ЗАИДА ЕЛҒОНДИНОВА: "МЕНІҢ АТЫМ БАЛА ЖАСТАН КИЕ ҚЫЗ"

Уақыты: 24.11.2019
Оқылды: 2056
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Заида ЕЛҒОНДИНОВА 70 жастың ​асқар асуына аяқ басып отыр. Ақын жерлесімізді мерей жасымен құттықтай отырып, ​жаңа өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

ЖЕТІСУЫМ...

Жетісуым,
Төбесінен төнген мәңгі нар аспан!
Ай, жұлдызы ғарышпенен жарасқан.
Халқы ғажап, жері ғажап туған жер,
Ұлы Алла ел-жұртына қарасқан!
Жетісуым – жер жаннаты жердегі,
Айдын шалқар, толықсыған көлдері.
Асқар таулар түу биіктен қарасып,
Ұлы өмірмен барасың сен жарасып.
Жетісуым, аспан тіреп асқары,
Тыпыршиды тұлпар сынды жастары!
Мендік ғұмыр Жетісумен табысып,
Жаңа дәурен, жастық дәурен бастады!
Ақындары ай маңдайлы, ай көсем,
Ақындары ұлы сөзге бай, шешен.
Бақытты ақын сен боларсың әлемде,
Жырларыңды жатқа оқыған,
Жас ақындар ай маңдай,
Бақыттысың, бақыттысың, Заида, сен! 
Жетісуым, кіндік қаным тамған жер,
Жетісуым, ақын деген атақты да алған жер!
Жүрегіме жұлдыз жолын мәңгі бақи салған жер,
Тәй-тәй басқан ізім мәңгі қалған жер!
Он жасымнан мені ақын ғып баптаған,
Сені ойласам, сені ойласам шаттанам!
Былтырғыдан бөлек боп тұр биыл ән,
Ата-бабам, аруағыңа сыйынам!
Ата-анамның руxтары асқақтап,
Маған арнап жол салды ғой қиыннан!
Менің атым бала жастан кие қыз,
Туған жерді алтын бесік сүйеміз.
Ей, Жетісу, перзентіңмін мен сенің,
Ұлы Алланың екеумізге сыйы егіз!
Құс ұшады сонау зеңгір аспанда,
Қар жатады тамызда да асқарда.
Мен айналдым бітпейтін бір дастанға,
Мен дос болдым жетісулық жаны таза,
Алау-ақын жастарға!
Алла берген ақындығым,
Мың сәлем сал аспанға!

ПОЭЗИЯ МЕКЕНІ
Шырқа, шабыт!
Шырқа, шырқа, шырқай бер!
Жетісуым! Талдықорған. Бір тайпа ел.
Шабытымның көк теңіздей тасқаны-ай!
Талды-Париж!
Мөлдіреген аспаны-ай!
Жанарыма жаутаң-жаутаң қарады,
Ауызынан ана сүті арылмаған жас талай!
Ақындары Жетісудың
Буырқанып, бұрқанып 
Оқыды өлең
Көмейінен жыр тамып!
Маxаббатын жүрегіне сыйдыра алмай жүр 
xалық!
Аспан әні. Дастан әні.
Кезек-кезек шырқалып!
Ана тілім сәуле шашып төрге озды.
Шолпы тағып бұрымына,
Көрмедім мұндай кербезді.
Талдықорған. Талды-Париж,
Романтика кеші бұл.
Талдықорған Ыстамбұл емес,
Измир десек несі мін?!
Талдықорған ана тілдің, ата ділдің мәйегі,
Талдықорған – Афродита әлемі.
Еңліктей жұмбақ, тылсым шырайы.
Күн тұлғалы. Ол – Аполлон. 
Поэзия құдайы.
Жеті Муза тербететін Ай елі.
Ұлы-ұлы шайырлардың есімін,
Флоренциядай дәріптейтін 
дәуірлердің бесігі!
Ал, Алматы – бұл Ыстамбұл,
Бекзат шаһар зиялы!
Құшағына күллі әлем сияды!

