ҰЛТ ҰСТЫНЫН БИІК ҰСТАЙЫҚ

Уақыты: 19.04.2018
Оқылды: 1336

   Жер бетіндегі барлық саналы, иманды адамның арман-тілегі – әлемдегі бейбітшіліктің, тыныштық пен әділеттіліктің салтанат құруы. Дін тірегі саналатын имандылық әркімді жақсы, ізгі қасиетке тәрбиелеп, әділет, парасат жолымен ғана жүруге үндейді.

 

   Алайда, террористік, экстремистік, сепаратистік пиғылдағы топтардың бүгінгі белсенділігінің алаңдатушылық туғызып отырғаны жасырын емес. Негізінен бұқараны қорқытып-үркітуге, басынуға бағытталған лаңкестіктен жеке адамдар да, қоғам да зардап шегеді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты террористік бағыттағы ұйымдарға елімізде тыйым салды.
   Қызметі заңсыз деп танылған сондай топтардың қатарында «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Хизб-ут тахрир әл-Ислами», «Азия мұсылмандары комитеті», «Ислам даму орталығы», «Акромиттер», «Әділет бірлестігі», «Шығыс Түркістан қозғалысы», «Шығыс Түркістан ұлттық революциялық майданы», «Түркістан ислам халықтық партиясы», «Түрікменстанды құтқару ұйымы», «Мұсылман бауырлар», «Хамас», «Хезболлах», «Аль-Каида», «Құрдтардың халық конгресі», «Асбат-аль-Ансар», «Талибан», «Боз гурд», «Орта Азия моджехеттер жамағаты», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Лашкар-и-Тайба» сынды күллі әлемді шулатқан ұйымдар бар. Осынау лаңкестік ұйымдардың түрткі болуымен Қосөзен аймағындағы Сирия, Мысыр, Кувейт, Ирак сияқты мемлекеттер соғыс ошағына айналды. Ана баласынан, бала әкесінен айырылды, бауырға бауыр оқ атты. Қасиетті Құран Кәрімде ең ауыр күнә адамның қанын төгу екендігі анық жазылған. Сондықтан сәбилердің жанын қиып, қарсылық танытқан ерлерді оққа байлаған терроризм мен экстремизмнің адамзаттық құндылықтарды аяққа таптайтынын көріп, біліп жүрміз.
   Ақсақалды ата мен ақжаулықты ананың айтқанын заң көрген халқымыз үшін тірі жанға қиянат жасау зұлымдық. Ғасырлар бойы теңдік пен бостандықты аңсап, сол жолда бірлік пен бейбітшілікке ұмтылған қазақ халқының қуғын-сүргіннен босқан өзге ұлттар мен ұлыстарға көмек қолын созуы осындай құндылықтан бастау алады. Ендеше, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатын ұл, инабатты қыз тәрбиелеуді мақсат еткен ұлтымыздың ұстынын биік ұстайық.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясының
облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары