ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 25.06.2018
Оқылды: 1906

   ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев облыс орталығы Талдықорған қаласына жұмыс сапарымен келіп, өңір имамдарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Алдымен облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен биыл ашылған «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі отырған ғимаратқа барып, орталықтардың жұмысымен танысты. Одан соң Салтанат сарайында облыстағы мешіттердің имамдарымен кездесіп, өңірдегі діни ахуалға қатысты мәліметтерді саралады.

 

   Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу жерінде тіркелген 12 конфессияға қарасты 599 діни бірлестіктің заңды жұмыс істеп отырғанын, олардың 438 ислам мешіті, 52 православ, 11 рим-католик, 96 протестанттық және 2 дәстүрлі емес діни бірлестіктер екендігін атап өтті. Онда жұмыс істейтіндердің ішінде христиандық бағытта 294 діни қызметкер, мешіттерде 533 имам халыққа қызмет ететінін, имамдардың 154-і жоғары білімді, 88-і медресе бітіргенін, 219-ы курстан өткенін және 71-і орта білімді маман екенін атап өткен модератор:
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын көрсету, жастардың ұлттық санасын ояту, теріс діни ағымдарға қарсы күресу, салт-дәстүр, мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеу мақсатында облыс аумағында жан жақты жұмыстар жүргізілуде, – деп өңірдегі өнімді істердің нәтижесін таныстырды. – Оның ішінде дін істері басқармасының ұйымдастыруымен атқарылған «Рухани керуен» жобасын айтуға болады. Соңғы екі жылда басқармамен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Д. Қонаев атындағы Заң академиясы сынды республикалық деңгейдегі 6 оқу орнымен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды. Теолог, дінтанушы мамандарды даярлайтын бұл оқу орындарында Алматы облысынан 244 студент білім алып жатса, оқуын биыл аяқтайтын 95 түлекті қызметке орналастыру күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі.
   Облыс әкімінің айтуынша, Жетісу жерінде радикалды және деструктивті діни ағымдардың ықпалына шалдыққандарға теологиялық, психологиялық, құқықтық, кеңесшілік және практикалық көмек көрсету, ақпараттық-түсіндіру, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай облыстық дін істері басқармасы мен оған қарасты екі орталық қажетті қаржымен қамтамасыз етіліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бар мүмкіндік қарастырылған.
   Одан кейін сөз кезегін алған Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев өңір имамдарына да қолдау керектігін алға тартты.
– Бүгінгі күні «Дін және діни бірлестіктер туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты қызу талқылау жүріп жатыр. Мәжілістен өтіп, Сенаттың қарауына түсті. Ондағы ең басты өзгерістердің бірі «деструктивті діни ағым» деген ұғымның заңның қарауына енгізіліп отырғандығы, – деген Дархан Аманұлы көпшілікке қажетті мәліметтерді таныстырып өтті. – Тағы бір айта кететін мәселе – неке қию, неке куәлігін беру рәсімдері тек мешіттерде ғана жүргізілуі тиіс. Бұл істі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қолдап отыр. Әрине, денсаулығына байланысты немесе түрмеде отыруына орай неке қиюды мешіт имамдары жергілікті органдардың келісімімен жүргізе алады. Одан кейінгі ең өзекті тақырып – қаржы мәселесі болып отыр. Әрбір діни бірлестік өзінің қаржы айналымын ашық көрсетуі керек. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалардың мешітке немесе шіркеуге баруына қатысты мәселе баланың әке-шешесінің келісімімен шешілуі қажет.
   Өздеріңіз білесіздер, еліміздегі 2 мың 600-ден астам мешітте барлығы 4 мыңнан астам адам қызмет жасайды. Олардың білім деңгейін көтеруді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қолға алып отыр. Құрметті Амандық Ғаббасұлы, Алматы облысындағы 438 мешітте еңбек ететін 533 имамды баспанамен қамтамасыз ету, жалақы бергізу мәселесіне көмектессеңіздер. Бәлкім, мешіттердің жанынан үй салуға жергілікті кәсіпкерлердің қатысуын ұйымдастырған жөн болар.
   Осындай өтініштерінің бар екендігін жеткізген министр мектеп оқушыларына хиджап кигізу еліміздің зайырлылық ұстанымына қайшы келетінін ескертіп, имамдарға осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Себебі, білім саласының өзіндік тәртіптері мен стандарттары бар. Соған сай Білім және ғылым министрлігі орамал тағатын қыз балаларды оқытудың жаңа жолын қарастырып жатқандығын да жеткізді.
   Одан соң Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаев пен Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов кезекпен сөз алып, атқарылып отырған жұмыстарының нәтижесін таныстырды. «Дөңгелек үстел» отырысын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов мешіт имамдарын баспанамен қамтамасыз етуге және басқа да әлеуметтік жәрдем беруге дайын екендігін жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ.