ЗАҢСЫЗ МИТИНГ, БҮЛІК, ФИТНА: ҚҰРАННЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 21.02.2020
Оқылды: 1901

Адам баласы жаралғалы бері қоғамның тұрақтануы жолында талай белестен өтіп, көптеген қиындықты еңсерді. Сондай зауалдардың арасындағы ең қиыны – бүлік. Яғни, айрандай ұйыған елдің тыныштығын бұзып, бейбіт жұрттың үрейін алу бүлік деп аталады. Бұл жерде біз бүлік деген ұғым түсінігіне Қазақстанда заңмен тыйым салынып, экстремистік ұйым деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты тіркелмеген қозғалыстың акцияларына, яғни заңсыз митингілеріне қатысуды жатқызып отырмыз. Экстремистік деп танылған ұйымның заңсыз акцияларына қатысу бүлік емей немене?

Осы жерде  Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2018 жылғы 13 наурыздағы баспасөз ақпаратынан үзінді келтіре кеткеніміз жөн шығар. «Бас прокуратура сот шешімінен кейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының әрекетіне кез келген қатысқаны және қаржыландырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405 баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін түсіндіреді, – делінген ақпаратта. – «Қатысу» әрекетіне қозғалыстың идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, постарын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындау, шығару, көбейту және тарату жатады. Сонымен қатар, «қатысу» болып қозғалысты және оның басшысы Әбілязовті қолдауда митингілерді, шерулерді, жария акцияларын және басқа жаппай іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу саналады.

Соңғы күндері көп көңілінде бір алаң туындады. Өйткені, елімізден қашып, шет мемлекетке бой жасырған банкир Әбілязов 22 ақпан күні халықты митингке шақырып отыр. Расында қарапайым тұрғындардың қаржысын үптеп, өз қатарласы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген қашқын банкирдің айтқанына сену, айтағына еру – өресіздік. Алайда қазіргідей әлеуметтік желілер арқылы белсенділігін көрсетіп қалуды көксейтіндер ел ішіне іріткі салуын қоймай отыр.

Адам баласының өзара ықпалдасып өмір сүруін, тіршіліктің тіні бұзылмауын, ортақ мақсатқа жұмылып, бейбітшілік пен тыныштықтың өркендеуіне үлес қосуын қалайтын Жаратқан Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде бүлік шығарудың ауыр күнә, кешірілмес қылмыс екенін екі рет айтады.

Атап айтсақ, «Бақара» сүресінің 191-аятында: «Әсілі, елдің шырқын бұзатын бүлік – соғыстан, кісі өлтіргеннен бетер» десе, 217-аятында: «Ал бүлік шығару болса, соғыстан, кісі өлтіруден де үлкен күнә» деп адамзатқа ескерту жасайды. Барша жаратылыстың егесі, жанды мен жансыздың жаратушысы, әлемдердің иесі Алла Тағала ақсақалды қария мен ақ жаулықты ананы, тұлымы желбіреген ұл мен қуыршағын құшақтаған қызды шырқыратып кетер бүліктің зардабы ауыр болатынын осылайша ұғындырады.

Бұл жайында ғибратты ғұмыры күллі адамзатқа үлгі болған Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Фитна шығармаңдар! Сөзбен шығарылған фитна қылышпен шығарылған фитна сияқты. Залымдарға, күнәһарларға елді өсектеп шағылыстырудан, өтірік пен жаладан пайда болған фитна қылышпен жасалған фитнадан да зиянды», – дейді.

Мұндағы "фитна" сөзі – бүлік деген мағына береді. Өмір бойы әділдікті ту етіп, адалдықты берік ұстанған Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) бұл сөзі ұғынған адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, құрметті оқырман, «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген тәмсілді қалдырған ата-бабаларымыздың ұстанымынан ажырамау бүгінгі бізге керек, өскелең ұрпаққа қажет. Себебі, ертеңгі күніміздің жарқын болуы қазіргі келісімнен, ымырадан, ынтымақ пен бірліктен басталады. Соңғы ширек ғасырдың ішінде тыныштық пен тұрақтылықтың мекеніне айналған Қазақстан Республикасында бүліншілікті, бұзғыншылықты болдырмау – сіз бен біздің міндетіміз.

Салмағы ауыр міндетті – тыныштықты сақтап қалу жолында жақын-жуық туыстарыңыздың, ағайын-бауырларыңыздың, алыс-жақын көршілеріңіз бен ауылдастарыңыздың бүлікке еріп кетпеуін қадағалаңыз!

Қоғамды тоқырауы көп тоқсаныншы жылдардың өзінде аман ұстаған елдің ынтымақ пен келісім жолында бірігетін кезі келді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды