"ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ ХАРАМ": НАИБ-МҮФТИ АВТОКӨЛІКТЕРДІ ҰТЫСПЕН САТУДЫҢ ҮКІМІН АЙТТЫ

Уақыты: 11.01.2020
Оқылды: 1991

«Лотерея құмар ойынға жа­тады», - деді Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы төра­ғасының орынбасары, наиб-мүфти Ершат Оңғаров. Бұл туралы діни басқарманың өкілі "Aikyn.kz" сайтына берген сұхбатында айтты. Наиб-мүфтидің сөзінен шығатын қорытындыға сүйенсек, қазіргі эстрада жұлдыздарының пәтерді, қымбат маркалы көліктерді лотереямен ойнатып, ұтысқа салуы да бір шешіммен харам болып тұр.

Ершат Оңғаровтың сөзінше, құмар ойын – кездей­соқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылуды білдіреді. "Шариғатымызда құмар ойындарға қатаң түрде тыйым салынған. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Олар [адамдар] сенен (уа, Пайғамбар) арақ пен құмар туралы сұрайды. «Ол еке­уінде үлкен күнә және адамдар үшін кейбір пайдалар бар. Алайда пайдасынан күнәсі көп» деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят). Аяттағы «мәйсир» сөзі құмар деген мағынаны білдіреді. Яғни, бі­реудің ұзақ уақыт бойы еңбек­те­ніп тапқан ақшасын құмар ойыны арқылы оп-оңай, жеңіл жолмен алғандықтан «мәйсир» деп аталған. Құмар ойынына карта, нарда, ойын автоматтары, "рулетка", ло­терея, букмекерлік кеңсе және басқалар жа­тады", - дейді наиб-мүфти.

Діни басқарма өкілі құмар ойындардың ішінде кең таралғанына лотереяны жатқыза отырып, оның бірнеше түріне тоқталады. Негізгілері мыналар:

1.Сандық лотерея: белгілі бір мөлшерде сандар басылған билет ретінде сатылады. Кездейсоқ таң­далатын сандар арқылы жеңімпаз анықталады. Бұл құмар ойынында қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болып, жүздеген, мың­даған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап пайдаға кенеледі. Сол секілді үйді, көлікті, кітапты, басқа да заттарды лотерея арқылы ойнатып сату да осы түріне жатады.

2.Спорттық лотерея (ойын авто­маттары, букмекерлік кеңсе): әртүрлі спорттық жарыстардың нәтижелерін жорамалдап, бәс ті­геді. Егер ұтса, "ставканың" мөлшері мен коэффициентіне байланысты ұтысын алады. Ал сәтсіздікке ұшы­раса, тіккен ақшасынан айы­рылады.

3.Жарнамалық лотерея: бұл тауарларды сатуға ынталандыратын лотерея түрі. Мысалы, дүкендерде, сауда орындарында клиенттерді тарту мақсатында тауарларға жүл­делер қойып ойнатады. Ол тауар­ларға белгілі бір номерлер белгі­лейді. Кейін оны тұтынушы на­рық­тағы бағасына немесе одан қымбатқа сатып алып, сыйлыққа қол жеткізуі мүмкін. Кейбір ғұламалар бұл ойынға харам деп үкім берген. Яғни, ол елді алдау, құмар болып са­на­ла­ды. Саудагерлер арасында бә­се­келестік тудырады. Оның соңы бір-бірін балағаттауға әкелуі мүм­кін. Ал шариғатта өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды делінген.

Наиб-мүфти қазіргі заманда кең тараған лотерея түрлерін осылай үш топқа топтастырды. Ершат Оңғаров: "Лотереяның кез келген түрі құмарға жататындықтан үкімі үзілді-кесілді харам саналады. Оған қандай ниетпен болса да, тіпті билетін тегін алса да қатысуға болмайды. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір қауымға бір нәрсені жеуді харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да ха­рам етті» (Бұхари, Муслим), – деген. Себебі, құмар ойын - адал кәсіп емес, керісінше адамдардың мал-дүниесін арам жолмен алу", - дейді.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінде 2019 жылы 5 желтоқсанда қабыл­дан­ған пәтуада осы мәселеге бай­ла­нысты төмендегі үкімдер бекітілген:

1.Кез келген құмар ойыны харам;

2.Сандық және спорттық ло­те­рея құмар ойынға жатады;

3.Жеке мүлікті лотерея арқылы сату харам;

4.Тауарды өткізу мақсатында тігілген сыйлықты мынадай шарт­тармен ғана алуға рұқсат етіледі: тауардың құны нарықтағы бағадан аспауы керек. Егер ұтыс себепті бағасы көтерілсе, құмар са­налады. Сыйлыққа жету үшін тауар сатып алмауы қажет. Егер затты ке­рек етпей, тек жүлдеге қол жет­кізу мақсатында сатып алса, онда ол мал-дүниені бекер шашқан болады. Тауар адал әрі пайдалы болуы тиіс. Сыйлық қатысушы тарап­тың берген ақшасынан алынбауы керек. Сондай-ақ, тұтынушыларға қиянат жа­сал­мауы тиіс әрі тауарды өткізуде алдау, алаяқтық болмауы шарт.

Басқарма өкілі ата дінімізде харам етілген осындай мәселелерді ақ-қарасын ажыратып түсіндіріп берсе де, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, әсіресе, "Инстаграм" парақшасы арқылы ұтысқа көлік тігіп, жарнама жасап жүргендердің қатары сирей қойған жоқ. Тұрғындар ел алдында жүрген әншілердің, өнер адамдарының сөздеріне еріп, түрлі ұтыс ойындарына қатысуда. Мыңдаған адамды үміттендіріп, оңай олжаға кенеліп жатқандарға қазірше тоқтам жоқ сияқты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды