ДІН МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРГЕН ЖУРНАЛИСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 31.10.2018
Оқылды: 1493

Бүгін Алматы облыстық дін істері басқармасы «Дін тағдыры – ел тағдыры» атты БАҚ өкілдері арасындағы байқау қорытындысын шығарып, үздіктерді марапаттады. Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған байқауға қатысушылардың қатары көбейіп келеді. Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов жиналған қауымға қуана жеткізді.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, салт-дәстүр мен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеу мақсатында өткен байқау өз мәресіне жетті. Осы шараға белсене қатысқан журналистерге алғысымыз көп. Әрине, бүгінде дін саласында атқарылған жұмыстар ауқымды. Басқасын айтпағанның өзінде, өткен жылдан бері облыс әкімінің қолдауымен Жетісу жерінде тұңғыш рет қолға алынған «Рухани керуен» жобасын айта кеткен жөн. Былтыр үш айға созылған керуен аясында 246 іс-шара ұйымдастырылып, 27032 адам қамтылды. Үстіміздегі жылы керуен 6 ай мерізімде шалғай елді мекендерді аралаумен қатар, «Жер жаннаты Жетісу жерінен киелі Тараз өңіріне» деген жобамен Жамбыл облысына барып қайтты. Міне, осындай игілікті істерді жұртқа жеткізетін журналистердің қатарының көбейе түскені қуантады. Биыл облыстық дін басқармасы тарапынан атқарылған шаралар туралы түрлі БАҚ беттерінде 1007 материал жарық көрді. Бүгінгі жүлдегерлер соның ішінен оза шапқандар, – деді басқарма басшысы.

Мәселе байқауға ынта танытқандардың санында емес, ұсынылған мақалалардың ой орамдылығы, жаңашылдығы, тақырыптарының сонылығы, танымдық деңгейінің тереңдігінде. Шығармалар осы жағынан да былтырмен салыстырғанда дами түскен. Бұл туралы облыстық «Жетісу» теларнасының журналисі Жұмахмет Жайлаубаев айтып берді.

Байқаудың жеңімпазы болатыны анық. Нәтижесінде, «Талғар» газетінің қоғамдық тілшісі Кәмнұр Тәлім бірінші, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Гүлжан Тұрсын екінші, облыстық «Огни Алатау» газетінің тілшісі Хасан Еспанов үшінші жүлдені жеңіп алып мерейленсе, тағы да бес қатысушыға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Осы тұста айта кетерлігі, кейінгі кезде дін тақырыбын ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделейтін ғалым-ұстаздардың да қатары көбейіпті. Сондықтан, биыл бірінші рет «Зерделі зерттеуші» номинациясы тапсырылды. Оған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Бағдат Бейсенов ие болды.

Байқау алдағы уақытта да жалғасады. Бұл сайыс дін саласын жазуға ынталанып жүрген жас журналистерге қозғау болатындығы белгілі дей отырып, әріптесіміз Гүлжан Тұрсынды жүлдесімен тағы бір рет құттықтап, қаламы ұштала берсін деген ақ ниетімізді білдіргіміз келеді.

Қажет АНДАС