АУРУХАНАДАҒЫ КЕЗЕК: ШҮКІР ЕТУДІ ҮЙРЕНДІМ

Уақыты: 02.06.2019
Оқылды: 1674

Кеше баламды неврологқа алып бардым. Бір жасқа толғанда арнайы тексеруден өткізу шарт. Ауруханаға барсам, кезек күтіп тұрған бір ғана бала бар екен. «Жолым болды», – деп қатты қуанып кеттім. Бір кезде әлгілер кірейін деп тұрғанда қолдарына бір-бір бала көтерген ерлі-зайыпты келе қалды да, есікті ашып, дәрігерге еніп бара жатты.

«Кезек!» – деп дауыстап қалдым жан ұшыра. «Біз кезексіз кіреміз», – деп әйел қызын көтеріп тұрған ерін нұсқады. Сөйтсем, баласы сал екен. Жүре алмайды. Аяқ-қолын қозғалтудан қалған. Жасы 4-5 шамасында. Ауызында емізік. «Құдай сақтасын», – дедім ішімнен. Кезегім келгенше терең ойға батып кетіппін. «Аяқ-қолы сау екі ұл берген Аллаға сансыз шүкір. Өткенде үлкенім, одан кейін кенжем бірінен соң бірі ауырғанда біраз әбігерге түсіп кеттім. Уақытша сынақты көтере алмай біраз асылық сөйлеп қойдым-ау, сірә», – дедім өзіме.

Алла мені аурумен сынап жатыр дейтінмін мұндайда. Жаратқан мені уақытша әрі жеңіл аурумен сынаған екен-ау. Әлгі ерлі-зайыпты ұқсап туғаннан салмен ауыратын бала өсіріп отырған жоқпын. Солай болғанда қайтер едім?! Құдай оның бетін ары қылсын. Аяқ-қолы балғадай екі ұл сыйлағаныңа шүкір. Күйеуім кешке жұмыстан келгенде: «Шарша-а-а-ап кеттім», – деп егілетінмін. Ол сөзім бекер екен. Туғаннан сал баланы бағып-қағып отырған мына ана мен секілді шаршадым демейтін шығар?!

Әлгі қыз балаға жаным ашыды. Тумай жатып осындай болғанына жүрегім ауырды. Әлі көз алдымнан кетер емес. Тағдыры солай болған ғой деп өзімді жұбатып қоямын. Солай ішімнен сөйлеп, ойға батып отырғанымда: «Тек қол қойдыртамын да шығамын, бірдеңе сұраймын, бір зат бере саламын», – дегендер көбейіп кетті. Іштегі бір дәрігер танысын тағы өткізіп жіберді. Енді кіре бергенде: «Кварц. Жарты сағат күтіңіз», – деді дәрігер. Тағы да күтуге тура келді. Жанымда бір келіншек отырған. Қызын алып келіпті. Үлкенімізбен қатарлас болған соң әңгімелесейін деп шештім.
– Нешеде?
– Екіден асты.
– Тілі шығып, сөйлеп жүр ма? – деп едім:
– Құлағы естімейді, – деді. Жүрегім зу ете қалды. «Құдай-ау, шүкір, шүкір, шүкір», – дей бердім. Ары қарай әңгіме жалғаспады. Жарты сағат өтіп, енді кірейін деп тұрсам, бір келіншек келіп: 
– Бірдеме жаздырып алайын деп едім. Көп уақыт алмаймын, – деді. Келген кездегі қуанышымнан түк қалмады. Бұл жолы кезекті бермедім. Балам да мазасызданып кетті.
– Ренжімеңіз бұл жолы кіргізе алмаймын. Мен де бағанадан бері кезек күтіп тұрмын. «Бірдеме сұраймын. Қол қойдыртамын», – дегендер көбейіп кетті. Арасында мүгедектер де бар кезексіз кіріп жатқан. Сіз де мені түсініңіз. Өткізе алмаймын, – дедім қабақ шытып.
– Менің де балам мүгедек, рас айтамын, – деп әлгі келіншектің көзінен жас шығып кетті. Оған қарсылық білдіре алмадым.

Бұл оқиғалар маған Құдайға шүкір етуді үйретті. Естіген-көргендеріме жүрегім ауырып, алдыма ұстап отырған баламды қайта-қайта қыса құшақтап: «Құдайға шүкір! Енді шаршадым деп ешқашан айтпаймын», – дедім ішімнен.

Мейірмангүл АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Алматы қаласы

Сурет ғаламтордан алынды