МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 05.06.2019
Оқылды: 1227

Құрметті отандастар! Барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы - күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке.

Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді. Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді.

Қазақстан - бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар - халқымызға тән игі қасиеттер.

Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың Рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт құтты болсын!

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

www.akorda.kz