ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚТЫ САҚТАУДЫҢ БЕС НЕГІЗГІ ҚАҒИДАСЫ - БАС ИМАМ

Уақыты: 01.05.2022
Оқылды: 3004

Араб тілінде «Ислам» сөзі – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу деген ұғымды білдіреді. Демек Ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әрбір дін өкіліне құрметпен қарайтын мұсылмандар ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі, 13-аятында: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өсір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)», – деп адамның жаратылыс сырын ұғынуға шақырады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан тақуалығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуалы (адамгершілігі мол) болғандарың», – дейді.

Міне, осындай Құран және хадис деп аталатын берік екі өзектен бастау алған Ислам діні қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мынадай бес негізгі қағиданы талап етеді. Бірінші – өзгенің ақысына кірмеу. Ислам дінін терең түсініп, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбейді.

Екінші – әр уақытта әділдікпен жақсы қарым-қатынас жасау. Құранның «Нахыл» сүресі, 90 аятында бұл туралы: «Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында ұстап, игі істер істеуді және туған-туысқа қол ұшын беріп, қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар, арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп Алла Тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді», –  делінген.

Үшінші – көркем мінезге ие болу. Ислам діні жақсы мінез-құлықтан тұрады. Мұны Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады.

Төртінші – сенім еркіндігі. Ислам діні жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ.

Бесінші – мейірімділікті және кешірімділікті ұстану. Ислам діні әрбір пендеге мейірімді әрі кешірімді болуды бұйырады. Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятында: «(Уа, Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма)», – деп бұйырады елшісіне. Ислам үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті сақтауды бұйырады.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы екіжүзділер мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білсе де ондайларды еш уақытта елге паш етпей ынтымақ пен бірліктің ұйтқысы бола білді.

Елімізде жылдың басында тәртіпсіздік жағдайы орын алып, қоғам ынтымағы мен бірлігіне сызат түсіретін бей-берекет әрекеттер жасалды. Сондай сәтте Қазақстан Мұсылмандары міни басқармасы халқымызды бірлікке, тыныштыққа шақырып, 2022 жылды «Ислам ынтымақ және бірлік жылы» деп жариялады. Алдымызда келе жатқан 1-ші мамыр бірлік күні  Қазақстан халқының ынтымағы пен бірлігін арттыратын төл мерекемізге айналып, мемлекеттік  деңгейде тойланып келеді.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, халқымызды ауызбіршіліктен айырмасын, жастарымызға тура жол, көркем мінез нәсіп етсін! Әмин!

Алмас САҒИДОЛЛАҰЛЫ,

Талдықорған өңірлік орталық «Иман» мешітінің бас имамы

Алматы облысы