ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Уақыты: 02.03.2019
Оқылды: 1718

«Бәрі жалған». Сириядан елге қашып оралған қазақстандық әйел осылай деп, бар шындықты айтты.

Сарапшылардың айтуынша, өткен айда Сириядағы жат ағымнан құтқарылған қазақстандықтар өздерінің бастарынан өткерген қиындықтарын айтып, бұл жайттың насихаттың құрбанына айналған басқа да азаматтарды дерадикализациялауға көмектері тиюі мүмкін дейді. 
Қазақстанның құқық қорғау органдары еліміздің Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен 5-6 қаңтар аралығында «Жусан» операциясын жүргізіп, нәтижесінде Сириядан 47 қазақстандықты алып шықты. Олардың ішінде 30 әйел мен 10 бала бар. Қалған жетеуі терроризмге қатысы бар деп айыпталған ер адамдар. 
21 қаңтарда Жанна есімді репатриацияланған әйелдердің бірі «КТК» телеарнасының эфирінде, күйеуінің артынан еріп, қақтығыс аймағына барғанын айтты. Қызын елдегі ата-анасына қалдырып кетіп, ал ұлын Сирияда дүниеге әкелген. Оның айтуынша, күйеуі қайтыс болғаннан соң Қазақстанға қайтып келгісі келген, бірақ террористерден қашып кете алмаған. Қазір Жанна туған жеріне қайтып оралуына көмектескендерге алғысын білдіріп, экстремистік идеологиядан бас тартқанын айтты.
– Бізге айтқандарының бәрі, санамызға құйғандары, сендірмек болғандарының бәрі жалған, – дейді Жанна. – Оның бәрі адамдарды бір-біріне қарсы қою үшін әдейі ойластырылған. Оған көзім енді жетіп отыр.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Черныхтың «Каравансарай» сайт тілшілеріне берген сұхбатында:
– «Белгілі бір адам Ислам халифатын құрамын деген оймен террористік қаупі жоғары аймаққа аяқ басқаннан соң жалған уәде мен өтірік сөзге алданып қалғанын түсінеді. Содан кейін ғана өз ойын өзгертіп жатады», – дейді. 
 Ирина Черныхтың сөзінше, осының бәрін өз басынан өткерген адамдар үшін – бұл радикалдандырудың өте қорқынышты құралы. Олар Сирияға біржолата аттанатындарынан хабарсыз. ИМ өкілдері жат ағым олардың жолға кеткен шығындарын толықтай көтереді, ал артынша алданған жандар діттеген жерге жетіп, бар жағдайды түсінген соң өз елдеріне қайтып оралуына еш мүмкіндік жоғына көздері жетеді.
«Ислам мемлекетшілері қарамағындағы адамдарын жай жібермейді. Оларды өлтіреді не болмаса мимикрацияға келісіп Азия мен Еуропа елдеріне теракт жасауға аттандырады». Бұл сол жерден қашып шығып аман қалған куәгерлердің сөзі», – деп түсіндірді Черных.
Орта Азиялық стратегиялық зерттеулер институттың директоры Анна Гусарованың сөзіне сүйенсек, Сирия мен Иракта болған адамдар өзгелерді де дерадикализациялауға көмек көрсете алады. Мұндай тәжірибелер Тәжікстан мен Қырғызстанда болған. Үкімет оларды бастарынан өткен оқиғаларын айтып, Ислам мемлекеті мен исламдық құндылықтар деген түсініктердің жоқ екенін, шын мәнінде, ол жақтарда соғыс болып жатқанын айтып түсіндіру үшін шақырған. Ал АҚШ пен Малайзияда жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде, егер Сирия мен Ауғанстаннан қайтып оралған адаммен алғашқы 6 ай ішінде дерадикализация шаралары жүргізілмеген жағдайда, оның өмірге деген көзқарасын ешқашан өзгерте алмаймыз. Қайтып келген адамдардың 70-80 пайызы дерадикализация шараларынан өтпегендіктен криминалдық құрылымдармен байланыс жасап, теракт ұйымдастыру шаралары үшін жауапқа тартылып, қайткен күнде де өз елінде адамға кесірі тиетін күмәнді істермен айналысады.
Анна Гусарованың айтуынша, 2012-2014 жылдар аралығында Қазақстаннан Сирияға кеткен отбасылар тек 2015 жылдан бастап қана ол жақтан қашып шыға бастады. Сириядан оралған балалар мен жасөспірімдердің оңалып қайта қалпына келуі көп уақытты талап етеді. Оларға үнемі психологиялық қолдау көрсетіп тұрған дұрыс. Ал ол үшін қаражаттан бөлек, біліктілігі жоғары мамандар, имамдар мен құқық қорғау органдарының біріккен жұмысы қажет.
Астаналық саясаттанушы Талғат Қалиевтің мәлімдеуінше, санасына теріс ағым идеологиясын сіңірген жасөспірімдердің психологиясына зақым келеді. Олармен арнайы психолог мамандар жұмыс жасап, психологиялық тұрақсыздығы мен қайта радикализацияға ұшырау қаупін бағалауы керек. Содан кейін ғана олар қоғамға кірігіп кете алады. Десек те, ислам мемлекетшілдігі идеологиясының құрбандары үнемі ерекше бақылауда болатынын ұмытпаған жөн. Қалай болған күнде де біздің ел өз азаматтарын радикалды аймақтан аман алып шығуы керек. 
– Бүгін бірінен, ертең басқасынан бас тарту елімізді қандай тығырыққа әкеп тіремек? Дерадикализация – қымбатқа түсетін процесс. Бірақ мемлекет өз азаматтарын құтқару үшін қаржысын аямауы тиіс. Бұл мемлекеттің саналығын көрсетеді, – дейді Талғат Қалиев.

Айсұлу ЧЕЛЕКЕН
«Каравансарай» сайты