Имамдар біліктілігін арттырды

Уақыты: 11.08.2018
Оқылды: 1417
Облыстық дін істері басқармасына қарасты «ҚР Лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Талдықорған өңіріне қарасты мешіттердің имамдарына арналған 3 күндік оқыту семинары өтті. Экстремизм мен терроризм мәселелерінің алдын алу бойынша имамдардың біліктілігін арттыруға арналған семинарда елімізге белгілі ғалымдар мен дінтанушы мамандар лекция оқып, көпшілікті алаңдатқан тақырыптарды талқылады.
Үш күндік семинардың қорытындысын шығарған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов еліміздің өркендеуі жолында еңбек еткен имамдардың жұмысына табыс тіледі. Сонымен қатар, Жетісу жеріндегі мешіттердің жұмысының жандануына имамдардың сіңіріп отырған еңбегін жоғары бағалап, оң бағасын берді.
ҚР ҰҚК академиясының Терроризмге қарсы дайындық орталығының қызметкері, дінтану ғылымының магистрі Болат Шоманов үш күндік дәріс кезінде діни экстремизм, терроризммен күресу әдістері, жат ағымдардың таралуына жол бермеу, әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелерінің талқыланғанын атап өтті.
– Бұл семинар қоғамдағы келелі мәселелерді қозғап, оң нәтижесін беретін шара болып отыр. Өйткені, терроризм мен экстремизм тек қазақтың басына ғана төніп тұрған нәубет емес, күллі әлем жұртшылығының шырқын бұзып отыр. Сондықтан да мемлекетіміз бұған бейжай қарамай қажетті шараларды қарастыруда, – деген дінтану магистрі Болат Шаймолданұлы семинардың маңыздылығына тоқталды. – Бір қуантарлығы, семинар кезінде теолог ғалымдар ғана емес, дін саласына қатысты басқа да ғылым саласының мамандары да тәжірибесімен бөлісті. Семинардың алғашқы күндері философия ғылымдарының докторы, Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы Бақытжан Сатершинов, философия ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Затов, дінтану PhD докторы Құдайберді Бағашаров, философия ғылымдарының докторы Гүлмира Біләлова сынды мамандар өздері жетік білетін, зерттеп жүрген тақырыптар бойынша лекция оқыды.
Дәрістерде бүгінгі терроризм мен экстремизмге Ислам дінінің қатысы жоқтығы нақты деректермен дәлелденіп, соңғы жылдарда шыққан Әл-Қаида секілді ұйымның ықпалымен мұсылмандарға жала жабылғаны айтылды. Соған орай қазіргі Қазақстан қоғамына қауіп төндіріп отырған салафилік-уаһһабилік ағымның ықпалынан сақтанудың жолдары таныстырылды. Бұл мемлекетіміз ұстанып отырған басты бағыттың бірі.
Жиын аясында семинарға қатысқан 70-ке жуық имамға арнайы сертификат табысталды.
 
Мәди АЛЖАНБАЙ