КӨКСУ
Алай-дүлей бұлт көшіп аспандағы,
Тұрақтайтын тәңірдің қашқан бағы.
Бұл Көксу ұлы шыңнан басын алып,
Мұздақты бұрын-соңды жастанбады!
Керіп бір кербез Көксу  керік қасын,
Жақұттай жылтыратып өріп тасын!
Арқырап аждаһадай жүз бүктеліп,
Құятын Қараталға  ызғып келіп!
Тас шайнап, бүркіп көкке, малта тасын,
Көрсетпей асау толқын, арқа-басын,
Жолына бөгет болса, арда Көксу,
Жартасты ту ағаштай жаңқаласын!
Тұлпардай тарпаңсың-ау, бас білдірмес,
Сел алып, күнің жоқ қой тасқын жүрмес!
Сәулесін төккенменен сары ала Күн,
Атойлап Қараталға тұмсық тіреп,
Көксуым көкке шапшып демаласың!
Қаратал, тұңғиық, тұнжыр өзен, 
миятың бар,
Көк суын, қарғын суын жиясыңдар,
Алып бір дарияға айналып ап,
Балқашқа айдын-шалқар құясыңдар!
Табысып жеті өзенмен қолтықтасып,
Аз сөйлеп, Көксуым-ай, артық басып!
Ойнайсың, Жетісуға еркелейсің,
Бой бермей көктің суы шалқып, қашып...
Ғаламат ғұмыр кештім, аптапты арман,
Алдымнан күрес шықты қаптап,  жалған!
Сонау бір сәби кезде бір түп бұта,
Жағаңда өмірімді сақтап қалған!

АНА АМАНАТЫ
Анам Құмар-Бану Байтасқызының әкесі, менің туған нағашым Байтас би Кәшкеұлы заманында мыңғырған бай болған екен! Қарақылды қақ жарған би болған екен. Біреу болмаса, біреу білер деген ниетпен осы өлеңді жазып отырмын! Бірақ анамның аманатын кеш орындадым.

Қараталдың Балқашқа құяр жері,
Құшағыма бұл күнде сияр ма еді?
Байтас ата, бұл күнде ақын болды
Жиен қызың жыр жазып ұяң демі.
Жаз жайлауың білмеймін қайда екенін,
Қайда екенін білмеймін бай мекенің,
Мыңды айдаған бай бопсың, би де бопсың,
Енді бүгін, нағашы,
Ай мекенің.
Жарқыраған жасынан маңдай бағы,
Әсем әні әлдилеп таңдайдағы.
«Қаратал мен Балқаштың сағасында,
Қыстауымда, баяғы Қаңғайдағы...
Бұл өмірге келіппін сәуірде мен,
Ақ пен қызыл алысқан дәуірде мен.
Есімімді ата-анам Құмар депті,
Осы қыздан түбі ақын шығар депті
Әкем – Байтас, жан анам – Рабиға.
Өтті-кетті ол заман, о дариға!
Әкемді бай болған соң тәркілеген,
Сол дәуірде «кеңестің салтыменен»...
Көз жұмды Алматыда қайран әкем,
Құлады 53 жаста «алтын емен»...
Дейтұғын Құмар-бану, қайран анам!
«Ақын бол, сен ақын бол, 
Заида балам!
Заманым қиын болды аласапыран,
Бұлбұлмын дер кезінде сайрамаған...
Ал енді Заида болып сайра ғалам!»
Деп анам баяғыда  бата берген,
Ақ таңы Қаңғайдың да атады өрден!
«Әкем жайлы жыр жаз деп» 
қайран анам...
Дауысыңды естимін Заидалаған!
Қаламымды кеш алдым, кеш нағашы,
Дастанымның бұл өлең бастамасы!
Бір Алла қолдай берсін, Құдай-аруақ,
Қызыңды қолдай берші, тастамашы!

ШЫҒЫСҚА ТӘН ЖЫР БЕЙНЕСІ
(ақын Гүлбақыт Қасенге)

Біз екеуміз...
Күз бен Гүл!
Бір сағыныш екеумізді іздеп жүр.
Сені көрсем Баркөрнеуді көремін,
Шың басына ұя салған өлеңің!
Алатауда мен отырмын түн қатып,
Сені ойлап ақын қызым,
ару қызым Алуа-Гүлбақыт!
Ал далада жаңа көктем,
Меніменен жасты Ай!
Жымияды мен сүйетін
жас Құдай!
Тауыспаспын сен жайында
жазып бүгін,
Сұлулығың, нәзіктігің,
Жас жырыңның күн бейнелі өрнегі,
Мына жаһан сендей шайыр көрмеді.
Сұлу, сұңғақ,
Ару сымбат,
Шығысқа тән жыр бейнесі,
Ақ раушан Гүлдей көші,
Мен өзіңе Алматыдан жыр арнадым.
Көктем болып мұнар бағым,
Елестеттім өзіңдей деп
Иранбақтың шынарларын!
Талды-Париж!
Талдықорған!
Жетісудың жас бағында
Мен гүлдедім қас қағымда!
Тылсым кештің,
Жаңа көштің,
Астарында,
Тұрды сенің қолтаңбаң.
Менің туған жерім болып,
Жетісуым, елім болып,
Маңдайымнан сыйпадың,
Қақтың менің арқамнан!
Ақын қызым, Гүлбақытым,
Төккен ғажап жыр-жақұтын,
Томиристей ар-намысты,
Көз алдымнан жалған ұшты!
Сенің ғажап жыр бейнең!
Ақындықтың, адамдықтың
нұр бейнесі, гүлдей бер!

ҚҰЛАГЕР ЖЫР
(Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс 
Жансүгіровтің 125 жылдығына арнау)

Кіндігі қайда екен мына  жердің?!
Тұншығып тылсым ойға тұнады ернім.
Тәуелсіз қазағымның бұла аспанын,
Толтырып тұрсың жырға, Құлагерім!
Сен жайлы сыр шертеді дала дастан,
Көз жасы, шаттық, мұңы араласқан.
Жұлдыз боп жарқырадың
Ілияс аға, Жетісу, Ақсу, Қапал,
Қарағаштан! Жетісу!
Жеті өзенің күліп ағып,
Балқашқа құйды ақынның жырын алып!
Аққу жыр ұлы көкте шалықтады,
Көктегі көп жұлдыздар іліп алып!
Арманың Алатауға алып келді,
Ғаламның көкжиегін жарып келді.
Жырладың туған жерді Ту көтеріп,
Жыр келді Алматыға, даңқ келді!
Қазақтың кіл қаймағын қалқып алып,
Ғасырың дариядай  салқын ағып.
Заманнан зауал келді ақын аға,
Қолыңнан қаламыңды тартып алып!
Мекендеп жасыл жырың Күн ұясын,
Төрінде Жетісудың  жымиясың.
Құйғытып Құлагер жыр қырда ойнаса,
Қазағы xан көтерді  Ілиясын!
Кешені, бүгінді де  саралар Күн,
Нұр төгер кешегі аспан қара барқын!
Алаш жыр алдаспандай жарқ-жұрқ етіп,
Лорка, Байрон елін араларсың!
Бағы да, байрағы да мына елдің,
Көк туы, ал сонан соң Құлагер жыр!
Тау-тасы, өзен-көлі, қара орманы,
Сен болып жыр төгеді дала арманы!
Сен болып сыр айтады самал бағы,
Сен болып өмір сүрсе көктегі Күн,
Сен болып жарқырайды түнгі аспанда,
Далалық жұлдыздардың жанарлары!
Ілияс аға!

МҰҚЫЛАЙ БАТЫР ТУРАЛЫ ЖЫР
Мұқалы Шыңғыс ұсынған алтын тақтан гөрі тұлпарды тақымдағанды дұрыс көріпті. Нәтижесінде теңіздей толқыған Қытайдан асып, қазіргі Вьетнам жеріне дейін жеткені тарих қойнауынан жарыққа шығып жатыр. Осынау ұлы тұлғаның өр рухы бүгінгі қазақтың рухына күш берері талассыз.
Напыл Базылхан, моңғолтанушы

Бірде-бір кем емессің көп батырдан,
Қалқан боп қарсы тұрды оққа тұлғаң.
Болаттай қайта балқып, алмас болдың,
Ерлігің жетті бізге жат ғасырдан.
 
Мұқылай, жауға атылдың қабыландай,
Көзіңді сары даланың сағымы алдай.
Қаһарың басылмады, өр баһадүр, 
Алмадай дұшпан басын қағып алмай.
 
Көк тәңір оғланының оңдады ісін,
Көк бөрі жауға бермес соңғы арысын.
Қазақтың Гераклі, қайран батыр,
Сахараның жайдақ мінген жолбарысын!
 
Өр кеудең көне Тибет қодасындай, 
Болмысың бес биенің сабасындай.
Кеңдігің он жүздікке опа берген,
Онон мен Керуленнің жағасындай.
 
Қайлаң бар ұлы Цезарь қайласындай,
Намысың Ескендірдің алмасындай.
Жігерің дұшпаныңа жаудай тиер,
Тасыған Керулен, Онон арнасындай.
 
