ИСЛАМ ЖӘНЕ ҮРЕЙ

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 2033

«Қаныңа сіңген қасиетіңнен жеріп, не опа таппақсың, қалыбыңнан асып қандай кейіпке енбексің, қазағыңнан жарылып қай ұлттың сұлтаны болуды мұрат еттің?». Осындай көкейкесті сауалдар санаға тұрақтағалы да сан тараулы жолды бастан өткеріп үлгердік. Керуенің көшті. Уақыт ұршығы шыр айналды. Сол ұлы уақыт жазар деген қоғамдық сырқаттан сақаяр нышан байқалмайды. Иіріміне тартқан қанды теңіздей қандастарымызды жасы мен жасамысына дейін ағымына тартқан жат пиғылдылар, ашығын айтсақ, өздерін сәләфиттерміз дейтін уахабистер қасиетті дінімізді күйелештеп бітті. Соның салдарынан «дінім – діңгегім» деп білетін елдің кейбір көзі ашық адамдарына дейін мұнаралы мешітке ақ пейілмен, адал ниетпен бас қойған жанға үрке қарайтын деңгейге жетті. Бұл не күй?

Иә, бір кездері осынау Тұран даласының тоқымдай жері үшін найзалымен сынасқан, семсерлімен сыбасқан, білек пен жүректің күші арқылы шөкім топыраққа жат халықтың шөңгесін де бітірмеген бірлігі бекем, тірлігі текті елдің бекзат ұрпағы осындай сындарлы сәтті басынан кешуде. Жандырып айтсақ жұттай, жұмсартып айтсақ қасірет болған бұл індеттен қалай құтыламыз?! Бұл – зауалға қарата қойылған сауал!.. 
Аспан асты, жер үсті Адам ғалейкуассалам ұрпақтарының бейбіт өмір кешіп, Жаратушысын ұлықтап, өз ұлтына пер-        зенттік борышының өтеуін көрсетіп, Отанына адал еңбек етіп, пенде біткенді «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», деген Абай даналығына сай жақын тартып, тірлік кешер орны емес пе?! Ал сол қасиетті жер төсінде жан мен тәнді жаралаған, ақ өмірді қаралаған түрлі сойқан соғыс астыртын жүріп жатыр. Бір қауымды бір түйменің күшімен жарып жіберуден де қорқыныштысы – діни наным-сенімді жоққа шығарып, күні кеше ғана пайда болған тұжырымдарды дәстүрлі салтымызға сыналап ендіру болып тұрғаны да жасырын емес. 
Хош, сонау VIII, IX ғасырдан бастап бүкіл түркі халқы Әбу Ханифа мазхабын ұстанғаны көпшілікке белгілі ақпар. Кеудесі ерлікке толы халық ата-бабасының сан ғасыр бойы ұстанып келген салт-санасы мен дәстүр-танымына қайшы келмейтін абзал дінді қуаттап, өз рух кеңістігіндегі қағидаттармен санасатын мәзһабты таңдап, исламды қарусыз қабылдады. Түп-түбірі «бағыт, дұрыс жолға шақыру» дегенді білдіретін «мәзһабты» ұстанбайтын уахабилер бүгінде ата дінімізді теріске шығарып-ақ жүр. Ен далада еркін жайылған түлікше беймаралдықпен қалағандарын істеп жүрген солар қазақтың салт-дәстүрлерін «бидғат» (рұқсат етілмеген жаңалық) немесе «ширк» (Аллаға серік қосу) деп шеттетуде. Онысымен қоймай теледидар көруге, газет-журнал оқуға, әке-шешесі намаз оқымаса, оны ата-ана деп санамауға, кім намаз оқыса сол сенің бауырың, ақиқи жолдасың деп бүгінгі ортадан оқшауланып бөлініп жатыр. Сонда олар «Барлығың Хақ Тағаланың жібін ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер» деген «Әл-Имран» сүресінің 103-ші аятын оқымаған ба? Әлде дағуатшысының әмірі Жаратушының аятынан мықты болып тұр ма? Бұл аз десек қасиетті Құранда «Шын мәнінде мүміндер бауыр» деген де аят бар емес пе, сонда олар осы аятты да аяққа таптағандай қылық танытқаны ма?! Е, келтіре берсең өзгеден оқшауланудың, туған ата-анаңнан, халқыңнан жарылудың дін қуаттамас қылық екеніне дәлел-дәйектер жетіп артылады. Оны құлаққа ілер олар емес екені де аян.
