ІЗГІЛІКПЕН ІЗІНЕ ЕРТІП, ІРГЕМІЗДІ СӨГІП ЖҮРМЕСІН

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 2098

Үскірік аяз шарпыған қыстың көзі қырауда жылусыз отырған жұпыны үйлерге тонналап тегін көмір түсіріп кететін қайырымды жандарды кездестіріп пе едіңіз? Тіпті, сенбейтін де шығарсыз. Ал иланғаннан күннің өзінде мұндай ізгілікті адамдарға ерекше таңданыспен алғыс жаудырып, аяғына жығыла салуыңыз бек мүмкін. Неге дейсіз ғой? Өйткені, сіз де, біз де мына қоғамда қайтарымсыз қайырымдылық жасайтын шын мәніндегі жомарттарға шөліркеп жүрміз. Біздің қоғамның мұндай аңсарын әлгі жақсылық жасағыш жымысқылар жақсы біледі және осы осалдығымызды ұтымды пайдаланады. Олар бір қарағанда ғана осындай қайырымды, осындай мейірбан. Қай кезде де бұлар тұрмысы төмен отбасыларға ерекше қамқор, жан-жақты жанашыр көрінгісі келеді. Игі ісіне иіліп, салған жерден жат сенімнің сойылын соғып шығуыңыз оп-оңай мұндайда. Сондықтан, асықпаңыз, аптықпаңыз, олар – біздің жүрегімізді материалдық мұқтаждықты өтеумен жібітіп, ізгілікпен ізіне ерткісі келетін жат ағым өкілдері. Бүгінде әлем назары саф дінімізге сызат түсірген терроризмді тоқтатуға ауып тұрғанда иек астындағы Иеһова куәгерлерінен көресінді көрмесімізге кім кепіл?! Сол себепті ата дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қауіпті ағымның ақ-қарасын ажыратып, журналистік көзқараспен зерттеу жасауды жөн санадық.

Байқайсыз ба, қазіргі қоғам қауіптің қайдан туатынын таразылай алмай қалады кейде. Себебі, сағатына сан мыңдап құйылатын ақпараттар тасқыны адамды өресінен жаңылдырып, бұрыс пен дұрысты бағамдаудан ажыратып барады. Дақпырттың ішінен дерек іздеп, ала-құланың арасынан ақиқатты аршу – қиынның қиыны. Ғаламтор бетіндегі қызылды-жасылды әлемнен, жекелеген мүдде мен жасырын мақсаты араласқан ақпараттардан, дін атын жамылған жымысқы топтардан бізді тек ішкі ұлттық ұстын, еңбекпен жинаған шынайы білім ғана құтқарады. Алайда жетпіс жыл бойы салтанат құрған құдайсыз қоғам халықты ата салтынан ажыратып жіберді. Ұлттық таным тарылды. Тілінен, дінінен жеріген материалист ұрпақ қалыптаса бастады.

Егемендік алғаннан кейінгі ел арасындағы діни кеңістік әлсіз, сыртқы ағымдардың ықпалына жығыла салатын солқылдақ еді. Дәл осы тұста мұхиттың арғы бетінен «Иеһова куәгерлері» деген жаңа, жат ағым жүздеген діни топтармен бірге Қазақстанға келді. Атауы да, кімге куәгерлік ететіні де түсініксіз беймәлім сенім иелері еліміздегі ең көп тұрғындар шоғырланған Алматы қаласының маңайында миссиясын жүргізді. Бұлардың ең басты артықшылығы – айына бір рет түрлі түсті әрі қымбат қағазда «Күзет мұнарасы» деген журнал шығаруы. Мұндай жеке басылымы бар діни ағымдар әлемде өте сирек. Арысы, жекелеген парақшалар таратып, бірді-екілі кітаптар ғана шығаруы мүмкін. Ал Иеһова куәгерлерінде мұндай емес. Бұлар ел арасында ерінбей үгіт айтумен қатар, мазмұны жетік, мақсаты айқын, сөйлемдері айна-қатесіз жазылған, көркем суреттері өте әсерлі кітаптар бастырады.

