"ЖИ-ДАҒЫ ОҚЫ ЖЫРЫМДЫ": ШӘКӘРІМ АЙТҚАН "ҚЫРЫҚ ЖАСТА" ҚАНДАЙ ҚҰПИЯ БАР?

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 2450
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрімді.
Көрейін десең нұрымды,
Жи-дағы оқы жырымды.

ШАҺ-КӘРІМ

Жастықтың оты жалындап тұрған шақтағы қаламның қуаты да, шөлімізді қандырар өлеңнің суаты да басқа арнада болары ақиқат. Бір көргеннен ғашық болып, құлай сүйіп, Ләйліні аңсаған Мәжнүннің күйін кешуді жас өмірдің, жастық дәуреннің қайталанбас сәтінде кім болса да басынан кешірері сөзсіз. Қазақы өлшемде он жас – ойнақтаған лақтай, жиырма – жер тарпыған құр аттай, жиырма бес – алдаспандай жарқылдап, найзағайдың жасынындай жанарынан от ойнататын кез. Дәл осылай шар болаттай қайралып, шыңдалудың барлық сатысынан өткеннен кейінгі отыз жасты – орда бұзар деп әспеттеген. Әлгі «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер» дегеннен әр бес-он жыл сайынғы өсу сатыларынан қалай өткенін көруге болады. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал ала алмайсың» деген қайрау сөздің де айтары сол – отызға дейін байқарың болмаса, қырығыңда қырып келмейтініңді меңзеп тұр. Бұл жалпы қазақ ұғымындағы ер адамның жас өлшеміне берілген сын мен баға. Ақындық әлем де дәл осылай. Он сегіздің алауы күйдіріп, жиырма бестің жалыны бет қаратпай тұрғанымен  отызда отың шамалы басылып, қырықтың қызуына ұласады. Бір тұтатып қойсаң ұзақ жанып, жылуы бірден қайтпайтын сексеуілдің шоғындай маздап тұратын қырықта адамның ақыл-ойы, парасат кемелдігі басқа арнаға бұрылады. Бұл – өмір дәлелдеген шындық. Олай дейтінім, Ұлы Дала ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын парақтап отырғанда осы тұжырымға тоқталдым. «Қырықтан соңғы қырымды, сынамақ болсаң түрімді. Көрейін десең нұрымды, Жи-дағы оқы жырымды». Неге қырықтан соңғы қыры туралы айтып отыр? Неге «отыздан соңғы ойымды» немесе «елуде елге не бердім?» демейді. Әрине, «Асқан алпыстан мынау жасымыз» деп асқарлы жасты жырына арқау еткені рас. Ал қырықтың астарына келсек, бұл қазақы өмір-салтымызда да, шариғатымызда да орны ерекше жас. Шариғатқа үңілсеңіз бала ана құрсағында әрбір қырық күн сайын дамып отырады. (Қырық күнде ұйыған қанға, қырық күнде кесек етке, қырық күнде шеміршек-сүйекке айналып, қырық күнде сүйек етпен қапталады). Эмбриология ғылымы да бұл даму үдерісін жоққа шығармайды деп ойлаймын. Шарана дүниеге келгеннен кейін қырқынан шығару немесе марқұмды жерлегенде қабірден қырық қадам ұзағанда екі періштенің сұраққа алуы, өмірден өткен адамның қырқын беруі де текке атқарылып жүрген жоқ. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) қырық жаста пайғамбарлық берілуі бұл санның сырын тереңдете түседі. Ал өзін ақылды санаған қырықтан асқан адамның сөзі қандай, өзі қандай болатынын Шаһ-Кәрім қажының өлеңдерінен іздеп көрелік.

Даналық ойдан дән іздеген адам болса, Шәкәрім қажының рухани қамбасынан да молынан табары сөзсіз. Жерге еккен тұқымның алтын дәнге айналуына дейін диқаншы маңдай терін төгіп, табан етін соншалықты сөгіп жүріп, жемісін көретінін ескерсек, адамдық болмысымызды сақтап қалу үшін де жан азығын сондайлық еңбекқорлықпен қамдамасақ, рухани азарымыз шындық. Азбаудың жалғыз ғана жолы – жан дүниемізді ұдайы байытып отыру. Бір адам дүние мүлкімен бай болуы мүмкін, бірақ тәкаппарлыққа жол беріп, сараңдыққа ұрынса жиған-тергенінен не қайыр?

Байдың көркі – жомарттық. Енді бір адам бастықтың орынтағына отырар, ол да биліктің буына ұрынса, өзін халықтан биік санап, төбесі көк тірегендей төмен жақты көрмесе ондай тақтан да опа жоқ. Ұлық болсаң – кішік бол! Байдың бойынан – жомарттық, басшының болмысынан кішіпейілдік кездеспесе, бұл екі кейіпкердің де бір кемшілігі бар. Ол олқылықтың орнын толтыратын жан азығы. Яғни, жалғанға алданып қалмай, екі дүниеңді тең ұстап, адам алдындағы обал-сауап пен Алла алдындағы сұрақ-жауапты ескеру үшін бір сәт атадан қалған асыл сөзге зер салып тұру керек. Өзекті жанға бір өлімнің келерін ұмытпай, өміріңіздің соңы қайырлы болсын десеңіз дана бабаларымыздың ақылына құлақ түріп қойыңыз. Себебі, «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Яғни, ойламаған жерден қателікке ұрынып, біреудің назасына қалғанымызды өзіміз де байқамауымыз мүмкін.

Пенделікпен біліп-білмей істеп қойған күнәларымызға кешірім сұрап, сол кемшіліктің орнын ізгі амалмен толтыру үшін бойымызда имандылық қасиеті молынан болмақ керек. Кез келген адам өздігінен иманды немесе имансыз бола салмайды. Өмір сүру дағдысындағы амал-харекетіміз жақсы адамдардың арасынан орын сайлап береді немесе жаман әдеттеріміз арқылы пейілі тар пенделердің бел ортасында жүреміз. Ал бәріміздің өмірге келгендегі мақсатымыз – Алла қалағандай жақсы адам болып өмір сүру. Бұл жолға апаратын, әрине, тал бесіктен басталатын тәрбие. Сол тәрбиені бойымызға сіңіретін атадан аманат болып жеткен асыл сөздер екені даусыз.

Тәңірі жолы – ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер дағы қыл әдет.

Дәл осы төрт жолды берік ұстансақ, төрт құбыласы тең, ақ пен қараны ажырата білетін, адам деген атымызға лайық өмір сүретін жанға айналып шыға келеміз. Жүрек – адам бойындағы ең аяулы жері. Қуансақ – жүрегіміз толқиды, мұңайсақ – тебіренеді, қорықсақ – дүрсілдеп, аузымыздан шығып кете жаздайды. Яғни, бойымызда қандай сезім болмасын бәрі жүрек арқылы өтеді. Содан болар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, шын мәнінде ол – жүрек», – деген. Шәкәрім атамның айтып отырған ақ жүрегі сіздің кеудеңізді мекендесе, қиямет күні Тәңірінің алдында маңдайыңызды жарық, жүзіңізді нұрлы етпек. Сондықтан пенде ең әуелі жүрегіне қарасын. Сайтанның орына құлатып, өміріңізге қиянат жасайтын нәпсінің жетегімен емес, жүректің қалауымен өмір сүрген жанның екі дүниесі тең болмақ. Ол үшін қажы бабамыздан қалған мына шумақтағыдай өмір сүрмек керек:

Шын таза жан тазалықпен,
Тәңірісіне бармақ ол.
Мейірім, нысап, әділетте,
Ағызам деп нұр бұлақ.

Міне, Ұлы Жаратушының пендесінен талап ететіні де осы ғана ғой. Жанның тазалығы – Хақтың әміріне бойсұна өмір сүру. Ал Аллаға бойсұнған адамның болмысынан табылатын ізгі қасиеттер де осы – мейірім, ынсап, әділет. Ойлап көріңізші, мейірімді адамның ынсапты білмей, әділетсіз болуы мүмкін бе? Кеудесі асыл қазынаға толы Шаһ-Кәрім қажы адам болудың осындай үш қасиетін үлгі ете отырып, надандыққа жетелеп әкететін үш жаман әдеттен де сақтандырады. Жалпы, әрқайсымыздың бойымызда кездесіп жататын жақсы-жаман әдет қазақ ұлысына ғана емес, адамзат қауымына ортақ екені рас. Ақ пен қараны ажыратып беретіндей осы бір қажы бабам айтқан қорғасындай ойдан кім тағылым алса, оның жолы қашанда ашық. Пенде болған соң ара-тұра, тіпті, жиі кездесіп қалатын осындай кемшіліктен арылғанда ғана адам кемелдікке жолығары анық. 

Еріншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық. 
Бірінен бірі туады,
Жоғалар сөйтіп адамдық.

Әсілі, ұрпағының еріншектікке ұрынып қалмауының қамын күйттеу, тек қолына қалам алып, аманат сөзін қалдырған ақындар ғана емес, дала мектебінен дәріс алған кез келген дария кеуде қарияларымыздың да өнегелі өсиетінде жиі кездеседі. Өйткені, еріншектік адамдығыңды жоғалтуға бастайтын алғашқы қадам. Кімнің бойында еріншектік кеселі кездессе, оның өзі салақ, ісі олақ болып, сөзінен пәтуа, әрекетінен береке кетіп, нәтижесінде Шәкәрім қажы ескертіп отырған надандықтың ауылынан бір-ақ шықпақ. Дана бабамыздың ағасы хакім Абайдың да «еріншекті» бес дұшпанның қатарына бекер қоспағынын есті қазақ білсе керек.

