ҚАЙРАТТАРДЫҢ РУХЫМЕН БАЙТАҚ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ҚҰРАЛДЫ: СТУДЕНТ ЖЫРЫ

Уақыты: 06.12.2020
Оқылды: 1200
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Сарыарқа, саз қалқыған сағым дала,
Тектілерді түлеткен ол бір дара.
Сөзге шешен, өр-қайсар, асқан дарын,
Бұл жерден көктеген де, өскен дана.

Нар Сәкен - алмас жырдың құбылысы,
Көпке үлгі ерен еңбек, ұлық ісі.
Тарихта аты қалған алмас жырмен,
Сәкен баба біз үшін ұлы кісі.

Нар Сәкенді жауыпты тар қапасқа,
Қайтейін, шындық ащы, жанға батса?
Бабаларға тағзым ет, ей, жас ұрпақ,
Алдыңнан алтын шапақ таңдар атса.

Ұлылардың ден қойып ақылына,
Жырының ой жіберем асылына.
Еліктеймін, қазақ деп құрбан болған,
Алаштың ай маңдайлы ақынына.

* * *

Тәуелсіздік бабалардың арманы, 
Бейбіт елде қыран құсым самғады.
Замандастар, келер күнді ойлайық,
Байтақ елдің біз болайық қорғаны.

Отар елдер қазір де көп емес,
Қан соғыстар бүгін де жоқ емес.
Парасатпен іс қылайық қашанда,
Сорабына салынбастан көп елес.

Өшірмейік баба жаққан алауды,
Құлатпайық дана тіккен жалауды.
Еркіндік те бабалардың қанымен,
Көктеп шықты, ғасыр бойы жаралды.

Тәуелсіздік - байтақ елдің ұраны,
Мойнындағы қасиетті тұмары,
Ұмытпайық,
Қайраттардың рухымен, 
Байтақ елдің болашағы құралды!

Ләззат САҒЫНТАЕВА,

Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 1-курс студенті