"ҚАБАНБАЙҒА ХАТ ЖАЗАМ": ЕЛЕС ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕР

Уақыты: 23.09.2019
Оқылды: 2442
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

* * *

Үнсіз жатыр сарғайған сайын дала,
Күрең күзге жатқандай дайындала.
Түздің сұрғылт торғайы шырылдап жүр,
Қарағайға бір қонып, қайыңға да.

Маңғаз дала жатыр-ау кербезденіп,
Құпиясы өзіне берген көрік.
Көз алдыма келеді кешегі өткен,
Бабалардың елесі жүрген кезіп.

Елес қуып келеді елесімді,
Кеңесуді білмейді, теңесуді.
Ауа көшкен бұлттардың арасынан,
Күн сығалап қарайды кеме сынды.
* * *
Оң жақтағы күрең тау жатқан шіреп,
Артында Алатау тұр аспан тіреп.
Ауызекі аңызда осы тауды,
Мекен қыпты қос ғашық Баян-Жүрек.

Мына батыр қай батыр, ойқастаған?
Жауар бұлттай жауына ой тастаған.
Бұл қазақтың ұлының бәрі батыр,
Таппассың бір адамды шайқаспаған.

Дулығалы, қылышты, найза байлап,
Өңшең батыр аттарын алған сайлап.
Қақыратып көк тасты өте шықты,
Ұрандатып, шаңдатып, «Бөрібайлап».
* * *
Мына тұрған қара тау – Ешкіөлмесім,
Көре алмассың анықтап, кеш келгесін.
Ешкіөлместің үстінде ен жайлау бар,
Ен жайлауда ұлы той. Хош келгенсің.

Әне, кетіп барады Ақын Сара,
Найманның бір қызы екен шыққан дара.
Біржан салмен айтысып қайтты ма екен,
Жеңімпазын біле алмай екеу ара.
* * *
Елес қуып келеді тағы мені,
Шаба алар ма шын жүйрік шықпай тері.
Төскейдегі жайылған малды көрдім,
Айқайынсыз малшының қайтпас кері.

Ашық аспан, қабақта болмас кірбің,
Таңдай қағып, таңқалыс күйде отырдым.
Дәу де болса мыңғырған малы шығар,
Тәнекедей атақты би, батырдың...
* * *
Жетсем деген межеге талабы бар,
Кім бар екен қияли баланы ұғар?
Күрежолдың үстінде бір адам тұр,
Ақ қанатты қолында қаламы бар.

Білмеймін кімді тосып, қанша тұрдың,
Астында шаңқай күннің қанша жүрдің?
Көзәйнегін көтерген бір қолымен,
Таныдым Ілиясын Жансүгірдің.

Сүртіп тұрған жіпсіген маңдай терін,
Мен көрдім Жетісудың маңмаңгерін.
Ен далада жүргенде қайтер еді,
Ерттеп мініп атақты «Құлагерін».
* * *
Жо-жоқ жауап бермеймін сұрағыңа,
Жетем деген жетпедім тұрағыма.
Алты қырдың астынан ыңылдаған,
Үні келді қобыздың құлағыма.

Уілдеп сарынындай сары даланың,
Неткен зарлы, жүргізбес қарға адым.
Аламаннан кешегі озып келген,
Қобызының үні ғой Барғананың.
* * *
Мініп ап қиял деген ақбозатқа,
Бағытым – шығыстағы «Жоңғар қақпа».
Мақтанып ұлан-байтақ жерімменен,
Келеді айқай салғым шартарапқа.

Шауып өтіп сайларды, белестерді,
Ақбозатқа жер қашық емес тегі.
Алакөлдің суына жеткенімде,
Көз алдыма тағы да елес келді.

Көлді беттеп келеді бір топ батыр,
Жайғасып жағасына тігіп шатыр.
Шайқастарда тілінген жараларын,
Көлдің шипа суына жуып жатыр.

Хан Батыр жайғасыпты малдас құрып,
Найзасын нар кесеге алмастырып.
Айтып отыр өңшең жас батырларға,
Бастаған әңгімесін жалғастырып.

Жантайды енді ғана демін алып,
Байлатып жарақатын, емін алып.
Әкесі Қожағұл мен Есенбайдың,
Шығар-ау келген беті кегін алып.

Ертіп ап батырларын сай қасына,
Туған жердің қарады әр тасына.
Шыбын жанын шүберекке түйіп алып,
Аттанды «Аңырақай» шайқасына.

Жатқандай бата беріп дала өзі,
Қалды артта қалың елі, қарагөзі.
Тас түйін боп түнерді жауар бұлттай,
Хан Батыр, Абылайдың Дарабозы.
* * * 
Қашанғы бұл елесім қуа бермек,
Қиялым, Ақбозатым кетті терлеп.
Қақпасына Жоңғардың қарап қоям,
Осы тұстан «бір пәле» келер ме деп...

Дамыл таппай орнымда шарқ ұрамын,
Қуырғандай ат тұяғы атырабын.
Жоңғардың қақпасынан қауіп төнсе,
Қабанбайға хат жазам. Шақырамын...

Жинасын қазақтың бар батырларын,
Дұшпанға жеңілістің татыр дәмін.
Ал мен болсам, сейілтіп елесімді,
Қиялымды құшақтап отырамын.

Қайрат БЕСТІБАЕВ

Алматы қаласы