"АҒАТАЙ, ЕСЕНСІЗ БЕ, АЙДАН АМАН..." АМАНДЫҚ БАТАЛОВҚА АРНАУ

Уақыты: 30.05.2020
Оқылды: 1800
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

... Ағатай, есенсіз бе, айдан аман?
Сізге сәлем арудан Ай қараған.
Шынарының шуағы сөнбесін деп,
Бақытының бағы үшін байтақ алаң.

Айдан арай сімірдім сыр баласы,
Болғаннан соң іші мұң, жырда басы.
Ертеңіне сенеді еңселі елім,
Өзіңіздей болған соң бір баласы.

Өмір осы біте ме өткелменен?!
Гүл кеше алмай қалдым ғой бөктерменен.
Аңқылдаған ақжайлау ағам кетті,
Мәңгілікке қоштасып көктемдермен.

Жолдарыңның жалт берсе өрі қайқаң,
Жарығына жалғанның көніп айтам.
Ардақтымның еліне, ақ дариға,
Ағатай, сізге және көңіл айтам...

...Ағарар аман көрсем ақ самала Ай,
Жаңарар көңіліміз атса арай.
Ағатай, айналайын, аман жүрші,
Байтағыңнан өзгені бақ санамай.

Айдан арай сімірдім сыр баласы,
Болғаннан соң іші мұң, жырда басы.
Ертеңімен еңселі ЕЛІМ сіздей
Болғаннан соң қазақтың бір баласы.

Мақпал МЫСА,

ақын,

"100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі