ҚАЗЫҚТЫҢ ҚАСИЕТІ

Уақыты: 16.02.2025
Оқылды: 399

Қазақтың дәстүрлі өмірінен қасиет болып жеткен құндылықтарды құнттап, оның қадірін түсіну бүгінде өзекті тақырыпқа айналды. Қоғам үдерісі жаһандану кезеңі туындатқан ағыспен жөңкіп, жанданып, жасанып жатқандықтан біздің ұлттық түсініктердің кейбірі көмескі тарту үстінде. Мәселен, қазақ түсінігіндегі «қазық» сөзінің мағынасы мен оның қадір-қасиеті туралы сөз қозғап көрелік.

Қазық – қазақтың ежелгі тұрмысына терең енген, әртүрлі шаруашылық жұмыстарда қолданылатын құрал екені анық. Ғылыми түрде түсінік берсек: «Қазықтың басты функциясы – жердің терең қабаттарына еніп, оның үстіне орнатылған құрылымдардың беріктігін арттыру. Қазықтың басты ерекшелігі – беріктігі мен тұрақтылығында», – деп айтамыз. Десе де қазақ халқы: «Қазықтай бол, берік бол!» деп жатады. Бұл сөз тек сыртқы жағдайларға байланысты емес, ішкі сенімділікке де қатысты. 

Рас, адам өмірінде әртүрлі қиындықтар мен сынақтар кездеседі. Ал қазықтай берік болу дегеніміз – сол қиындықтардың алдында сынбау, өз мақсаттары мен принциптерінен ауытқымай, қадам басуды жалғастыру дегенді білдіреді. Қазықтың түбінде тұрақтылық бар болса, адам да қиындықтардан соң жеңіске жетіп, өмірдің әр кезеңінде тұрақты бола алады деген мағына жатыр.

Қазықтың тағы бір ерекшелігі – оның түрлі материалдардан жасалуы. Ағаш, болат, бетон сияқты материалдардан жасалған қазықтар әртүрлі жағдайға байланысты қолданылады. Ағаш қазықтар экологиялық таза әрі қолжетімді болса, болат және бетон қазықтар ауыр құрылымдар үшін қолайлы. Себебі, олар салмақты жақсы көтере алады. 

Қазақ халқы үшін қазықтың маңызы тек құрылысқа ғана емес, рухани мәнге де ие. Қазақ халқы қазыққа қастерлікпен қараған. Оны бұзу немесе оған немқұрайды қарау ұлттық құндылықтарды сыйламау болып саналған. Сонымен қатар, қазықтың қазақ мәдениетіндегі орны тек күнделікті тұрмыспен ғана шектелмейді. Мысалы, сәби дүниеге келген соң алғашқы қадамын жасар алдында «Қазыққа тілек айту» дәстүрі бар. Осы кезде баланың болашағына жақсы тілектер мен баталар айтылып, қазыққа тілек білдіру арқылы оның өміріне береке мен бақыт тіленеді. Бұл дәстүрдің астарында бала өмірінің алғашқы қадамының берік, нық болуы үшін дұға жасап, тілек айту ниеті жатыр. Жолаушы келген үйдің қазыққа ат байлау ырымы бар.  Бұл қонақжайлықтың белгісі, амандықтың нышаны. Ал «баланы қазыққа байлау» ырымы баланың үйден алысқа кетпеуі, аман-есен жүруі үшін жасалатын дәстүр. Қазықты қастерлеу дәстүрі де ұрпақтар сабақтастығымен байланысты. Әрбір қазық орнатылған кезде оның орны ерекше деп есептелген. Оған қарап, дұрыс жолды таңдау туралы да түсініктер қалыптасқан. Қазық отбасының және қауымдастықтың тұрақтылығының белгісі саналған. Бұл дәстүрлер қазықтың қасиетін көрсетеді. 

Қазақтың белгілі ақыны Бақыт Беделхан: «Қазық қазақтың қастерлі мүлкі. Сүйегін отқа тастаса да қазақ қазығын отқа тастамаған. Дүниесін ұмытса да, көш-керуенімен бірге қазығын алып жүрген» деп толғанғанын интернеттен көріп едім. Шындығында, осындай қастерлі дүниеміз қолданылуына қарай жел қазық, өріс қазық, бау қазық, жер қазық, өрмек қазық, қақпан қазық секілді түрлі атауға бөлінетінін де айта кеткен жөн.

Қазық – қазақтың даласындағы әрбір тіршіліктің, үйдің, қала берді ұрпақтың тірегі. Ол халықтың тарихы мен дәстүрлерін сақтай отырып, бүгінгі ұрпаққа рухани құндылықтарды жеткізетін символдық мәнге ие. Қазақ халқы үшін қазық – тек мал байлайтын құрал ғана емес, ол тіршіліктің, тұрақтылықтың, отбасы мен елдің берекесінің белгісі. Сондықтан да бабалар: «Ат айналып қазығын табады», «Бірлік деген бір қазық» деп мәтелдеп отырған. Ендеше, біз де қастерлі ұғымдарымыз бен заттарымызды ұмытпай, санада жаңғыртып отыруға тиіспіз демекпін.

 Айжан БОЛАТОВА 
СДУ-дің 4-курс студенті
Фото: weproject.media