Жорықта тарпаң, тағы бурадайсың,
Дұшпанды ақ алмаспен туралайсың.
Үйірін жауға бермес абадандай*,
Гоандық атағыңды бұлдамайсың.
 
Тобыңда тайлақ бота шайнамайсың, 
Мергенсің садақ тартқан Айға абайсыз.
Аңкөс қыран, бүркіттей алғырым-ау, 
Жау көрсең жарағыңды сайлағансың.
 
Жігерің жорық кешті. Дабыл шыңдай,
Жасағын торғын* әскер ауырсынбай.
Тауына Бурхан-Халдун* бауыр бастың
Қайыспас құзарда өскен самырсындай.
                       
...Кез оқпен*дұшпаныңды шаншып аттың,
Қасалы* қолқа қапты, тамшылап мұң.
Ысқырма* әп жыландай жау қосынын,
Жайпады. Аза тұтты қансырап Күн.
 
Үстіңде берен сауыт. Бораттың оқ,
Тажалды кербез садақ таратты бек.
Дұшпанға аш бөрідей ауыз салдың,
Қайыспас қайратыңды жаратты Көк.
 
Ажалға абайсызда тақады іргең,
Сөз тосып, қазақ едің бата білген.
Жат жерде мәңгілікке бақи кештің,
Шаңқ етті көкке шапшып баһадүр дем.
 
Батырдың бастан кештің қызық күйін,
Болмадың дүниеқор, тізіп тиын.
Өмірің жорықпенен өтті батыр,
Жас бала, естен шығып үзікті үйің...
 
ХАНЗАДА, СҰЛТАН АРДА ӨСКЕН

Сол дәуірде өмір сүрген ақын Салман Саводжи Ұлы Шейх Хасанға арнаған бір өлеңінде былай дейді: "Құдайдың көлеңкесі, Шыңғысханның көзі, тұқымы".
Ширин Баяни, Иран тарихшысы

Шыны тұлпар*  мінгенің,
Күрең тартып күнде өңің.
Жөңшең* сынды жөнсізді,
Ақ найзамен түйредің.
Соқтан* дөнен бурадай,
Сойлы* тұлпар туламай.
Жаның сая таппас-ты,
Қабан қанжар* турамай.
Кеудеңді кернеп кісілік,
Сүдінін* жаудың ұшырып.
Шырғасы берік* шерікті,
Үркітіп аттан түсіріп.
Дұшпанның тауы шағылып,
Тәңірідей табынып.
Аласұрған жауыңды,
Құлтұғырдай* жабы ғып.
Желсаңлақтай* желпіндің,
Еңсесін тіктеп ерке ұлдың.
Шылауы тиіп шілтеннің,
Сайдауыл* батыр, серпілдің.
Көкаланың көзі* едің,
Атайманның* өзі едің.
Алмасың жайдай жарқ етіп,
Жауыңа тура кезедің.
Сауытың сойы болаттың,
Жаңбырша жебе бораттың.
Иран менен Иракты,
Жетпіс бес жыл қараттың.
Даңқ қосып даңқыңа,
Үрият* бердің халқыңа.
Адал болдың қағанға,
Әділ болдың жалпыға.
«Тобылғы меңді торы аттың»,
Ауыздығын алмадың.
Сипай қамшы салмадың.
«Көлгірсіген құба жон»,
Сағым құшып, көз алдап,
Жеткізбеді амалдап.
Мың сан қосын қол бастап,
Найзағайдай ойқастап,
От сіміріп, жәй тастап,
Айналаңды байқастап.
Қарсы келген дұшпанның,
Туырлығын тілгілеп.
Жау жансызы мыстанның,
Керегесін кергілеп.
«Емен шайнап, тал қайзар»,
Құрық түскен құландай,
Бұғалық түскен бұландай,
Жауыңды матап байладың.
Бес қаруыңды сайладың.
Иран менен Иракты,
Жайлауыңдай жайладың.
Ақ семсер, асыл  наркескен,
Ханзада, сұлтан арда өскен.
Күдері белбеу буындың.
Ақ биенің сүтіне,
Күн құрғатпай жуындың.
Дулығаның ішінен,
Қырпу* құндыз киіндің.
Жорыққа шықсаң, тастүлек,
Жемтігіңе шүйілдің.
«Тобылғының берегі»,
Елхандардың зерегі,
Құсайынұлы Хасанхан,
Сен де бір текті төре едің!

Заида ЕЛҒОНДИНОВА,

Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты