЫНҚОЛДЫҚ АҚЫННЫҢ БІР ТОП ӨЛЕҢІН БІРГЕ ОҚИЫҚ

Уақыты: 22.09.2019
Оқылды: 1751
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Өмір өрнектері

Доңыз жылы, күз айы, жұма күні –
Өмірге жылап келгем, шын анығы.
Шекері кем, тұзы көп қу жалғанның, 
Мойныма түскен содан бұғалағы.

Анамның ақ уызын емізгенін,
Жылап жатып жүрекпен сезінгемін.
Мейірімнің бөленіп бесігіне,
Өне бойым балбырап, көз ілгемін.

Жат елде, жайы бөлек, тегі бөтен,
Буылғанда бір ұлдың белі бекем.
«Жұмаға» «бекті» жалғап ат қойыпты ел,
Қол бастар көсем болсын деді ме екен?

Ескі-құсқы киім боп жөргектерім,
Талпындым, құйрық бастым, еңбектедім.
Жетегіне ілесіп сарсаң күннің,
Барды-жоқты күн кешіп ержеткемін.

Айырмай ақ-қараның аражігін,
Аттамай еш пенденің ала жібін.
Айдарынан желпінтіп, жел естіріп,
Келмеске кеткен қайран балалығым.

Сұлулыққа қалатын көз қадалып,
Өкінтіп өте шықты, бозбалалық.
Жиырма бесті қайтадан қоя алмадым,
Байқаусызда орнынан қозғап алып.

Талаймен кеуде көрген ұлықсынып,
Айқасатын білекті түріп тұрып.
Орда бұзар  отызым, ол да өтіпті,
Жастық шақтың қадірін шын ұқтырып.

Атой салып, ат басын ірікпеген,
Қамал алар жас та өтті қырық деген.
Көсем болу жазылмай маңдайыма,
Сүреңсіз сүрлеуіммен жүріп келем.

Өмір дейтін аңызақ көшем көптен,
Аңсауда ақ жаңбырды нөсерлеткен.
Елуді де еңсердім еске оралтып,
Жылдардың жылнамасын, есем кеткен.

Бой алдырмай ұғымға бақыт деген,
Айтқанына көндірген уақыт төрем.
Алланың әмірімен бұл жалғаннан,
Бұйырған несібемді татып келем.

Ұтқанымнан көп екен ұтылғаным,
Содан да сыртым суық, ішім жалын.
Арман құсым бағыма қонғанымен,
Бұғалықтан жоқ екен құтылмағым.

Елуде сол бұғалық кесірінен,
Сыбағамнан сан мәрте кешігіп ем.
Алпысым не береді енді келген,
Сығалап қарап тұрмын есігінен.

Аспантауда ауылым

Аспантауда Текес дейтін ауыл бар,
Жамағаты: жаны жайсаң, бауырмал.
Арулары ибалы да ізетті,
Азаматы: атан жілік, нағыз нар.

Айғыржалы, Қызылұш пен Ойшиі,
Күміс кесе қымыз толы қойшы үйі.
Ақ дастарқан абысындар ажары,
Ағайынның таусылмаған той-сыйы.

Сағым ойнап, самал ескен қырқадан,
Бозторғайы шаттық әнін шырқаған.
Сенен алған бақытымның бастауы –
Басқа әлемнен жақын маған бір табан.

Киелі ордам, тал бесігім – Текесім,
Саған, сірә, теңесе алмас еш есім.
Іздеп келем қайсы тұста екен деп,
Сенде қалған жастығымның көшесін.

Жайлау  түні

Жайлау түні, көл беті тұнған арай,
Көк жүзінде жайымен сырғанады Ай.
Жасыл белде, тыныштық құшағында,
Ойға батып, уылжып тұр қарағай.

Сұлу төрдің тыншыған кешкі демі,
Аңғарлардан саумалдың есті лебі.
Сонау беткі бұтаның арасынан,
Еліктің шақырғаны естіледі.

Маса да жоқ, жоқ және қара шыбын,
Жайлау түні тауып тұр жарасымын.
Шөрегей ме жай қалған жатағынан,
Естіледі сусылы қанатының.

Сауыннан мойны босап Керқұла да,
Отқа басын қойыпты енді ғана.
Төрдегі алты қанат ақ боз үйді,
Бетке алып бір топ қонақ келді жаңа.