Жат ағымның мақсаты, міндеті, бір сөзбен айтқанда, басты миссиясы осы басылымдарда байқалады. Десек те, «Күзет мұнарасы» журналының мазмұнынан түпкі мақсатын аңғару өте қиын. Діни сауаты жоқ, ұлттық діңгегі солқылдақ адам үшін түрлі түсті журнал рухани шамшырақ тәрізді көрінеді. Тәңірдің куәгеріміз дейтін аталмыш топ ұлтты болмысынан айырып, өз мүдделеріне жығу үшін неше түрлі әдісті қолданады. Алдымен, олар уағыздарын көше-көшені аралаумен, қарапайым адамдарды әңгімеге тартып, қамқорлық танытумен жүргізеді. Жақсы киінген, қымбат көліктегі дәулетті жандарға жолай қоймайды. Керісінше, жұпыны киімдегі қара жұмысшылармен, материалдық көмекке зәру тұрғындармен тілдеседі. Кездестірген адамы қарсылық танытып, балағаттауға дейін барса да дөрекі мінез танытпай, қарабайыр сөздерсіз, көркем сөйлеп, мейірімді жүзбен әңгіме-дүкен құруға тырысады.

Мұндағы мақсат – өздерін құдайдың сөзін сөйлеп тұрғандай көркем әсер қалдыру әрі сол жұмсақ мінезі арқылы адамның санасын баурап алу. Атап өтейік, Иеһова куәгерлерінде материалдық мәселе көтерілген емес. Үгіт жүргізу үшін олар қаржы аямайды. Мынадай әлемдік дағдарыс қыспаққа алып тұрған заманда журналдары да сапалы, кітаптары да көркем. Сапасы да өте қымбат қағаздар. Иеһова куәгерлерінің негізгі ерекшелігі, тілдесетін адамын риторикалық сұрақтар арқылы баурайды. Яғни, жауабы да, сұрағы да үгітке толы сөйлемдер қолданады. Мәселен, олар көшеде кезіккен кез келген жанға: «Мына өмірдің мәні неде екенін білесіз бе? Құдайға сенесіз бе? Қайырымды істер жасайсыз ба? Құдайдан қорқасыз ба? Ақырет күніне дайынсыз ба?» – деген сыңайда бірнеше сұрақ қою арқылы тосыннан ой салып көреді.

Қарасаңыз, бұл сұрақтар ата дінімізде де маңызды. Иеһовалықтар қарапайым адамның көңілін осындай жалпылама сұрақтармен өзіне қаратады. Олар жергілікті қазақтардың танымын, түсінігін, көзқарасын, ұлттық салт-дәстүрін, тұтас мәдениетін терең зерттеген. Сол себепті де ең бірінші жүректі қозғайтын сауалдар қойып, қоян-қолтық араласуға, емен-жарқын сырласуға саңылау іздейді. Екінші және үшінші кезекте ғана Иса пайғамбардың (с.ғ.с) өмірінен мысалдар келтіріп, ізгілікті істермен адамның көңілін босатуға күш салады. Бұл аралықта адам исламдағы дүниетанымынан ажырап, Құран аяттарындағы адамгершілік қағидаттарын, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жақсылық жасау жолындағы хадистерін жат ағымның жөн-жоралғыларымен ауыстыра бастайды.

Осылайша Ислам мен Иеһова куәгерлерінің аражігін ажырата алмай қалған делқұлы біртіндеп атадан қалған рухани діңгегінен қол үзеді. Біздің зерттеуімізше, жат ағымның жолына оп-оңай түсіп кетудің салдары діни ұқсастықта жатыр. Жымысқы топтың өкілдері «Киелі кітап хикаялары», «Ізгілік хабары» сынды кітаптарды үздіксіз бастырады. Мұнда кәдімгі Құран Кәрімдегі пайғамбарлар қиссасы түгелдей дерлік баяндалған. Алайда олар кітапта Мұхаммедке (с.ғ.с) мүлде жуымайды және мойындамайды. Әлгі кітаптарды оқыған адам соңғы пайғамбарымыздың есімін ұмытып, қайырымдылық іс, мейірбандылық, ізгілік, кешірім, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу секілді Исаның (с.ғ.с) игі амалдарына бас иіп кетуі ықтимал. Расында да, Иеһова куәгерлерінің кітаптары мен журналдары бір қарағанда түгел ізгі амалдарға толы. Олар әр сөзін мейлінше қазақтың салтына, дәстүріне, мәдениетіне жақындастырып, ұқсастырып айтады.