Біле тұра бойынан аластамаса Шаһ-Кәрім бабамыз айтқан:

"Еріншек таза жүре алмас,
Кірі-қоңын жуа алмас.
Харекет жоқ, ғылым жоқ,
Өз бойынан ұялмастың"
кейіпкеріне айналып шыға келмек.

Зейін қоя оқып, зердемізге тоқи білсек, бабалар аманаты тегін академия ғой. Әл-Фараби дананың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегеніне көңіл бөлсек, бүгінгі білім алып жатқан ұрпақтың көбінің бойынан кездесе бермейтін тәрбиенің дәнін, міне, Шәкәрім атамның әр сөзінен алуға болады. Егер балаңыздың бойынан еріншектік кеселді байқадыңыз ба, бірден кесіп тастауға тырысыңыз. Оны кесудің жолы Шаһ-Кәрім Құдайбердіұлының ұлы мұрасын қолына ұстата қойыңыз да, еріншектік адам баласының қас жауы екенін санасына құйып үлгеріңіз. Өйткені, данышпан бабам бұл сөздерді Шыңғыстаудың бір қойнауында, жаздың жасыл жайлауында еріккеннен ермек қылып жазған жоқ.

Өмір керуенімен келе жатқан ұрпағы бір кәдесіне жаратар деп артына аманат етіп қалдырды. Сөз басында мысалға келтірген шайырдың қырықтан кейінгі қыры, міне, бізге осындай ұлағатты жол көрсетуімен ерекшеленіп тұр. Оқысаңыз сан түрлі ойға жетелейді. Әрбір істің жемісті нәтижесі адал еңбекте екенін өз өмірі арқылы өзегімізге дән қылып егіп-ақ жатыр. Соны баптап, күте білсек, біздің де ертеңіміздің жемісті болғаны.

Адамдық борыш, ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін.
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін.

Осы төрт жол әрқайсымыздың өмір сүру дағдымызға айналғаны керек қазіргі қоғамда. Бәріміздің ойымыз осы бір арнадан шығып жатса, қанеки. Жасырары жоқ, қазіргі қу дүние нәпсімізді семіртіп, санамызды шырмап алған уақытта адамдық борышын арымен таразылап, адамзат қамы үшін қарекет қылатындар аттың төбеліндей ғана. Бұл сөзімнің айқын дәлелін әлемді жаулап, біздің де елімізді теңселтіп тұрған індет кезінде – жалпы адамзат деп ауқымын кеңітіп, жауапкершілігін көбейтпей-ақ қояйын, өзі өмір сүріп отырған елдегі адамдардың тағдырына алаңдап, солардың аман қалуы үшін қам жейді деген көптеген алыпсатарлар оңай олжаға кенелгісі келіп, арын саудаға салды. Дәріханалар бағаны жаға ұстатар жағдайға дейін көтеріп жіберсе, қоймадағылар халыққа жеткізбей, өңешінен бума-бума ақша болып өткенше мыңқ етпей өлермендік танытты.

Әсілі, Шәкәрім атам айтқандай алдағы атар таң  үшін адамзат қамы үшін еңбек етем деп серт берген де солар еді ғой. Бұл көрініс тек дәріхана төңірегінде ғана болған жоқ. Жаның үшін бәрін беретініңді білген пысықтар ауадан ақша жасап бақты. Олардың санасында бабамнан жеткен адамдық борыш, ар-ұят деген қасиеттің сәулесі де болмағаны ғой сонда. Керісінше, қысылғанға қолдау көрсетіп, қиналғанға жәрдемдесу, құлағаңды сүйеп, жылағанның жасын сүрту қанында бар ел емес пе едік?! Бабадан балаға жеткен осындай ізгі қасиетімізге сананы дүние жаулаған мына заманда сызат түсті.

Ол сызатты өшіріп, адамдық қадірімізді өсіретін, жан дүниеміздің емі – атадан қалған асыл сөз. Жаны таза адамның қашанда ары таза! Жан тазалығының дәрумені – тәрбиемен берілген білім, атадан қалған аманат сөз. Алла ұрпағымызды ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жақсы көретін жылпостық дертпен емес, Шаһ-Кәрім қажы айтқандай адамдық сертпен өмір сүретін ар-намысты қылғай. Дана бабамның қырықтан кейінгі қырын, ұрпағына шашқан нұрын өзінің аманат жырымен аяқтайын:

Адам үшін – еңбегім,
Өмірден барлық тергенім.
Қалағанын қарап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет ғаламтордан алынды