Жырға бөлеп шопанның дастарқанын,
Ән шырқалды, жайлаудың жақтар сәнін.
Далада, жер ошақта мұрын жарып,
Бүлкілдейді сорпасы ақ марқаның.

Ай қорғалап жайымен батты-дағы,
Жайлаудың бір сәт дамыл тапты жаны.
Тірлік біткен ұйқыда, жалғыз ғана,
Көз ілмепті қойшының Саққұлағы.

АҚЫННЫҢ АТАЖҰРТЫНДА

Армысың, дүлдүл аға, айбарлы әнім,
Киелі құдіретке айналғаным.
Жыр-ошақтың отымен өзің жаққан,
Жатыр бүгін жылынып сайран бағың.

Атамекен төрінің, аға, бүгін,
Хабар етсем жайдары жаңалығын.
Жалғаннан жыр оқысам жалаулатып,
Бақидағы жетер ме, саған үнім?

Аман бәрі – орманың, тауың, далаң,
Жыр-ошақтан жылынған қауым да аман.
Қарасазың орнында, Қарасу да,
Аққу ұшып, қаз қонып, мамырлаған.

Таңы  арайлап, шығатын ерекше күн,
Аман бәрі ой-қырың, белестерің.
Мақтан тұтып, маң далаң масайрауда,
Айдарынан жырыңның жел ескенін.

Қара шалғын Қарасу өткелдері,
Шалкөденің түлеген тепсеңдері.
Айғайтас, Қисық, Ақтас, Жайдақбұлақ –
Өзің айтқан өлеңнің көшкен жері.

Жаңғырған Елшенбүйрек көркі бүгін,
Сайларын самал болып желпіді үнің.
Айтпақшы, кездесті ме, бақи жаққа,
Өзіңді іздеп аттанған Еркін інің.

Алтын арай шашылған ақ таңынан,
Құйқылжыған құс үні бақтарынан.
Түгін тартсаң, май шыққан мақпалынан,
Берекесі тасыған қаптарынан.

Ұрпақтарың қашанда шат-шадыман,
Атажұрт, елің мынау – бақ дарыған.
Осынау құт мекенде мен де бүгін,
Ақын аға, ағымнан ақтарылам.

Туған  жерге

Сапында жоқ ірінің,
Санында бар тірінің.
Жұмыр басты жаралған,
Пенделердің бірімін.
Мұхаммедтің үмметі,
Бір Алланың құлымын.
Ақиқат деп аталған,
Астындамын туының.
Шыңға лайық шынардан,
Қалап алған тұғырын.
Қанаттанған қыраннан,
Құзар таудың ұлымын.
Қара орманым – қалқаным,
Жел тербеген шыбығын.
Бал бұлағым – кәусарым,
Қанып ішем тұнығын.
Сапар шықсам аңсадым,
Тұлпар текті құлынын.
Жусан иісін, аршасын,
Шегірткенің шырылын,
Ызыңдаған масасын,
Құжылдаған шыбынын.
Жиырылған жыланын,
Көлбақаның шұрылын.
Елік, арқар, маралын,
Қасқыр, қарсақ, суырын.
Аңызағын, аптабын,
Сары аязын, суығын.
Ақ жауынын, ақ қарын.
Бораны мен батпағын,
Сағынамын жұртымның,
Ақ пейілді ырымын.
Кешіре гөр, туған жер,
Артық демей қылығын.
Тауға ұқсас тағдыры,
Ұланыңды шын ұғын.
Көкке ұшырып қиялын,
Арманға артып ғұмырын.
Өлең атты өлкеге,
Бет түзеді бір ұлың.

Ақ  жауын

Ақ жауын жауғанда,
Аңсарым бір өзің.
Ақша бұлт ауғанда,
Аңсарым бір өзің.
Арайлы келбетпен,
Алаулап реңің,
Жанымды тербеткен,
Жаным-ау, кім едің?
Дидарың кеудемнің,
Ысырды түнегін.
Белгісіз сенделдім,
Бейдауа жүрегім.
Армандай ақ гүлім,
Болсайшы тірегім.
Сәбидің шаттығын,
Жаныңа тіледім.
Өзіңе іңкәр күн,
Басталды білемін.
Сосын жыр тұлпардың,
Сыпырдым жүгенін.

Қызым Айзадаға

Өмір өзен ақсын тек арнасымен,
Саған бақыт тілеймін Алла атымен.
Ата-анаң мәпелеген бір гүл едің,
Бауырлардың соңынан жалғасып ең.

Көңіліңді көктемнің әні құшып,
Алыс кетсек жүруші ек, сағынысып.
Мойының сәл босаса оқуыңнан,
Ортамызға жетуші ең алып-ұшып.

Жүрегіміз қуанып мәз болатын,
Жанымызға жадырап жаз қонатын.
Үйімізге жақсылық шуақ шашып,
Бар ақ тілек өзіңе арналатын.

Биігін аласартпас бағаң бар шын,
Басқа жанға қол жетпес ақ армансың.
Біздің үйдің гүлі боп өссең-дағы,
Басқа үйдің бақытына жаралғансың.

Мәуелі гүлге оранып бағың әлі,
Өмірің болсын мәнді, мағыналы.
Бақытын баянды етсін дәл өзіңдей,
Құс қондырған жат жұрттың шаңырағы.

АНА ҚАБІРІНІҢ  АЛДЫНДА

Талайы жоқ не дей алам тағдырға,
Ой-санамды жаулап алды зар-мұң да.
Сағынып кеп, рухыңмен сырласып,
Тұрмын, ана, қабіріңнің алдында.

Жақсылыққа, қуанышқа құмар ең,
Сараңдығын жасады ма мына әлем?
Ғұмырыңды үзіп алған біздерден,
Жазымышқа таба алмадық, сірә да, ем.

Ұмыта алман сол бір сұрқай күз өңін,
Сырқатыңның таба алмадық біз емін.
Ажал, шіркін, арашаға көндікпей,
Барса, келмес бағытқа бет түзедің.

Көкірекке сары уайым үймелеп,
Содан бері көңіл жарым, күй бөлек.
Сағынған болар, бәлкім, өзіңді,
Түсімде ылғи отырасың үйге  кеп.

Екі-ақ  аршын болса да жер екі ара,
Саған мәңгі жете алмаймын не шара?
Рухыңмен үнсіз ғана сырласқан,
Жан балаңды жазғырмағын, кеш, Ана!

Бұтағы едің мәуелеген шынардың,
Жайың жарық, жаның пейіш, нұр алдың.
Жалғыз иман серік болып өзіңе,
Шапағаты тие берсін Құранның.

МЫНА ЗАМАН

Мына заман, қай заман – түлкі заман,
Тиянақсыз, тұрлаусыз тұрқы  жаман.
Өтіріктің кемесі өрге жүзіп,
Шыңырауда шындығы шырқыраған.
Аярлықтың аузына алтын құйып,
Ақиқаттың есігін құлпылаған.
Қылдан тайған аяқты қыр асырып,
Бодауына қисапсыз құн сұраған.
Алаяқтың аспандап абыройы,
Жүрекке жүк түсіріп, шымшылаған.

Қара бұлттай түйілген қара заман,
Жарылқаған жабыны, бағалаған.
Хас тұлпардың басынан бағы тайып,
Ысырылған ортадан адал адам.                                   
Сағат сайын дүние сан құбылып,
Сары уайым сананы қамалаған.
«Бай», «кедей» деп жіліктеп, жікке бөліп,
Таразылап, тартқылап, алалаған.
Байлары байға құйып, жарлысына
Қарасу да тамызуға жарамаған.

Түлкі заман – адамы аз тұнық ары,
Күніне қырық түрлі  құбылады.
Құдайдың құлағына пендесінің,
Жеткен емес әзірге мұңы, зары.

Қоғамды қоңырсытты қолын сұғып,
Сыбайласқан жемқор мен ұры-қары.
Алаяқтың оңынан айы туып,
Адал жанның арманы ыдырады.
Тазы болып шалғанның ыңғайына,
Түлкі  заман, ың-шыңсыз жығылады.

Қысқа жіп күрмеуге кеп, жалғанбаған,
Сұрықсыз бар ма мына жалғанда  мән?
Жең ұшынан жалғасқан жырындылар,
Қоғамды талап жеуге арланбаған.
Ас атқанға тас атып қайсыбірі,
Нашардың артын мықты қазған заман.
Дүниенің бағасы аспанға ұшып,
Құны ғана адамның арзандаған.
Бұрынғының айтқаны осы болар,
Қарағай басын шортан шалған заман.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ

Нарынқол  ауылы,

Райымбек  ауданы