"САПТА ТҰРСЫН, ІШКІ ІСТЕР ОРГАНЫ!" ӨЛЕҢ ЖАЗАТЫН ПОЛИЦИЯ КАПИТАНЫ

Уақыты: 03.05.2020
Оқылды: 4490
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қатаң сақтап Ата Заңын, Жарлығын,
Қатар алып жауапты істің барлығын.
Бұзақының жолын кесіп қашанда,
Ашып қылмыс, ұрлық пенен қарлығын.

Тынымсыз боп өткізетін әр күнін,
Қадағалап ел-жұртының тәртібін.
Уақытпен де санаспайтын, көретін
Табиғаттың ыстығы мен салқынын.

Санап жүріп әрбір минут, сағатын,
Аңдып жүріп күдіктіні алатын.
Содан да бір тауыспайтын тағатын,
Жүрегі оның тыныштық деп соғатын.

Елі үшін талдырмайтын қанатын,
Мерекені жолда қарсы алатын.
Таңмен бірге басталатын жұмысы,
Кешпен бірге бітпей кейде қалатын.

Азаматтың көрсететін үлгісін,
Кеудесінің  жарқыратып жұлдызын.
Отбасының ұмытпаған тұрмысын,
Тәрбиелеп үлгеретін ұл-қызын.

Кейбіреулер айтады оған аса сын,
Көпшіліктің алып алғыс, батасын.
Мансап емес, мақсат қуған патриот,
Полициясы қазағымның жасасын!

Адал болсын халық сенген қорғаны,
Аман болып, орындалсын арманы.
Антқа берік нағыз сардар көбейіп,
Сапта тұрсын, ішкі істер органы!

* * *

Ардагерді  ардақтайтын келді күн,
Бағалайтын батырлығын, ерлігін.
Туған жер мен ұрпағының қорғаны,
Бақыттысың, асқақ әнсің сен бүгін.

Арпалысқан жан аямай күн өтті,
Соғыс зары елжіретті жүректі.
Соның бәрі ұмыт болып бүгінде,
Жерімізге уақыт – емші гүл екті.

Түсінетін тарихының мәнісін,
Отанына арнайтұғын әр ісін.
Биік ұстар ар-ожданын, намысын,
Ер көбейсін ауыратын жаны шын.

Отаныңа Жеңіс туын әпердің,
Өзің болдың  куәсі сұм қатердің.
“Ерлігіңе елің басын иеді”,
Деген сөзді ұран қылып өтермін.

Самғап биік қазағым, қалықтасын,
Ешқашан қайғы-мұңға жолықпасын.
Бабалардың жеңісі сыйға тартқан,
Шаңырақта ән болып шарықтасын.

Кіндігіңнен қан тамған жер тым ыстық,
Елімізге орнасын тек тыныштық.
Болашақты сақтасын тек тыныш қып,
Болсын елде бейбітшілік, ырыс-құт!

Ермек БЕКБОЛАТҰЛЫ,

Алматы қаласы полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасының полиция капитаны