ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ 200-ГЕ ЖУЫҚ ШАРА ӨТЕДІ

Уақыты: 21.03.2023
Оқылды: 2998

Жаңа күннің келер басы – Ұлысты ұлы күні Наурыз мейрамына орай Тіл сарайында облысымыздың діни бірлестік өкілдерімен кездесу өтті.

Жетісу облысы дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының ұйымдастыруымен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли жұртшылықты тарихи тамырын тереңнен тартқан, мейірімділік пен ізгіліктің мерекесі Наурызбен құттықтап, мереке қарсаңында атқарылатын жұмыстарды баяндады.

Атап айтсақ, облысымызда Ұлыстың ұлы күніне орай 200-ге жуық шара өткізілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрдың алдында ұлы ақын Абай атамыздың ескерткішінің ашылу салтанаты өтеді. Сонымен қатар, биыл да ораза айында дәстүрлі ауызашар беріледі. Өңірдің барлық ауданында мерекелік концерт, дәстүрлі ойындар  ұйымдастырылады.

Осыдан кейін Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлерімізді жаңғыртудың маңызы өте зор екенін айтып, ақжарма тілегін ақтарды.

Өз кезегінде сөз алған белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубаев:

– Қай заманды алып қарасақ та дінсіз қоғам болған емес. Діннің бүгінгі қоғамда да алатын орны үлкен. Ұлыстың ұлы күні мерекесінің өзі дінмен байланысты. Наурыз дегеніміз – кешірімділік, мейірімділік, әдептілік пен әділеттік. Біз білетін дәстүрлі 4 діннің барлығында да осы асыл қасиеттер жатыр, – деп ізгі тілегін білдірді.

Жиын барысында Жетісу облысы бойынша наиб-имам Керімбек Даутов, Иоанн-Богослав шіркеуінің діндары Александр Матлашов наурызда жер бетінде жақсылық қонатын, самарқанның көк тасы еритін күн екенін айтып, татулықты ту еткен мерекенің ерекшелігіне тоқталып, жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жастарға рухани және патриоттық тәрбие беріп, ел игілігі жолында сіңірген еңбегі үшін бірқатар діни бірлестік өкілдері мен қоғамдағы белсенді жандарға Алғыс хат және 100 000 теңгелік сертификат табыстады.

Айдар Қалиев