Оқу жылымен бірге орамал мәселесі де «қоңыраулатып» оралатыны сөзсіз. Баяғы заманда аналарымыз үлкен даудың алдын алу үшін орамалын ортаға тастап бірлікке, татулыққа шақыратын еді. Бүгіндері орамал қоғамды екіге бөліп, бірлігімізге бүлдіргі салып, өнбес дауды өршітіп тұрғандай.
Орамалға қарсы болғандардың да, қолдайтындардың да айтар уәжі тәрбие мәселесі. Қыз баланың болашағы. Әркімнің өз дәлелі, өз көзқарасы, тәрбие құралы ретінде өз таңдауы бар. Алайда бірінші сыныпқа оранып бару алты жасар қыз баланың өз таңдауы еместігі анық. Бізде қай құдайға сыйынасың, қалай құлшылық етесің, әр адамның өз еркіне берілген. Дегенмен де «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңның 3 бабында «Ешкімнің де өз діни сенімдерін себеп етіп ҚР Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған.
Біз көтеріп отырған хиджап мәселесінде қандай міндет? Бұл жердегі міндет білім алу. Құранда 256 жерде «Ойланбайсыңдар ма? Ақылға салмайсыңдар ма?» делінген, сонымен қатар 700-дей жерде білім мен ғылым туралы айтылған. Олай болса ақылға салып көрейік. Мысалы, жұма намазына қатысу парыз. Ал сіз Алматыдан Атырауға пойызбен жол жүріп барасыз. Күн жұма. Намаз уақыты кірді. Жол бойында бір елді мекенде мешітті көріп қалдыңыз. Жұма парыз екен деп пойыздан секіріп кетпейсіз ғой. Өйткені жол мақсаты – жету. Сол сияқты «Білім – теңіз, мектеп – кеме» деп айтамыз. Яғни, білім алушы да білім іздеп сапарға шыққан жолаушы. Бірінші мақсат – білім алу.
Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырғанын бәріміз білеміз. («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар). Яғни, Ислам бізге білім алуды бұйырады. Басқа дінде болса да барып ғылымды үйреніңдер дейді. Ал Абай: «Ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» деген болатын. Олай болса бірінші орында оқушылардың мектепке оранып баруы емес, білім алуы міндет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қарапайым киіну – имандылық белгісі», «Киімдерің жарасымды болсын, ат-көліктеріңді жарасымды ұстаңдар!», – дейді.
Психологияда тәрбиелеу кезінде ата-аналарға қойылатын критерийлердің бірі – тәрбиедегі мақсатты айқындап алу. Баланың қандай болып өскенін қалайсыз? Әрине, білімді, тәрбиелі, парасатты, ақылды, табысты, жемісті болуын қалаймыз. Ол үшін балаңыз құрбы-құрдастарымен өзін тең ұстап араласа, сырласа білуі біз ойлағандай болудың бірінші баспалдағы. Сондықтан балаңызды өзгелерден өзгеше киіндіруде мәселені «Ақылға салыңыз».
Жаратушы «Әли Имран» сүресінде (103 аят) «...бөлінбеңдер», десе, Абдулла ибн Ұмардан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар!» – дейді. Халықты кемеліне келтіретін, өркендеп өсіретін – білім жолында шаңырақ көтерген уықтың бірлігіндей бірлікте болсақ қана елім деп өрге, жерім деп көкжиекке қарайтын жастарды тәрбиелей аламыз.
Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЙ
Фото: Informburo.kz