"МЕН КӨРІНБЕЙ ҚАЛМАЙЫН": ЕРДОҒАН ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ СӘЛЕМ АЙТТЫ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 2016

Абылай хан атындағы Шет тілдер университетін бітіріп, Алматы облыстық дін істері басқармасында 4 жыл еңбек еткен Тимур Оразбаев - халқымыздың рухани көсемдеріне айналған тұлғалардың шығармашылығындағы имандылық мәселелерін зерттеуге кіріскен жас ғалым. Ғылым жолын таңдаған жас маман қазір Түркия мемлекетінде білімін жетілдіріп, ғасырлар бойы қалыптасқан Ислам дінінің асыл құндылықтарымен танысуда. Аз уақытқа елге оралған жас ғалыммен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

– Біз сізді Алматы облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен тығыз жұмыс атқаратын білікті маманы ретінде танушы едік. Жақында шетелде білім ұштап келіпсіз. Қайда, қандай мақсатта, қалай оқып қайттыңыз?

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, облыстық дін істері басқармасында жұмыс істеп жүрген кезеңде дінді желеу етіп отбасын ойран етушілер, неке тәртібін қаралаушылар көптеп шыға бастады. Сондай мәселелердің түп-төркінін ұғыну үшін Талдықорғандағы Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында білім алдым. Сол кезде діни білімдегі таяздығымды ұғынып, Түркия елінде білім жетілдіру керек деп шештім. Оған дейін қажылық кезінде Мекке, Медина, Жидда қалаларына бардық, кезінде ілім ордасы болған Самарқан, Бұқараны көрдік. Кеңестік жүйе имам Матуриди, имам Бұқари сынды ғұламалардың мазарларын базарлардың ортасында қалдырып, көпқабатты үйлердің қыспағына салған ғой.

Бір сөзбен айтқанда, ғұлама ғалымдардың есімін халықтың жадынан өшірмек болған. Сондықтан қазір діни білім алудың, алған ілімді ұштаудың, рухани ізденудің көзі 600 жылдан бері мемлекеттіктің туын асқақтата көтерген Анадолы топырағы дер едім. Осыдан 2 жыл бұрын Түркияның Чорум қаласындағы Хидит университетінің магистратурасына «Мәулана» бағдарламасымен оқуға түскенмін. Анкараға жақын жердегі таудың бөктерінде орналасқан шағын қаланың кітапханасы бай, рухани мұрасы мол. Бір қызығы, асқан білімді ғалым, профессорлар сол қалаға құмар келеді екен. Сол университетте Исламның ақида, сенімдік, мәзһабтар саласының магистратурасын тереңдетіп оқыдым.

– Қазір айтулы оқиғалар мен жағымды жаңалықтарды әлеуметтік желі арқылы жылдам әрі анық естиміз. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездескеніңізді естіп жатырмыз. Кездесуіңіздің қалай өткенін өз аузыңыздан тыңдасақ.

– Ол жақта бүкіл білім саласы бір жүйеге негізделген. Тапсырған емтихандардың болсын, басқа да мәселелердің болсын ашықтығы, қолжетімділігі қуантады. Қай студент қалай оқиды, қай шәкірттің қандай жетістігі бар деген мәліметтерді оңай көруге болады. Жаратқан Алланың қалауымен қыркүйек айының соңында телефоныма бір кісі хабарласып: «Жақында Ердоған мырзаның ректорлармен, профессорлармен, бірқатар шәкірттермен кездесуі өтеді. Соған алыстан келген сізді қосып жатырмыз. Сәрсенбі күні уақытыңыз бола ма?» – деп сұрады.

Негізі шетелде білім алу біз үшін оңай емес. Аздаған кемшілігің болса кейінге ысырыла бересің. Сөйтіп, көптеген жылдар бойы білім алуға тура келеді. Құдайға шүкір, оқуға түскеннен бастап, үздік оқыдым. Сынақтарымды 95 пайыздық көрсеткішпен бітіргенмін, соның да әсері болған шығар, бір елдің Президентімен кездесуге бірден келісім бердім. Шыны керек, мен үшін өте қуанышты сәт болды. Анкарадан арнайы автокөлік келіп, баратын жерімізге 3-4 сағатта жеткізді.

Ақүйге түркиялық ықтиярхатпен кірдім. Қалтамдағы телефонымды ешкім сұраған да жоқ. Тексеруден өткен соң ауқымды залға жиналған көпшіліктің ең алдына әкеліп отырғызды. Біріңғай профессорлар мен ректорлардың қатарына биылғы ең үздік 23 студент іріктеліп, қосылыпты. Солардың ішінде алдыңғы сапта отырдық. Бір уақытта Президент келіп, біздің артымызда отырды. Кейіннен мінберге шығып, көпшілікке сөз арнаған ол республиканың жетістігіне тоқталып, Түркиядағы 8 миллион студент, 18 мыңнан астам шетелдік шәкірттің жаңа оқу жылын жақсы көрсеткішпен бітіруіне тілектес екендігін жеткізді.

Оның алдында кездесудің қалай жүретіндігін түсіндіргендер бізді бөлек бөлмеге шығаратындарын, сонда гүл шоқтарын ұсынып, әңгімелесуге болатынын айтқан болатын. Әлгі бөлек кабинетке кіргенімізде Ердоған шырылдаған телефонына қарап, жұмсақ үнмен: «Кешіріңіздер! Бір минутқа тілдесіп алайын», – деп асқан кішіпейілдік танытты. Ондайды көрмеген біз аң-таңбыз. Көптің алдында тұрған мені жергілікті жігіттердің қызғана бастағанын сездім. Сөз арасында бірі: «Қардашым, қайдансың? Орта Азияның түріктеріне ұқсайсың ғой?!» – деп әңгімеге айналдырып, алға шықпақшы. «Адам адамға ұқсай береді ғой, сен де орысқа ұқсайды екенсің», – деп міз бақпадым. Өйткені, Президенттің қолын бірінші болып алу үлкен мәртебе еді.

Ақырында қосымша есіктен шыққан Режеп Ердоғанның бойы биік екендігін жақын келгенде байқадым. Қолын алып, атажұрттан сәлем әкелгенімді айттым. Сөзімде: «Амандығыңызды тілейміз! Мұсылмандар үшін қаншама еңбек сіңірдіңіз, Алланың есендігін берсін! Мен Тимур деген ініңізбін. Қазақстаннан келдім. Чорумдағы университетте дінтану бойынша білім алып жатырмын», – дегенді айттым.

Ол кісі: «О, Тимуржан! Қазақ еліне Анадолыдан мың сәлем айт!» – деп құшағына қысып, дұға жасады. Сол кезде қолымдағы телефоныммен суретке түскен болдық. Бірақ жан-жақты жарықтандырып, кәсіби фотографтардың жұмыс істеуіне ыңғайлағандықтан мен түсірген фотолар нашар болып, анық көрінбей қалды. Кейін Президенттің баспасөз хатшысы визиткасын берді. Сол арқылы суреттерді жіберді. Бәріміз ортақ суретке түсер кезде Ердоған: «Тимуржан, сенің бойың ұзын екен. Мен көрінбей қалмайын, сендер отырып алыңдар», – деп қалжың араластыра сөз сөйледі. Бәріміз ду күлдік, сөйтіп, арамызда өзгеше бір жылылық пайда болды.

– Ислам шариғатының ақида саласы бойынша білім жетілдірдім дедіңіз. Бізде осы сала әлі де толық танылып, барынша ашылып, қажетінше меңгеріліп, таныстырылған жоқ. Ақиданың не екендігін, оның нені зерттейтінін, неліктен солай аталғандығын білмейтіндер баршылық. Соған қарамастан еліміздің мұсылмандары Матуриди ақидасын ұстанады деп жатамыз. Жалпы Матуриди ақидасы басқа ақидаларға қарағанда қандай ерекшелікке ие? Бізге несімен жақын, несімен құнды?

– Имам Әбу Мансур әл-Матуриди 870 жылы Самарқанда дүниеге келген Ислам ғұламасы. Өз заманында Құран мен сүннетті ақылмен ұштастырып, халыққа түсінікті тілмен жеткізген. Жалпы дін Исламда екі бағыт бар. Оның бірі – әхла Хадис, екінші – әхла Рай. Біріншісі қандай да бір діни мазмұндағы мәселеге тап болғанда тек хадистен жауап іздеуге тырысады. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафа (с.а.с) өмірдегі барлық нәрсенің жауабын беріп, беймәлім тақырыптарды түсіндіріп кетпегендіктен әхла-Рай бағыты суық ақыл, сергек ойды қолданған. Мысалы, қасиетті Құран Кәрімде Ибраһим пайғамбардың (а.с) Жаратқан Алла Тағаланы ақылмен тапқандығы айтылады.

Міне, имам Матуриди осы бағытты ұстанып, көптеген еңбек жазған. Соның бірі «Китабу ат-Таухид». Бізге әлі аударылмаған еңбекте Алланың бірлігі айтылады. Бүгінгі түрлі теріс ағымдарды әшкерлейтін бірден-бір еңбек дер едім. Одан кейін «Тауилат әл-Құран» туындысы Құран Кәрімді жорамалмен тәпсірлейтін ерекше шығарма. Ең соңында «Бәрін білуші Алла» деп түйіндейді. Жалпы Ислам әлемінің өзінде имам Матуридиді көп танытпады. Қазірдің өзінде Өзбекстанда оны танымайтындар көптеп саналады. Оның осы екі кітабының нұсқасы мұсылман елдерінен емес, Еуропадағы Кембридж университетінің кітапханасынан табылды. 1840 жылы Ұлыбританияның бір ориенталист ғалымы «Тауилат әл-Құран» кітабының түпнұсқасының 3650-ші нөмірмен тұрғанын күллі әлемге жариялады. Кейін Хакім Самарқанди секілді шәкірттерінің жасаған тәржімасымен енді ғана шығып жатыр.

