ИМАМДАР ФОРУМЫ: "ЖЕТІ РУХАНИ ҚАЗЫҚ" ТҰҒЫРНАМАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Уақыты: 04.11.2019
Оқылды: 2359

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумына Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белгілі теологтар және 500-ден астам имам қатысып, дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Белгілі қари, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб има­мы Жұманазар Өсерханұлының қа­сиетті Құран аяттарын оқуымен басталған форумды ашып, жүргізіп отырған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз сөз кезегін Президент Әкімшілігінің басшысына ұсынды.

Алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Имамдар форумының қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берген Ерлан Қошанов дүйім жұрттың рухани тірегіне айналған Ислам дінінің құндылықтары халықтың тірегіне айналатынына сенім білдірді. Одан соң сөз кезегін алған Премьер-Министр­дің орынбасары Бердібек Сапарбаев мем­лекеттің өркендеуі оның экономикасының дамуымен, халықтың әл-ауқатының артуымен ғана өлшенбейтінін, ұлт азаматтарының жан-жақты білімі, жан дүниесінің таза­лығы, рухани байлығы аса маңызды мә­селе екенін жеткізді. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жол­дауында әлем мойындаған ғұлама - әл-Фа­рабидің 1150, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуді тапсырғанын еске салды.

Алқалы жиында Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дәурен Абаев форумның ҚМДБ-ның қоғамдағы беделін арттыруға, имамдарымыздың мәртебесін күшейтуге, еліміздегі мұсылман үмбе­тінің ортақ мүддеге бірігуіне септігін тигізетініне сенім білдірді. Министрдің айтуынша, бүгінде кейбір жекелеген адамдардың діннің атын жамылып, экстремизм мен терроризмді, діни фанатизмді насихаттап жүргені өкінішті жайт. Олар қазақ жеріндегі сан ғасырлық тарихы бар исламнан, бабаларымыз әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн, Абай мен Шәкәрім дәріптеген дәстүрлі дінімізден сырт айналып, деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетті.

– Сон­дықтан, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы алдында аса маңызды, ерек­ше жауапты жұмыс тұр. Ол еліміз­дегі мұсылман үмбетін «қолда бар алты­нымыздың» қадірін білуге, оны қас­терлеуге шақыру, бабалар мұрасы – асыл дінімізді көздің қарашығындай сақтауға үйрету, – деген Дәурен Абаев өз пікірін ары қарай сабақтады. – Оған қоса, Ислам дінін ұстанушы азаматтарымыздың діни білімін арттырып, ғаламдық сұраныстарға лайықты жауап бере алатын сапалы үмбет тәрбиелеу де кезек күттірмейтін шаруа. Осы мақсатта біздер нақты жұмыс бастадық. Бүгінгі форумда қабылданатын «Жеті рухани қазық» - Қазақстан мұсыл­мандарының Рухани Тұғырнамасы атты құжат – халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен құндылығын жаңғыртып, кеңінен насихаттауға арналған.

Одан әрі министр мемлекет пен ҚМДБ алдында ағартушылық жұмыс­ сапасын жаңа деңгейге көтеру, мешіттердің қызметін реттеуді жандандыру, Діни басқарма қызметшілерінің білімі мен біліктігін арттыру, Діни басқарманың әлеуметтік желілер мен БАҚ беттеріндегі ағартушылық жұмыстарын күшейту, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету сынды бірқатар маңыз­ды мәселелер тұрғанын атап өтті.

Алқалы жиында негізгі баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қоғамда көрініс тапқан мәселелерді шешудің жолдарына тоқталып, кісінің адамгершілігін, мейірімін, ынсабын, ары мен ұятын қалыптастыратын адал жүрек екендігін жеткізді. Бұдан кейін жиында қоғам қайрат­кер­лері, ғалымдар, зиялы қауым өкіл­дері және имамдар сөз сөйлеп, Ислам дінінің маңыздылығы, ҚМДБ қызметінің басымдықтары, қоғамдағы түрлі мәсе­ле­лер тұрғысында сөз қозғады.

Форумда Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігімен бірлесіп дайындалған «Жеті рухани қазық» Қа­зақ­­стан мұсылмандарының Рухани Тұғыр­­намасы, «Дін қызметкерлері атқара­­тын діни рәсімдер тізілімі», «Діни қыз­меткерлердің лауазымдық міндет­тері» және «Діни лауазымдар тізілі­мі» ат­ты құжаттар қабылданды әрі ІІІ рес­публикалық имамдар форумының Үндеуі жарияланды.

«Жеті рухани қазық» Тұғыр­намасы мұсылманның бойынан табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты – имандылықты, отаншылдықты, білімге құштарлықты, бірлікқұмарлықты, еңбекқорлықты, мәде­ниеттілікті және әділдікті қамтиды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Нұр-Сұлтан қаласы

Сурет ғаламтордан алынды