Құдайдың аспан мен жерді алты күнде жаратқаны, Адам ата (с.ғ.с) мен Хауа ананың алма жеген оқиғасы, Нұх пайғамбардың (с.ғ.с) кемесі, жайын жұтқан Жүністің (с.ғ.с) өмірі, Мұса (с.ғ.с) мен Перғауын заманы Иеһова куәгерлері бастырған кітаптарда жан-жақты баяндалады. Олар мұны жоққа шығармайды және бұларды дәріптейді. Алғаш иеһовалықтармен танысқан адам осы ұқсастықты жанына жақын қабылдап, қауіпті ағымның илеуіне тез арада кетіп қалуы кәдік. Баршамызға мәлім, ата дінімізде де дәл осы оқиғалар айтылады және мойындалады. Арбалған адам осы ұқсастықтарды таразылаймын деп шырмауға түседі. Сонымен бірге, бұлар қайғырғанның көңілін аулау, қиналғанның жанынан табылу, рухани және материалдық көмек көрсету белгілеріне басымдық беру арқылы мұсылманшылықты ұстанған халыққа жақындауға талпынады.

Сонымен, әңгімеге тартып, мүддесіне жығудың екінші жолы – басылым. Бұл туралы әңгіме бөлек. Өйткені, халық арасында ең көп зардап шегетіндер «Күзет мұнарасы» журналының ықпалымен жүзеге асқан. Үгіт таратушылардың қолдарында міндетті түрде кітап толы қоржын болады. Егер сіз олармен қай тілде сөйлессеңіз де қиындық тудырмайды. Олар қазақ және орыс тіліне жетік. Кітаптары да екі тілде басылған. Ең қауіптісі, басылымдардағы көз тойдыратын әдемі дизайн, не емле, не стилистикалық қатесі жоқ қазақ тіліндегі тартымды тақырыптар бірден баурайды. Әсіресе, басылымдары мейлінше балалардың тіліне бейімделіп жазылған. Ал суреттері ертегі әлемінен сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Баспаларында арнайы суретшілері де бар секілді. Көрдіңіз бе, жат ағым бабалар аманатын арқалаған балаларды қызықтыруға көшкен.

Иеһовалықтардың уағызын жүргізетін «Күзет мұнарасы» журналы айына бір рет басылады. Бас тақырыптың астында: «Иеһова құдайдың патшалығын жариялайды», – деген ұран сөз жазылған. Қазақстандағы ұлт мәдениетіне ашықтан-ашық соққы жасап, осылай түсініксіз ұран сөз жазып қойған журналдың ішкі мазмұны да түгел теріс пиғылды ту етеді. Олар халықтың арасынан туындайтын көкейкесті сауалдарды әу бастан біледі. Сондықтан да, журналдың әр бетінде ең маңызды сауалдарға жауап іздейді. Жауап пен сұрақты жай сөйлемдермен құрай салмай, түрлі мазмұнда құпиялап, еліктіре түседі.

Әрине, әлемнің барлық мемлекетінде бөлімшесі бар діни ұйымға қай-қайсымыз да: «Сіздерді кім қаржыландырады?» – деген сұрақ қоятынымыз анық. Рухани орталықтарында жауапты қызмет атқаратын өкілдері бұл сауалдың туындайтынын баяғыдан біледі. Бәріне жауаптары дайын. Құдай жолындағы садақамен жиналған қаражат екенін айтып, танбай тұрып алады. Исламда да садақаның орны ерекше әрі Алла разылығына бөленудің бір жолы осы. Иеһовалықтар да садақа беру мәселесін мүмкіндігінше мұсылманшылыққа жақындатып көрсеткісі келеді. Нәтижесінде, халықты ұқсастық арқылы орға жығуды көздейді.

Жат ағым басшылыққа Киелі кітап жазбаларын алады. Өкініштісі, бұлар дүниежүзіндегі екі миллиард мұсылманның қасиетті Құран Кәрім кітабына көз жұмып қарайды. Мұның себебін өздері де түсіндіруден қашқақтайды. Бірақ халықтың назарын өздеріне аудару үшін біздің салтымызды, тілімізді, мәдениетімізді, сенімімізді жан-жақты қолданады. Мәселенки, «Күзет мұнарасы» журналындағы кейбір мақалаларға көңіл бөлсеңіз, ойдан құралған оқиғаларды жиі кездестіресіз. Әңгімелеріндегі кейіпкерлердің есімін қазақша таңдап алып, мүмкіндігінше ұлттық таным-түсінігімізге сай етуге тырысады. Аталған журналдың кезекті бір санында «Жүректі сыздатқан қайғы-мұң» деген әңгіме басылған. Қайғының қара көрпесін жамылған Нағима есімді қазақ қыздың шынымен де тағдыры ауыр. Ата-анасы жол апатынан ажал құшып, соңынан қызы қайғыға батады.

«Дұрысын Құдай біледі ғой, қалқам. Жыламашы». Бұл – асқар таудай әкесінің көзін көрген досының жұбату сөзі. Оқиғадан адамдардың мәңгі өмір сүрмейтінін, өлімнің бар екенін білеміз. Қарапайым ұғым болғанмен, осы әңгіменің өзегіне де иеһовалықтар өз құдайын қосып қояды. Мақаланың мәнінен ұқққанымыз – қайғыны басу үшін тек Иеһова құдайы ғана қол ұшын созады-мыс. Жат ағым өкілдері не себепті журналдағы кейіпкерлердің есімін қазақшалады? Мақсаты түсінікті. Төл мәдениетімізді мықтап меңгерген олар ана тіліміз арқылы іштен ірітпекші. Журналдың «Істеріңді кім қаржыландырады?» деген бөлігінде: «Ұйымның қаражаты дұрыс қолданылады. Бізде қызметіне ақы алатын дінбасылар жоқ. Куәгерлер үйме-үй уағыздағандары үшін ақы алмайды және кездесу өткізетін жайларымыз өте қарапайым», – деп жазылған.

Не ұқтыңыз? Олар салған жерден өте қарапайым көрінгісі келеді. Бұл – бір. Екінші, мінезін мүмкіндігінше көркем ұстайды. Түптің-түбінде мақтамен бауыздап түсіреді. Үшінші, қоғамда жұпыны отбасыларға қол ұшын созу арқылы халықтың жүрегін жібітуді көздейді. Миллиондаған дана түрлі түсті кітап, журнал басып шығарып, жүздеген мемлекеттерде ғибадатхана салу, табиғи апат алған үйлерге қол ұшын созу бір ғана садақадан жиналған қаражат емес. Бұл – төрт. Есіңізде болсын, олар бәрін ізгілікпен шешеміз деп шімірікпей айтады. Қазақшаға өте судай және басылымдары да мемлекеттік тілде айна-қатесіз басылады. Бұл – бес.

«Сендер американдық сектасыңдар ма?» Журналдың көзге бірден түсетін алғашқы бетінде, сонымен бірге, ғаламтордағы сайттарында осындай сауалды үлкен қаріптермен беріп қойған. Бұл – халықтың көкейіндегі ең негізгі сауал. Олар бұл мәселені алдын ала ескеріп, әдейілеп өздеріне енгізіп қойған сияқты. Ал енді жауабына үңіліп көрейік: «Иеһова куәгерлері өз іс-шараларын 230-дан аса ел мен аумақта атқарады. Қай елде тұрып жатқанымызға қарамай, АҚШ не адами басқа өкіметке емес, Иеһова құдайы мен Иса Мәсіхке шын берілгенбіз», – деп өздерінің миссиясын тайға таңба басқандай айқын көрсетеді.

Иеһовалықтардың бас басқармасы Нью-Иорк қаласында орналасқан. Алайда олар уағыздарында өзге ешбір дінді ескермей, Иса пайғамбардың ізбасары ретінде үгіт жүргізеді. Оған дәлел, жылда Исаны (с.ғ.с) еске алу кеші. Дәлірек айтсақ, өлген күнін атап өтеді. Жалпы, аптасына екі рет кездесу ұйымдастырады. Олар ортада шеңбер құрып тұра қалады да, музыкалық аспаптарды қолдану арқылы ән салады. Әннің мәтіні Иеһова құдайын мадақтауға арналған. Кездесуге кіруге ешкімге тыйым салынбаған. Тіпті, бұл дінді ұстанбасаңыз да емін-еркін еніп, жөн-жоралғыларына қатыса беруіңізге болады. Бұл арқылы олар ашықтықты қамтамасыз етіп, ақиқатты сүйген сыңай танытады. Шын мәнінде олай емес.

Бүгінде Иеһова куәгерлері әлемнің 240 елінде бар. Күннен-күнге бұлардың қатары толығып барады. Тіпті, журналдары мен онлайн беттерінде осы діни ағымға кіргендердің саны да анық жазылыпты. Ізгілікпен ізіне ертетіндер 8 миллион 220 мың 105 адамды құрайды. Жыл сайын Иса Мәсіхті еске алу кешіне 20 миллионға жуық адам қатысады. Он екі айда 10 миллион шамасында тегін кітаптар таратылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.

Ең өкініштісі, «Күзет мұнарасы» журналының тұп-тұнық қазақ тілінде басылуы. Біздің тілдік тұрғыда жүргізген зерттеуіміз нәтиже бермеді. Бір білеріміз, Иеһова куәгерлері – қазақшаға судай, өте сауатты жазылған журналы бар жалғыз жат діни ағым. Қазақстандағы өзге қай діни ұйымдарды алып қарасақ та, не қазақшаға, не орысшаға шорқақтық танытып, тіл, сөйлеу тұрғысынан ақсап жатады. Ал мыналарда мұндай кемшілік атымен жоқ. Сонда иеһовалықтар қазақ тілін қайдан, қалай, қашан үйренген? Олардың біздің елге келгеніне 20 шақты жыл өтті. Аз уақытта тіл меңгеруі мүмкін емес. Ауызекі үйренсе де, журналдағыдай жатық жазатын деңгей жат ағым өкілдерінде қалыптаса қойған жоқ. Демек, бұлар біздің отандық тілшілерді тартқан секілді. Әрине, бұл тақырып қозғалып көрмеген және «Күзет мұнарасы» журналының қазақшасын кімдер жазатыны ешкімді қызықтырмайды да. Көбіне, Иеһова куәгерлерінің тілі емес, тарататын зиянды ағымы туралы жан-жақты айтылып келді.

Журналда: «Иеһова куәгерлері туралы сіз не білесіз?» – деп сауал тастайды. Ел арасында айтылатын өздеріне қатысты теріс ақпараттарға сенбеуге шақырады. Олардың айтуынша, Иеһова – құдайдың өзіне берген есімі. Сорақысы – жат ағым өздерінің қатарына сонау Нұхтан бастап Ыбырайым, Ысқақ, Жақып, Жүсіп, Мұса және Дәуіт пайғамбарларды қосып алғандығы. Иеһовалықтар Адам ата мен Хауа ананы түп атамыз бен түп анамыз деп айтады. Әлбетте, бұл дұрыс. Сонымен бірге, елді адастыру үшін ақшаға ермейтіндіктерін, қарапайым ғана құдайдың құлдары екендіктерін сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп бағады. Ең қызығы, бұлар христиандық бағытқа да мойынсұнбайды. Христиандардағы үштік туралы ілімге үзілді-кесілді қарсы. Жаратқан иеміз – жалғыз Құдай деп жар салады. Алланың есімін Иеһова деп шатқан қауіпті ағым өкілдері Қазақстанда да қызметін жалғастырып жатыр.

Алғашқы он жылда бұлар өзіміздің Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданында діни үгіт жүргізді. Есік қаласында Қазақстан бойынша бас ғимараты орналасты. Нью-Иоркте басылған таза қазақ тіліндегі газет-журналдары мен кітаптары осы Есік қаласынан таратылатын. Кейіннен Алматы қаласына көшірілді. Бүгінде бірнеше облыс орталықтарында Иеһова куәгерлерінің ғибадатханалары бар.

Олар да бір Құдайға сыйынуды насихаттайды. Олар да өлімнен кейін өмірдің барын айтады. Алайда Алланың әмірінен алыс, исламға ұқсастық іздеуді кезекті бір әдіс ретінде түсінеді. Олар да садақа беруді сүйеді. Мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Дәлел ретінде келтірсек, соңғы он шақты жыл бойы олар Алматы қаласында және онымен шектесетін көршілес аудандарда көше-көшелерді аралап, тегін кітаптар таратты. Тұрмысы төмен отбасыларының балаларын киіндіріп, қыстық көмір-суын түсіріп беріп жүрді. Әйтпесе, иеһовалықтар Құранды да, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедті де мүлде мойындамайды. Халық көбіне осы ұқсастықтар арқылы арандап қалуы әбден мүмкін.

Олардың діндегі ең өрескел қателіктері – тозақты жоққа шығаруы. Оған дәлел ретінде өздерінің Киелі кітабындағы «Еремия» деген тараушаны келтіреді. Оның 7:31 деген аятында: «Құдайдың өзі адамдарды отқа өртеу мен азаптауды әмір етпеген, жүрегіне түйіп, ойына да алмаған», – деп жазылыпты-мыс. Иеһовалықтар осы бір сөйлем арқылы манадан бері мадақтаған жалғыз Құдайын жүрегі бар жанның қатарына қосып қояды. Сонымен бірге, сонша сүйіспеншілік пен мейірімге толы Құдайдың тозақты жаратып, адамдарды азаптауы мүмкін емес деп сендіреді. Алайда бұлар қайта тірілуді, ақырет күнін мойындайды және ол сәтте Құдай лайықты деп тапқандарына ғана соңыра жан бітіреді-міс.

Иеһовалықтар тағдырды түгел жоққа шығарады. Адам өз тағдырына өзі қожалық ететінін олар «Күзет мұнарасы» журналында ашық жазады. Қазақтың жазмышын, пешенесін, маңдайға жазылғанын мойындаудан көркем түрде бас тартады. Көрдіңіз бе, олар қарсылықтарын ешуақытта дөрекі түрде ашықтан-ашық білдірген емес. Тек түйіндерді көркем жолмен шешуге ұмтылады. Ата дінімізбен тағы бір ұқсастығы – мүсінге табынуды жоққа шығару әрі Құдайдың алдында бәрінің теңдігі. Сондай-ақ, бұлар саясатта бейтараптық танытып, бетегеден биік, жусаннан аласа болып көрініп бағады. Бір қарағанда, өздерін жергілікті заңға бағынғыш, құлақкесті Құдайдың құлындай көрсетеді. «Құдай жалғыз, сондықтан шынайы дін де жалғыз болу керек. Ол ілім Таурат, Забур және Інжілмен сәйкес келсе ғана шынайы дін бола алады», – дейді иеһовалықтар. Мұның алғашқы сөйлемі Исламға жат емес, алайда екінші сөзінде оқырманын адастырып әкетеді. Яғни, Алладан түскен төрт кітаптың төресін, толықтырылған және өзгертілмейтін, әр әрпін періште күзететін Құранды өз қатарларына қоспайды.

Діни сауаты жоқ адамға өздерін: «Мұсылманбыз», – деп таныстыратын қауіпті ағымның адамы Құран туралы да хабардар. Десе де, Құранның Таурат, Інжіл, Забурды жоққа шығармайтын аяттарын алады да, Исаның Інжіліне бұрып әкетеді. Ең жаман жері, бұлар Ислам дініне Құраннан бұрын түсірілген үш кітаптың өзгертілгенін әшкерелегені үшін айып тағады. Иеһова куәгерлері қан беруге, қан алуға қарсы. Саяси науқан кезінде сайлауға қатысуға жол бермеуге тырысады. Әскери қызметті, Отан алдындағы міндетті ұнатпайды. Мемлекеттік мейрамдарды тойлауды күнә деп біледі. Әр уағызында қару ұстауға қарсы үгіт жүргізеді. Ата Заңға, Елтаңбаға, Әнұранға бас имейді. Бір сөзбен айтқанда, бұлар қазақтың салтына сызат түсіріп, ғасырлар бойғы асыл сенімін аяқасты етуді қолға алған. Осы жолда жат ағым өкілдері ізгілікті, қарапайымдылықты, қайырымдылықты қолданады.

