ҚОШ КЕЛДІҢ, РАМАЗАН!

Уақыты: 15.05.2018
Оқылды: 3187

   Тал бесік пен жер бесіктің арасында тірлік кешкен саналы жаратылыс үшін құлшылықтың маңызы зор екендігі Ислам жазбаларында айшықты бедерленген. Мұны о баста дәстүрлі өмір салтына сіңісті қылып жіберген нәсілі асыл ел шариғи шарттарға сай амалдар жасап, қасиетті Құран жазбасына лайықты әр таңын атырып келе жатқандығын бабалардың ойдым-ойдым ой-толғамы мен жырына жалау еткен тәмсілдерден толық аңғарамыз. Сондықтан да болар, жаратушы хақтың күллі әлемге рахым нұрын төгер Рамазан айының жыл айналып келіп жеткеніне шынайы қуанып «Қош келдің, Рамазан!», – деп қарсы алғалы отырмыз.

 

   Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бекітіп беруімен биыл Рамазан айы мамырдың 17-жұлдызынан басталады. Мың айдан да қайырлы бір түні бар осы бір мезгілді кеудесі кенді бабаларымызды былай қойғанда, сол тектілердің ұстанымына берік болған қазыналы қарттарымыз бен мұсылманшылықты жастайынан ұстап өскен бауырларымыз қаншалықты сағына күтті десеңізші?! Адам мен Алла байланысының ең ғажайып әсерге бөлер шағы да осы Рамазан айы емес пе? Құдайдың берген сансыз нығметіне шүкірлік етіп, алдыдағы адал астан бір мезгіл тиылып, ашқұрсақтана жүріп истиғфар (кешірім) сұрау арқылы көңілің мен дүние тіршілігіндегі сансыз ойдан серпіліп, ғазиз жүректі бір сәт тыныштандырар сәт те іргемізден аттағалы тұр.
   Тозақтың жеті есігі жабылып, шайтанның шынжырланатын мезгілінде, мұсылмандарға арман болған сегіз пейіштің есігі айқара ашылған шақта ораза ұстау саналы адамға һәм мұсылман баласына парыз. Ал, оның пайдасы ислам ғұламаларының әрі бүгінгі таңдағы медицина ғалымдарының айтуынша шаш етектен. Қос өмірдің абаттылығы осы бір ораза құлшылығына байланысты десек те болатындай. Ал оның сауабы жайлы мына бір хадистен аңғаруға болады. Әбу Хұрайраның айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла тағала былай деп бұйырды: Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал ораза бұдан бөлек. Оның қарымын Өзім ғана беремін. Өйткені ол ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан Мен үшін тыйылады. Ораза ұстаушының екі қуанышы бар: біреуі – ауызашар, екіншісі – Алла тағалаға қауышқан сәті. Алла үшін ораза ұстаушының аузының иісі мисктің жұпар исінен де жағымды», – деген. Яғни, ораза тұтушыларға Жаратқан иеміз өзі сый әзірлеп отыр. Бұл хадисте айтылған не сый болуы мүмкін?!  Әрине, оны Алла жасырып қойғандықтан «мынандай» деп жорамал жасаудан аулақпыз. Алайда, тарыққанда жарылқар, қиналғанда қуантар шексіз рахым иесі өзінің мұсылман баласы үшін қасиетті қылған айында   «Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал ораза бұдан бөлек», – деп айқындап берген құлшылық шартын орындаған пендесін шексіз қуанышқа, бақытқа бөлері хақ емес пе?!
   Ораза негізінен рия ең аз араласатын құлшылық болғандықтан, оның сауабы да ерекше. Ол үшін Алла ризашылығын алуды ғана аңсап, шынайы ниетпен ұстай білсек жеткілікті екенін айтып өтуді шалқыған көңілдің қалқасында ұмыт қалдырып кетуден аулақпыз.
   Қасиетті Құран түскен бұл айда Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с): «Ислам мына бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау және қажыға баруы», – деген хадисті еске сала отырып, Құранның бір әріпіне 70 сауап жазылып, 7 жүз есе еселенер, әр құлшылықтың сауабы өзге айдан қарағанда сан мың есе арта түсер мезгілде мейлінше парызға амал етуге іштей дайындық жасаған жөн-ау. Өйткені адам баласы үшін мұндай мүмкіншілік жылына бір-ақ рет келетінін әрі әр Рамазанның өзіндік қасиеті бар екенін дін ғұламаларының жазбасынан айқын аңғарамыз.
   «Рамазан айы – адамзатқа жолбастаушы һәм тура жолға салатын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңда кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, ауыз бекітсін. Ал кім науқас болып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, қаза болған күндерін басқа уақытта ұстасын. Шынында, Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді. Оразаны толықтырғандарыңды (ұстай алмаған күндеріңнің қазасын өтеген-        деріңді) және сендерді тура жолға салғаны үшін Алланы ұлықтауларыңды қалайды. Шүкіршілік етерсіңдер», – дейді ұлы Раббымыз қасиетті Бақара сүресінің 185-аятында. «Шүкіршілік етерсіңдер» дегенінің өзі ойланған адамға әлемдердің өз құзырында ұстаған Раббымыздың кішірейгенін көрсететіндей. Он сегіз мың ғаламды, күллі тіршілік атаулыны жаратқан Алламыз ақыл иесі болған адамға бұйыра сөйлеп, тәкаппарлық көрсетсе де жарасатын еді ғой. Алайда, пендесін асқан махаббатпен, ерекше рахым сипатымен жаратқандықтан хақ тағала дүние тіршілігімен жүріп шын өмірдің байлығынан мақұрым қалмасын деумен пендесіне өзі парыз еткен амалдың да жеңілдігін көрсетіп қойған. Сондықтан да әр мұсылман баласы өзіне берілген жеңілдікті тиімді пайдалана отырып, осы бір теңдессіз қасиетті Рамазан айының сауабын жинап қалғаны абзал. Осы ретте қасиетті Қадір түні маусым айының  11-нен 12-не қараған түні екендігін естеріңізге сала кетуді жөн деп таптық, зерделі оқырман, қадірменді мұсылман қауымы.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.