ЕНЕ «КЕНЕ» МЕ, ӘЛДЕ КЕЛІН «КЕЛСАП» ПА?

Уақыты: 22.06.2022
Оқылды: 2346

Үйдегі тыныштық пен береке ерлі-зайыптылардан бөлек ене мен келіннің қарым-қатынасына тікелей қатысты. Екеуі бірін-бірі сыйлап, түсініссе, әулетті көптеген бәле-жаладан құтқарады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, алайда кейбір ене мен келіннің арасында құлып салынған алып қара қақпа орнаған.

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, осы тақырыптағы түрлі бейнебаян мен жазбаларды кездестіруге болады. Тіпті соларды тамашалап отырған жандардың пікірін оқысаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. Ене десе көз алдымызға бірден қатал, қызғаншақ жан елестейді. Ал ененің санасында: «Бұл келін мен туралы жаман ойлайды» деген күдік пен күмән пайда болады. Олай болса, біздің менталитетке мүлдем жат әрекеттің қалай алдын алу керегін айтайық.

Бірінші, көбіне ене мен келін арасындағы жанжалға бірден бір себеп – салыстыру. Яғни, «Пәленшенің келіні жақсы», «қолынан бәрі келеді», «ерте тұрады» немесе керісінше «әпкемнің енесі керемет жан, жуас екен» деген сынды ойлар қарым-қатынасқа іріткі салады. Кемшіліксіз адам болмайды. Сәйкесінше, әр пенденің өзгенің қолынан келмейтін артықшылығы да бар. Назарды адамның жақсы жағына аударып үйреніңіз.

Екінші, жас келін тұрмысқа шығып, босаға аттағанда енелер «Келінімді қызымдай көрем» деген уәде береді де, аз уақыттан соң бәрі өзгеріп шыға келеді. Келін енеге қызындай бола алмайды. Неге? Себебі, келін басқа әулеттегі тәрбиемен өскен. «Оны түзетемін, өз ережелеріме бағындырамын» деп кейбір енелер жас келінге мінез көрсетеді. Алайда келін ондайды көтере алмауы мүмкін.

Қазақтан сөз артылған ба? «Қызым саған айтам» деген мақал бар. Ана өз балаларына қанша ұрысса да, баласы оны жеңіл қабылдайды. Сондықтан келінге үйдің тәртібін өз қызы арқылы жеткізу дұрыс шешім.

Кез келген мәселеде тек бір ғана адам кінәлі болуы сирек жайт. Дау туындаған жерде барлығынан қате кетеді. Кінә келін тарапынан да болуы мүмкін. Қазіргі таңда келіндер өз міндеттерін дұрыс атқарып жүр ме? Бірге сараптап көрейік.

Ұядан ұшып өз үйіне келгенде келіннің басты ниеті – енемен қарым-қатынасын нығайту болуы керек. Күйеуіңнің анасымен сыйласудың маңызы жоғары. Сол  себепті енеңнің жүрегіне жол тап.

«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады» делінген хадисте (Байһақи). Сыйлық беріп адамды қуанту – сүннет. Енесінің көңілін аулаған келін оған қандай бұйым қажет екенін оңай тауып, амалын жасап, қуантуға тырысады. Еш себепсіз берілген сыйдың пайдасы да көп: сүйіспеншілік артады, құрмет қалыптасады, жақындық орнатады, көреалмаушылықты жояды.

Қорытындылай келе, ене – келін үшін тәрбие институты екендігін айтқым келеді. Әдетте сапалы білім алу жақсы ұстазға байланысты болса, ене институтын үздік тәмамдау келінге байланысты. Бүгінгі бала келін, ертеңгі дана ене. Тағы айтарымыз адам адамға – сынақ. Бір-бірінің теріс қылығына сабыр сақтау – тұлғалық сипатыңды өсіріп, ұзақ әрі бай-қуатты өмір сүруіңе кепіл болады. Әрбір ана өзінің бір кездері бөтен босағаны тосырқай аттаған келін болғанын, әр келін ертеңгі ене екенін естен шығармаса екен дейміз.

Дана БӘКІР,
Тұран университетінің студенті