Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АҚЫН: "ҰЛЫ ДАЛА ДИПЛОМЫ БАР МЕНДЕ, ҚЫРДА ЖҮРІП ҚОЙ БАҒАТЫН, АТ МІНІП!"

Уақыты: 28.02.2020
Оқылды: 597

Орта

Ер жiгiтке кеуде керген жарамас.
Бай емеспiн, кедей емес, ортамын.
Қайғысы мен қуанышы аралас,
Жолаушымын, өз жолыммен жортамын!

Тас қаланың талғамынан өте алмай,
Ауыл жаққа бұрып кетем, ат басын.
Арман, Мұрат, Мақсаттарға жете алмай,
Орта жолда, қап қойғаннан сақтасын!

Өзiме тəн биiгiм бар шығатын.
Таусыз орта көрiнедi жат маған.
Табиғаттың тылсым сырын ұғатын,
Әлi талай орталардан бақ табам!

Сын сағаттың қоңырауы соғады.
Орта мектеп, орта бiлiм, алғаным.
Бiлгенiмнен бiлмейтiнiм көп әлi,
Өмiр өзi оқытады қалғанын!

Жырға толы сырға толы нар-кеуде.
Отырамын тауларымды тақ қылып.
«Ұлы Дала дипломы» бар менде,
Қырда жүрiп қой бағатын, ат мiнiп!!!

Арша

Жұпарын жұтып аршаның,
Көк қия тауды аңсадым!
Жанбағыс үшiн қам қылған,
Күйбеңнен мынау шаршадым...

Сергiтiп ойды, миымды,
Көтердiң көңiл-күйiмдi!
Ниетi жаман бәледен,
Аластап тұршы үйiмдi?!

Пендеңе дарыт киеңдi,
Сақтап жүр дәйiм иеңдi?!
Көрeйiн сенi төрiмнен,
Жап-жасыл арша, жиi eндi!

Жаратқан сенi Құдайым!
Жақсылық әкел ылайым!
Жартасқа бiткен аршадай,
Қасқайып мен де тұрайын!

Тау бұлағы

Қаталасаң шөліңді қандырады.
Жабырқасаң жаныңды жандырады.
Шымырлатып жіберер тамырыңды,
Қасиетіңнен айналдым, тау бұлағы!

Сенің мөлдір тамшыңнан нәр аламын.
Тіршілікке тамырдай тараламын.
Кәусарыңнан тамсанып ішкен сайын,
Қайта келіп өмірге жараламын!

Қасқа бұлақ, қайтадан туылайын,
Туылайын оңымнан туып Айым!
Арылайын бойдағы былғаныштан,
Тазалашы жанымды, жуынайын?

Өзіңді аңсап жеткен ем жырақтардан.
Саған ғана, мөлдірім, сыр ақтарғам.
Шабытымның шапқыла қайнар көзі,
Бастау алған өлең ғой бұлақтардан!

Таусылған ба адамның арман, мұңы?!
Татымайды тамшыңа
Жалған құны.
Өлең – Өмір үзіліп кетері анық,
Сен суыңнан тартылып қалған күні...

Шалғышылар

Қолға алып қия бетте қара шалғы,
Шөп шауып, асарда кім таласа алды?
Атақты шалғышының алдын алып,
...Әлдекім әудем жерге қара салды.

Жарамайды мұндайда жай тұрысың,
Үдейді үсті-үстіне қайта ұрысың.
Артыңнан бір жойқын күш қуалайды,
Сырғытып сағасымен ай-қылышын.

Күш болмаса қалың шөп шаба алмайсың.
Айла да мұндай сәтте таба алмайсың.
Ойнатар тобығыңда алдаспанын,
Дегендей, – «Аяғыңнан арандайсың».

Шабандар осындайда тыпырлайтын...
Шамасын байқаған соң, құтырмайтын.
Ойқастап шалғышылар шауып өтсе,
Құйқасы қара жердің шымырлайтын!

Құлаштап сермегенде кең керіліп,
Бөкестер көрінеді көмкеріліп.
Сұрапыл күш сұлатып бара жатар,
Күнгейден теріскейге төңкеріліп...

Жарыстың түсінемін шартын анық,
Күшіңді алмағайсың сарқып алып.
Бойға қуат жинайсың қаталасаң,
Жеңгейдің көжесінен тартып алып.

Тоқтатпай аламанға сай жарысты,
Біреуі шалғы шыңдап айналысты.
Жарқылдап көштен қалмай шабуың да,
Шалғының шыңына да байланысты.

Шыңдатып алдаспанды аласың да,
Шабасың, қатарыңнан қаласың ба?
Қамшы ұрып шабытыма мен де жүрмін,
Қалыспай қою шаңның арасында...

Елемей шөптің жұқа, қалыңдығын,
Самдағай сол күндерді сағынды ұлың.
Кезек-кезек жапырып тастайтынбыз,
Әр үйдің асар салып шабындығын.

Жассың ғой жүрегіңді жандырасың.
Кешкісін шөптен келіп қаңғырасың.
Шалғыдан шаршағаның тағы да бар,
Бір сағатта-ақ ұйқыңды қандырасың.

Не деген жанын жеген жастық едің?
Қаршадайдан қатайтып тас қып едің?
Бұл күндері босаңсып кеттім, рас,
Екпіні жар құлатқан тасқын едім!..

Ой маздағы

Қою мұң қонып бұлтымен,
Санамды сарқып сілкіген.
Жалғанның жалған екенін,
Жеңу де қиын күлкімен.

Шегіне көрме, бірақ та,
Сабазым менің, жүр, атта. 
Жалғанның жалған екенін,
Жеңе алман əсте, жылап та...

Шабасың əлі талайға,
Қайыр ма, шыда, жарай ма?
Құдайдың Құдай екенін,
Ұмытпау керек қалайда.
...Ұлықтау керек алайда!!!

ҚАРАЛЫ КҮН

Өмір мынау,
алаяқтар ақылды...
Ар азғындап, намыс нанға сатылды.
Ал, кешегі Әлихандар «Алаш!»деп,
Ар-намысқа басын тігіп атылды.

Бүгінгілер сезу керек,
сол алапат азапты,
Тар жол тайғақ,
көрген тірі – тозақты.
Орыстардың озбырлығы оңдырмай,
Қырғандығын қастық жасап,
аштық жасап қазақты.

Қайран қазақ,
көрген күнің түн болған,
Қайғың қалың,
жаның мұздай мұң болған.
Талғажауға тамақ таппай тапталып,
Адам етін адам жеген күн болған.
Қолшоқпары талаптарын қойғылап,
Жандайшаптар жаныңды алды сойғылап.

Алдырмас па еді?
айласына жаулардың,
Бірін-бірі сатпағанда бай-құлақ?..

Қайда менің,
жай отындай – намысым?!
Қайда менің,
«Алаш Орда» – Арысым?!
Рухыңнан күш аламыз, бабалар,
Қаралы күн...
Азалы үн.
Жанға батқан,
Арға қатқан, қан үшін.

Қобыздың үні

Қобыздың үні...
Оғыздың күні кешегі.
Аласапыран дүние,
алайда-дүлей еседі.
Шетсіз де шексіз,
осынау сайын далада,
Керуенін керіп,
Сақтар мен Ғұндар көшеді.

Қобыздың үні...
Ұлытты Ұлы Даланы!
Бабалар кешкен,
зұлматтар зулап ағады...
Қаңбақтар қаңғып,
бөрідей соққан бораннан,
Боздала боздап,
бозінген даусы талады.

Қобыздың үні...
Қазақтың көші – «Ақтабан».
Шұбырып талай,
тар жолды тайғақ таптаған.
Алапат аштық,
Көрсе де қорлық, сұмдықты,
Алашым аман,
дәстүр мен салтын сақтаған!

Қобыздың үні...
Зарлы да мұңлы, қайғылы.
Қанменен келген,
жерімнің бар байлығы.
Ұлтымды сақта,
Рухымды оят, құдірет,
Аспандап тұрсын
Алаштың асқақ айбыны!

Қобыздың үні...
Қорқыттың көрі – азалы.
Әркімнің бар ғой,
алдынан тосқан ажалы.
Қызықтырғанымен
қайыры жоқ ешкімге,
Өмірдің мынау,
қызыл да жасыл базары.

Қобыздың үні...
Көңілдің шерлі күйі еді.
Аманат қылған
ұрпаққа Ұлы сыйы еді!
Сүйемдей жерде
сүйегі жатыр бабамның,
Сатылып кеттің,
Өзегім өрт боп күйеді.

Мақсат ЕРЕЖЕП

Кеген ауданы

Алматы облысы