МЕШІТ - ІЗГІЛІК ОРДАСЫ

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 1681

Жақсы іс жан қуантады. Осыдан он екі жыл бұрын құрылысы басталып, кейін қаражат жетіспеушілігінен тоқтап қалған мешіт ғимараты қайта көтеріліп, қала тұрғындарын қуантты. Заманауи үлгіде әсемделген Алла үйінің ашылу салтанатына қала тұрғындары қатысып, рухани шараға куә болды. 

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының дін істері және талдау бөлімінің басшысы Нұрбек қажы Әуезханұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Халық Қаһарманы”, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл және қала әкімінің орынбасары Сағадат Нұрғазиев мешіттің салтанатты ашылу рәсімінде жиылған қауымды құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдірді. Ел ішінде «Қара майор» атанып кеткен Қазақстан Қарулы Күштерінің оставкадағы полковнигі Борис Керімбаев бейбіт елдің берекесін арттырар жақсылықты құптап, ақтарыла ақ тілегін жеткізді.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының дін істері және талдау бөлімінің басшысы Нұрбек қажы Әуезханұлы – Бүгінгі таңда бірлігіміздің мызғымас берік екендігінің айғағы тәрізді имандылық үйлері көптеп салынып жатыр. Бұл мешіттер сан ұрпаққа қызмет ететін болады. Осы мешітті салуға қаржылай көмек көрсеткен адамдардың да өздерінің иманды шаруасын жарнамалап айтпауының өзі көп жайды ұқтырса керек. Бұл жайлы Құранда да айтылған. Мәселен, кімде-кім мешіт салса, Алланың құрметіне ие болып, жұмақтан орын тиеді. Дәл осындай мешітке ие болуымыздың өзі қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында. Мешіт – ұлы мәдениеттерге, адамгершілік пен ізгілікке, рухани құндылықтарды қасиеттей білуге тәрбиелейтін орын, – деп көпшілікті адалдыққа, мейірімділікке, жанашырлыққа, қайырымдылыққа шақырып, қалалық мешіт имамы Алдажар Сейітұлына жаңа мешіттің кілтін табыс етті. Дүйім елдің атынан сөз алған Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Сейілбек Маханов ақсақал сөз сөйлеп, жамағаттың шексіз ризашылығын жеткізді.
Мешіт маңындағы жер телімінің өзі қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, атшаптырым. Төңірегі тегіс абаттандырылған, дәл жанында автомобиль тұрағы, халықтың тынығуына лайықты саябақ та бар. Құрылыс жұмыстары жыл басында басталған мешіт қысқа уақытта салынса да, сапалы екендігі байқалып тұр. Мұнарасы алыстан менмұндалаған Алланың жердегі үйі келімді-кетімді кісісі көп Қапшағайдың бұрынғы сәулетіне жаңа реңдегі әдемі кейіпті береді. Ішіне бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік шаралары қарастырылған мешіт 700 адамға арналған. Нысанның 2-қабатындағы 100 орын әйел адамдарға бөлінген. Алдағы уақытта мешіттің маңайына мұқтаж жандарға тегін киім мен азық-түлік тарататын әлеуметтік дүкен ашу көзделуде.
Салтанатты шараға жиналған жамағат сәулелі мешіттің ішін аралап, жанға жылу сыйлайтын жарық ғимаратта оқылған Құран мен ақ батаға бет сипасты.

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы