Мерейлі мереке

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1850

Мың айдан да қайырлы бір түні бар қасиетті Рамазан айы өтті де кетті. Бұл айда мұсылман баласы Алла ризашылығына бастайтын, мейірімі мен рахымына кенелтетін сауапты амалдарды мейлінше жасап қалуға тырысқаны анық. Жылына  бір келер айлардың сұлтанын енді тағы да асыға күтетін боламыз. Ал, ертең жер бетіндегі барлық мұсылман үшін екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт басталмақ. 

Әлиқссаны бұл мерекенің мағынасын ашудан бастайтын болсақ, айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны білдіреді. Ақиқатында, отыз күн ораза тұтқан мұсылман баласы үшін бұл мерекенің қуанышы басым. Өйткені өзіне парыз етілген амалды орындап, Алла ризашылығына кенелтетін құлшылықты орындаған жан үшін ендігіде  алпыс екі тамырына нәр құйылып, өзіне адал етілген астан мейлінше ішіп, тояттауға Жаратушы тарапынан рұқсат етілмек. Оған қоса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды», – деп өсиет еткеніндей, бұл мереке алыстағы ағайынның бас қосатын, бауырлардың дидарласатын, араларындағы татулықты арттырып, туыстық  қарым-қатынасты жандандыратын мереке болып саналады.
Ислам тарихына сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: «Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: «Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты», – деген-ді. Осы бір хадисте айтылғандай күллі мұсылман баласы үшін ертең ұлық мереке басталмақ. Рамазан айын есендікпен өткізген жұртты сондықтан да ертеңгі қуанышымен құттықтап, келер жылғы қасиетті айына амандықпен жетсін демекпіз. Әлемнің алты бұрышында, барша мемлекетінде тойланар ұлық мейрам сізге де құт алып келсін, зерделі оқырман! Тамырыңызға қуат, өміріңізге шуақ енсін!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