Иеһова куәгерлерінің тарихына жүгінсек, 1870 жылы Нью-Иорк қаласында құрылған. Рассел есімді азамат діннің негізін қалапты. Алайда рухани жетекшісінің сөзі мен ісі басқа, азғындыққа ерген адам екен. Кейіннен ағымды Руттерфолд деген шырақшы басқарады. Әу бастан түсініксіз бағытта құрылған теріс ағымда расында да шынайы сенім жоқ. Не христиандыққа, не мұсылманшылыққа, не буддизмге бас имейтін иеһовалықтар қандай мақсатты көздеп жүргенін өздері де білмей қалады. Олар бірде Құдайдың қызметшісіміз десе, бірде саяси себептерін де жасырмай іс-әрекет арқылы көрсетіп қояды. Дүниежүзілік екі соғыстың себептерін, саяси партиялардың теке-тіресін Иса пайғамбардың жіберіп отырған жазасымен байланыстырады.

Иеһовалықтар қазіргі таңда қанатын кеңге жайған. Қауіп сол. Әсіресе, «Күзет мұнарасы» журналы арқылы мыңдаған қазақтың санасына теріс идея құйып жатыр. Негізінен, мұндайда жас балалар зардап шегеді. Шыны керек, біздің исламда көрнекі құралдар, ата дінімізді ардақтайтын оқу құралдары аздық етіп тұр. Оның ішінде балалардың тіліне лайықталған, жеңіл мазмұндағы, түсінуге қолайлы көркем суретті ислам әдебиеті жеткіліксіз. Олар да осы осалдықты өз мақсаттарына пайдаланып, үсті-үстіне сапалы қағазбен көрнекі кітаптар бастыруда. Иеһова құдайын насихаттаған әр мәтіннің соңында олар балаларға арнап, таза қазақ тілінде тапсырмалар ұсынады. Сұрақтар қояды. Сөйтіп, әңгімелерден алған әсерді неше түрлі сауалдармен пысықтайды. Журналдың «Талқылауға арналған сұрақтар» деген тарауында: «Исаның туған күні не себепті 25 желтоқсанда тойланады?», «Жалған діннен шыққан соң өзіңе не деп сауал қоясың?» – деген қитұрқы сауалдар жеткілікті. Байқадыңыз ба, сұрақтарының астарында да Иеһовадан өзгенің бәрін жалған діннің санатына жатқызып тұр.

2011 жылы бекітілген ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңында миссионерлік бағыттағы топтарға жыл сайын тіркеуден өту міндеттелді. Аталған заңның 9-бабында: «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсатты заттарды тек қана ғибадат үйлерінде діни білім беру ұйымдарында, тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі», – деп көрсетілген. Алайда иеһовалықтардың көше-көшені аралап, көрнекілікке толы діни журналдарын таратып жүргенін жиі байқаймыз. Сонымен бірге, осы заңда: «Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде діни қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтырының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық тәуелділігін пайдалануға жол берілмейді», – делінген. Бұл – 10-баптың екінші тармағы. Иеһова куәгерлері бұл бапты да белден басып отырған сыңайлы. Тұрмысы төмен үйлерді әдейі іздеп, материалдық көмекке тарту арқылы үгіт жүргізуін қояр емес.

ТҮЙІН:

Біз зерттеу мақаламызда иеһовалықтардың тарихына тоқталған жоқпыз. Оқырманға ол онсыз да таныс. Біз Ислам мен Иеһованы мүмкіндігінше қатар қойып, жат ағымның жарға жығатын қауіпті іс-әрекеттерін тізбелеуге тырыстық. Талдауға, ақ-қарасын ажыратуға күш салдық. Бүгінде халық ізгілікпен ізіне ертетін ағымның теріс уағызын ата дінімізге ұқсастырып айтуынан көп зардап шегеді. Сондықтан, біз де мүмкіндігінше сол ұқсастық факторларын мақаламызға өзек етіп алып, халықты бөтен діннің көркем де көрнекі қазақ тілінде шығатын басылымдарына елтіп қалмауға шақырдық. Өкініштісі сол, иек астындағы Иеһованы қазақ тілінде насихаттап отырған өзіміздің қандастарымыз екендігі. Өйткені, жат ағымның журналындағы жатық та көркем тілді қауіпті насихаттарды арнайы мамандар, қаламы ұшқыр журналист яки білікті, сөйлем құрауға жүйрік филологтың жазғаны ап-айқын аңғарылады. Абайлаңыз, тозақты жоққа шығарып, Алла сөзін аяққа таптаған теріс ағымның тырнағына ілігіп кетпеңіз.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

"Жетісу"