Қалай құлаққа ілсін, мұнаралы мешітке шолақ шалбарын киіп, шоқша сақалын салалай тарап кіріп, имамның соңында намазға ұйып алып, парыз амалын орындағаннан кейін имамға шағыр көзінен заһар шаша қарап, уағызын тыңдамай кетсе?! Әрбірін ҚМДБ бекіткен имам күніне сан тақырыпта уағыз-насихат айтып Алладан кейін ата-ананың ризашылығын алу керектігін, мұсылманның екінші мұсылманға оң көзбен қарауы Пайғамбар жолы болғандығын ескерткенмен әлгі «ахи-әкәларымыз» мұндайды пысқырмайды да. Тіпті Қазақстанды «кәпір мемлекет» деп санайтындарын қайтерсің?! Елімізде түрлі ұлт пен ұлыс тұрақтаған, әртүрлі наным-сенімді ұстанатын дін өкілдері ғұмыр кешкендіктен «кәпір» деп қабылдап, олардың өзге ұстанымдағыларға зәбір көрсетуіне, мал-мүлкін талан-таражға түсіруге Алла алдында хақысы бар екен-ау. Неткен оң қағида десеңізші, сондағы мұсылманшылдығы, тәңіршілдігі осы ма?
Алла тарапынан түскен төрт кітап – төрт дінді ұстанған адамдарға да кәпір деп айтуға болмайтынын солар білмейді дейсіз бе?! Оқыған. Иланған. Бірақ адасқан имамдарының дағуаты Тәңір заңдылығынан күшті болып тұрғаны ғой. Бір кем дүние.
Сонау Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында Жаратушымен ісі жоқ, мейірімнен жұрдай, тек байлығымен масаттанған бай-манаптар жүргенде көшені сыпырып жүретін ұзын етекті киім киіп алшаңдай басатын болған. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с) жер сүзіп жүретін киім жүрекке тәкаппарлық ұялататын болған соң одан үмметін сақтандырды емес пе? Сол ескертпенің түпкі тарихына бойламаған соқыр сенімділер балағын шұнтитатын болған. Өз Отанын менсінбейтінді шығарған. Қазақша сөйлесуді ар санайтынға шыққан. Хақ жолымен жүреміз деп бабаларының тағылымды ғұмырынан сабақ алуды қойып, салт-санасын теріске таңған. Ал, олар неге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Мен құрайыш тілінде сөйлегенді ұнатамын», – деген хадисінің астарына сана жетелетпейді екен. Адамзаттың асылы осы өсиеті арқылы өз ұлтын шексіз сүйетіндігін жеткізіп, әрбір адам өз түп-тегіне риза болу керектігін ескертпеді ме?! Ал мұны ұғар қағынан жарылған қара домалақ бауырларымыз емес.
Ислам тарихындағы үлкен ғұламаның бірі Термизи кітабының 4-томында: «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жаннаттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын», – деген хадис бар. Мұны да «ахиларымыз» қабылдағысы келмейді. Еліміздегі ислам дінін ұстанушылардың шамамен 95 пайызы ханафилік бағытта. Сонда мемлекетіміздегі жамағат бабаларымыздың жолын ұстанады деген сөз ғой. Ал сонда кімдікі дұрыс? Ойланатын сауал. 
Ұлттық ұстаным, домбыра, музыка, қасиетті қара өлең, әдеби кітап, мұның бәрі жат ағымдағылардың қаба жалын дүрдитер һәм тікірейтер дүниелер. Өз тілдеріне салып айтсақ, бұлар «ширк» екен. Пайғамбардың туған күнін тойлауды да ширкке жатқызатындарын қайтерсің? «Пайғамбар да адам ғой. Оның туған күнін тойлау Аллаға серік қосу», деген пікірлерін естігенбіз. Сонда дейміз-ау, қара домбыраны жанына серік еткен бабаларымыз ұлттық аспапқа табынып, үйіне молда шақыртып мәуліт оқып, Пайғамбарды (с.ғ.с) Алламен деңгейлестіріп па? Қарап отырсақ, жат ағымдағылардың жады дұрыс жұмыс жасамайтындай көрінеді. Оларға сылтау керек, себеп-салдар, түсінік, тамырына бойлау, тереңіне бару, негізгі шығу тарихы деген жүрмейді. Сондайлардың салдарынан түрлі бүліктің түпкі төркінінде намаз оқушылар жатыр деген пікір қоғамда қалыптасып кеткен. 
Хош, аламанда қара тартқыш күліктің бір мертігерін қарапайым халық арасындағы Күреңбай сыншылар алдын ала сезуші еді ғой, тұяғынан от ұшқан әлгі жануар бір қалтарыста жамбасын сындырып не тұяқтан қағылып, болмаса жардан ұшып кетер еді. Сол секілді ақ дінімізді қаралағысы, ата салтымызды аяққа таптағысы келгендердің де мертігер жері Жаратушының дәргейіне барған кез болса екен деп тілейміз. «Оңалту» дейтінге көндіксе, бабаларының басқан ізіне қайта түссе қуаныш-ау, бірақ ондайға тізгін берер олар емес. Тек біздің айтпағымыз, осындай жат пиғылдылардың салдарынан қарапайым жұрт текті халықтың мыңжылдықтардан бері қалыптасқан ғажайып ұстанымына секеммен қарамаса, ата дінінен алыстап кетпесе екен дейміз-ау!..

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
“Жетісу”