КҮДІГІҢ БАР МА, ҚОҢЫРАУ ШАЛ: ҚАУЫРТ ЖЕЛІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 06.11.2019
Оқылды: 1130

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы «Талдау және болжау орталығы» мен «Ізгілікті істер» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Маусым айынан бастап жұмысын бастаған  республикалық «Қауырт желі – 114» қызметі Қазақстан азаматтарының дін саласына қатысты туындаған сұрақтарына жауап қайтарып, тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде аталмыш қызметтің қоғаммен жұмыс бөлімінің маманы Жандос Анарбекұлы түсіндірді.

– Ақпараттың көптігіне байланысты бүгінгі таңда адамдар жат ағымға түсуде. Соның алдын алу мақсатында ұйымдастырылған қауырт желі жұмысы республиканың түкпір-түкпірінен түскен кез келген қоңырауға жауап береді. Біздің орталықта исламтанушы, дінтанушы, психолог сияқты арнайы мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталықта жеке бөлім бар. Яғни, адамдар келіп өздері психолог немесе басқа мамандардың жұмыстарына жүгіне алады. Қызмет екі тілде жүргізіледі, – деді.

Келесі сөз кезегін алған исламтанушы Айдын Оралбекұлы жалпы қандай сұрақтардың қойылатындығы және де сауалдардың жауапсыз қалмауының қадағалануы жайлы түсіндіріп өтті. Бүгінгі таңда «Қауырт желі – 114» желісін тұрғындарға таныстыру мақсатында арналардан түрлі бейнематериалдар жариялануда.

Кездесу соңынан баспасөз өкілдері мамандарға көкейіндегі сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті.

Аймарал ОМАР