– Араб тілінде жазылған ба?

– Иә, араб тілінде жазылған. Бірақ сөйлемдерінің арасындағы морфологиялық, синтаксистік байланыстардың бәрі түркі тіліне жақын. Соған орай тегінің түркі екендігін айтушылар бар. Мысалы, араб пен қазақтың сөйлем құрауын ажырату аса қиын емес. Сол себепті де оңайырақ түсінген. Оның үстіне өмір сүрген жері Мәуреннахр, қазіргі Самарқанның маңы. Соған қарамастан Өзбекстанда Матуридиге қарағанда имам Бұқари көп насихатталады. Өйткені, өмірін хадис жинақтауға арнаған Бұқаридің мазарының жанында үлкен зерттеу орталығы жұмыс істеп тұр. Тіпті, сонау Кеңес одағының кезінде араб мемлекетінің әлдебір басшысы КСРО-ға келерде ең алдымен Самарқанға баратынын, ондағы Бұқаридің мазарын көргісі келетінін айтқан көрінеді. Соған орай кеңестік идеология аз уақыттың ішінде хадис ғалымының басын жаңартып, қолдау көрсеткен-мыс деген әңгіме бар. Неге сол басшы Матуридидің басына бармады? Себебі, ғұлама ғалымның Құранды ақыл арқылы түсінуі керектігін айтқан тұжырымын қабылдай алмайтын мұсылмандар көп. Кезінде күллі әлемді тітіреткен Осман халифатының Ашғари ақидасын ұстанғанына қарамастан Матуридидің кейбір еңбектерімен білім берген. Сол тұстағы ілім орталығы Бағдат болғандықтан Ашғари ақидасы кеңінен насихатталған. Сондықтан имам Матуриди әлі күнге толық танылмай жатыр. Қазақстанда оның еңбектерін зерттейтін сайты жоқ. Матуриди тұрмақ Абай Құнанбайұлының руханияттағы танымдық еңбектерін насихаттайтын портал жоққа тән. Осы жолы Абай атамыздың басына барып, Құран бағыштадым. Сондағы мұражайға жинақталған көне шағатай тіліндегі кітаптарды іздестірдім. Біздің бүгін «Қарасөз» деп жүргеніміз түпнұсқада «Насихати Қазақи» деп жазылыпты. Оны кеңестік идеология бұрмалаған. «Қарасөз» деген атау берген, сол ұғымнан әлі арыла алмай келеміз. Туғанына 175 жыл толатын Абай Құнанбайұлын әлі толық танымаймыз.

– Сонда қазақ даласы Матуриди ақидасын қай уақыттан бастап ұстанған?

– Біз мұсылман болғалы Матуриди сеніміндеміз. Бірақ қазақ халқының дінді терең түсінгендігі соншалық, ашғари, матуриди ақидаларын ажыратып білмесе де дінді қалай ұстану керектігіне бас қатырмайды. Яғни, дін қазақтың өміріне сіңісіп кеткен. Абай мен Шәкәрімнің еңбектеріне қарасаң иманның мағынасы, иман жаратылған ба, жаратылмаған ба, күпірдің мағынасы секілді ақидадағы үлкен-үлкен тақырыптар жан-жақты түсіндірілген. Атақты имам Ғазалидің «Ихия Улумуддин» атты кітабының жазылуына себеп болған Харис бин Мухасибидің «Рияли хукукилях» деген еңбегімен танысқан болатынмын. Елге демалысқа келгенде қарындасымнан Шәкәрімнің кітабын оқып шықтым. Шәкәрім өлеңдерінде Мухасибидің айтқан ойларын қайталайтынын көргенде таң қалдым. Қайта-қайта оқимын. Сол заманның өзінде-ақ халықтың құлағына оңай сіңетін шымыр шумақтармен Матуриди ақидасын жеткізген екен. Міне, сөйткен Абай мен Шәкәрімді біз дін ғалымы деп атай алмай отырмыз. Тек ағартушы деген шектеудің ішіне салып қойдық. Халықты рухани ластықтан ағартқанын аңғармадық. Енді осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу біздің мойнымызда тұрған үлкен жауапкершілік.

– Ендеше ғылымның ауыр жолына түскен қадамыңыз қайырлы да құтты, білім алу жолындағы еңбегіңіз табысты әрі пайдалы болсын деген тілекпен әңгімемізді аяқтайық.

Сұхбаттасқан - Мәди АЛЖАНБАЙ