Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ИСЛАМДА ӘЙЕЛДІҢ ОРНЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 07.05.2019
Оқылды: 274

Ислам және әйел тақырыбы – шексіз екі әлем, тағылымы терең тарих. Бұл екі әлемді ашу үшін көптеген зерттеу жасап, том-том кітап жазса да аздық болар, сірә. Десек те, Ислам дінінің тереңдігі мен әйел табиғатының теңіздей болмысының бір тамшыдай бөлігіне сүңгіп көрейік.

Алдымен Исламға тоқталар болсақ, бұл – адамзатқа түсірілген соңғы дін. Таралу кезеңі сонау VІІ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. «Ислам» сөзі «бейбітшілік» деген мағына береді. Дін Алладан басқа тәңір жоқтығын және пайғамбар Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екенін жеткізді. Алладан түскен Құранды адамзатқа насихаттаушы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз. Дін арқылы адамзаттың бұл өмірде жолаушы екені айқындалып, жұмаққа бастайтын амалдар сүннет етілді.

Ислам – шегі мен шеті жоқ терең дін, терең ілім. Кеңес өкіметі билік құрған жетпіс жылда халқымыз бұдан көз жазған еді. «Мұхаммед саудагер болған», «Құранды ойдан құрастырған» деп жас ұрпақтың санасына жалған түсініктер қалыптастырып, теріс пікір таратты.

Хақ дініміз жайлы білімнің саяздығынан бұрмалау мен тура жолдан тайдырулар көп кездесті. Ана тілімізде дін туралы толық мағлұмат беретін оқулықтар мен орталар болмады. Осыдан келіп мұсылмандыққа қайшы келетін, басқа елдерде жазылған еңбектер оқырман қауымды, әсіресе, жас жеткіншектерді жаңсақ ойға жетеледі. Қазіргі таңда да басқа елдерде басылған оқулықтар мен ғаламтор желісі арқылы көрсетілген жазбалардың пайдасынан зияны басым. Осы дінге қатысты теріс пайымдар қаншама жасты адастырып жүр. Негізгі рухани бастауларымыз әлі де толық зерттелмегендіктен кереғар ойлар орын алуда.

Ислам діні адамзат өміріне сәулесін шашып, көптен күткен жарық пен жылулық берді. Әйел мен Исламның байланысы осы кезеңде ерекше байқалды.

Әйел затының үлкен қасіретінің бірі – олардың өмір сүруге құқығының болмағандығы. Өмірге келген қыз әкесінің көзіне түспеуге тиіс еді. Бірқатары тірідей топыраққа көмілген-ді. Сол кезеңде өмір сүрген әкелер қыздарының өліміне себепші болды. Надандықтың ең сорақысы осы еді. Жүрегінде иманы бар әкелер қыз балаларын жасырып ұстауға мәжбүр болды.

Қараңғылықтан туған осынау қасіреттің түрлі өзіндік себептері бар. Бірі қыз баласын ар санап, қор санап, руына кір келтіреді деп білсе, кейбіреулері асыраудан қашып, байлығымды шашады деген жаңсақ пікірді желеу еткен. Ақтауға келмейтін бұл надандық пен жабайылықтың шегі болуға тиіс еді. Бұл жауыздық пен қараңғылықты тоқтатқан осы – Ислам діні. Дінмен бірге Құран мен Сүннет арқылы бұл қараңғылықтар жойылып, әйел өмірдегі өз бағасы мен бақытын таба бастады.

Осы сөзіміздің дәлелі – Алла әйелге көмектескісі келгенде қыз бала беретіндігі. Біздің өмір сүріп отырған дәуіріміздегі қағида мен түсініктің бірі – қыз өмірге келсе бізді жұмаққа кіргізеді, ал бойжетіп өсе келе аяулы жар, сүйікті келін болады. Ол нәзік болғанымен бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Ал оның ұрпағы жұмақтың кілті ана табанының астында деп біледі. Бұл жаратылыс иелеріне Жаратушымыз сұлулықты аманат етті. Нәзік те сұлу мүсін тек әйелге бұйырды. Әйел еркектің қабырғасынан жаратылған. Аманат етілген бұл сұлулықты әрқашан жасырып жүру сүннет етілді. Әйел денесінің қай жері болсын әуретті. Араб елінен енген «хиджаб» сөзі «оранып жүру» деген мағына беретін болса, қазақ әйелдері ешбір жерін ашып жүрмеген. Қазаққа ғана тән киім үлгісі – кимешек пен қос етек, ұзын жеңді көйлек те қыз баласының дене бітімін толық жауып тұрады.

Әу бастан-ақ қазағымның салты бұл дінмен туыс болған. Нәзіктігімен баурап, ержүректігімен таңғалдыра да білетін қазақ қыздарының басқа ұлттан ерекшелігі көп. Табиғатынан қыз баласына ғана тән ержүректіктің дәлелі болар заңды құбылыстың бірі – ол өзінің  туып-өскен үйі мен ата-анасын, туғандарын тастап, бөтен үйге келіп, келін атанып, уақыт өте келе сол шаңырақтың отанасына айналуында. Төркіні – қонақ ретінде барып қайтатын мекені болып қала береді. Бұл бірде-бір ер-азаматтың қолынан келе қоймайтын, әйел затына ғана тән табиғи ерекшелік. 

Ағаштың сүйеніші – тамыры болса, адамның сүйеніші – отбасы.  «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демекші, ерін асқар таудай көріп арқа сүйейтін де, бұлақтан аққан мөлдір судай болып іші-бауырына кіріп, бәрінің шөлін қандырып, жағасындағы құрақтай болып өсіп келе жатқан балаларын тәрбиемен, біліммен сусындату да әйелге жүктелген үлкен міндеттің бірі.

Гауһар ТОҚТАРБАЕВА