ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ: ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 05.11.2019
Оқылды: 1461

Ақтөбеде облыстық дін істері басқармасы ұйымдастырған «Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» атты халықаралық форум өтті. Дін саласындағы жоғары білікті мамандардың басын қосқан жиынға Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов пен басқармаға қарасты бөлімдердің қызметкерлері қатысып, еліміздің тұрақтылығына, бейбітшілігіне, тыныштығына кесірін тигізуі мүмкін діни экстремизмнің алдын алуға қатысты шаралармен танысты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров, «Нұр Мүбарак» ислам мәдениеті университеті жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Асқар Сабдин, Мәскеу мемлекеттік педагогика-психология университетінің кафедра доценті Ольга Павлова, Дағыстан мемлекеттік халық шаруашылығы университетінің экстремизм және терроризм идеологиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі ғылыми-тәжірибелік лабораториясының басшысы Хабиб Могомедов, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Мадих Абдулла, Павлодар облысы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры тарих ғылымдарының кандидаты Гүлназ Раздықова, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Хасан Матар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚР лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Кәкімжан Бишманов, Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Рауан Чингужанов, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Қанат Алшынбаев, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, дінтану бөлімінің РҺD докторанты Нұрбол Қалдыбеков, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, докторант Серік Тәжібаев сынды теолог, дінтанушы, психолог мамандар, сарапшылар баяндама жасап, лаңкестік пен экстремизмді болдырмаудың жолдарын таныстырды.

Форумда экстремизмнің психологиялық себептері мен алдын алу, жаһандану жағдайындағы қоғамның исламофобиясы мен дерадикалдандыру мәселелері және түрлі елдердің тәжірибесі негізінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ету бойынша бірлескен үрдістерді жасауға бағытталған тақырыптар талқыланып, «Аnsar» медиа студиясы түсірген «Өкініш» атты бейнеүзік көрсетілді.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған форум нәтижесінде «Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» атты халықаралық форумның 150-ден астам терминнен құралған глоссарийі және арнайы әдістемелік құрал дайындалатын болды.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Сурет ғаламтордан алынды