"ТОПЫРАҚ КӨРПЕ ЖАМЫЛДЫРАР": ҚАБЫЛИСАДАН ҚАЛҒАН ҚҰНДЫ СӨЗ

Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 1328

Шіліңгір шілдедегі ораза есіңізде ме? Күн қапырық, ауа бүк, нәпсімізге уақыт өтпейтіндей, кеш кірмейтіндей көрініп, тіліміз таңдайымызға жабысқандай күйге түсіп, ақшамды (ауызашар уақыт) асыға күтіп, біраз мазамыз кететін. Соңғы минуттардың өзі екі өкпесінен қанша тепкілесең де желіп қоймайтын олақ қойшының шабан аты сияқты жыбырлап тұрып алатындай әсер ететін. Азанның үні естілер-естілместе алақанымызды жайып, дұғамызды жасап, дәл уақыты кіргенде біссмілләмізді айтып, сүннетке сай аузымызды құрмамен ашып, онда да ұзақ шайнап жатпастан өңешімізге қарай қылқытып жіберіп, кеседегі суға ерніміз тигенде мынау мың күндік жарық сәуленің бар қасиеті мен құны бір тамшы судай болмайтынына көзіміз жетіп, рахаттана сіміретін едік. Былайғы уақытта кеңірдегімізден қылқ-қылқ етіп өтіп жатқан қара судың дәмін ауызашар сәтте сезіп, аталарымыздан қалған «судың да сұрауы бар» деген бірауыз сөздің де қадірі арта түсетін.

Мұны неге айтып отырмын? Рамазан басталғалы бері қайта-қайта соғып, артында қалған асыл мұрасын сіздермен бөлісіп отырған Қабылиса атамның да жыр жауһары кеберсіп қалған жан дүниемізді рахатқа бөлеп, шөлімізді қандырғандай күй кештіруде. Шілденің ыстығындай бас айналдырар дүниенің қызуынан бір сәт арашалап, маңдайымызды майда самалдай сипап өтіп, тынысымызды ашып, тұла бойымызға ерекше күш беретіндей.

Аларда ажал адамды жаңылдырар,
Өмірді қу ажалға бағындырар.
Өмірден ажал үстем болар сонда,
Адамды елпектетіп табындырар.
Біраз күн дүниеге қызықтырып,
Үлде мен бүлдеге орап малындырар.
Құрметтеп дүние шіркін айналдырып,
Мойныңа гауһар, лағыл тағындырар.

Байқайсыз ба, мына шумақтар алпыс екі тамырыңызда он сегізде ойнақтаған қызу қанның немесе жиырма бестегі тулаған жүректің сөзі емес, көргенін көңіл таразысына салып, тірлігіңде көзіңді арбаған дүниенің баянсыз екенін сезіп, жастық пен қарттықтың арасындағы өмірді бағамдай білетін даналық кезеңдегі саналы ойдан туындаған асыл сөз. Төбесімен аспан тірегендей алшаң басып, асқақтаған пендені бір сәт атынан түсіріп, бойындағы тәкаппарлықтың шекпенін шешкізіп, табанын жерге тигізіп, адамдықтың алдында асқақ кеудесін игізіп, адалдықтың шапанын кигізіп-ақ жібереді-ау сөз ұғатын жанға.

Алатаудай аспанға ұмсынғанымызбен ажалдың алдында аласа екенімізді, тіпті, таудай тұлғалы болсақ та, түптің-түбінде төбеден де төмен төмпешікке айналатынымызды ескертіп тұрғанын қаперімізге де алғымыз келмейді. Үлде мен бүлдеге қаншалықты оранғанымызбен, көп алдында құрметке бөленіп, барған жерде елден бұрын төр алғанымызбен, лағыл, гауһар тағындырған байлықтың буы көз алдыңды тұмандап, сағым қылған қызыл-жасыл дүниені өзіне бағындырған ажал деген алып күштің алдымызда күтіп тұрғанын ұмыта береміз.

Адамның адал ісін арам етер,
Ұялмас ардан кеткен зұлымдылар.
Өзі биік болған соң кімге зәру,
Түк білмейтін боп шығар ұғымдылар.
Кей адам көзге былай, сыртқа былай,
Жоқ емес іш ақтарар жырымдылар.
Бәрінен де сол артық сертте тұрса,
Ақпейіл сөзге берік тұлымдылар.

Дәл осы сегіз жол өлеңде жамандық пен жақсылықтың арасын бастан жілікті ажыратып бергендей қылып-ақ жазып кетіпті данышпан бабам. Ұяттан жұрдай, ардан ада пенденің адамдыққа дақ түсіріп, адалдыққа күйе жағып, жаны таза адамның өзін күйдіріп жіберуі жаға ұстатар жағдай болмай қалды ғой мына қоғамда.

Қабан атам кестелі сөз, көркем ой арқылы көргені мен көңілге түйгенін ақыл таразысына салып, өткінші ғұмыр, өлшеулі өмірдің бар мәні адамдық қалыбыңды сақтағанда ғана мазмұнды болатынын ескертіп отыр емес пе? «Өзі биік болған соң кімге зәру?», – дейді жырау. Осынау оймақтай ойдың кейіпкері ортамызда көп қоғамда өмір сүріп жатқанымыз да рас. Алдына барып, жағдайын айтып, мұңын шағу былай тұрсын, табалдырығынан аттаудың өзі тауға шыққаннан да қиын дөкейлер бар.

Дәрежесі биіктің алдында қалай билеп кеткенін білмей қалатын кей шенді өзінен төменге төбесінен қарағысы келгенімен, бабам айтқандай: «Түк білмейтін боп шығар ұғымдылар» қатарынан екенін қанша жасырса да көрер көзге ұрып тұратыны да шындық. «Көзге былай, сыртқа былай», мықтыға құл, жұртқа құдай болып көрінгісі келетін жасанды өмірден не қайыр?! Маңдайымызға мәңгі жазылмаған аз ғана ғұмырды мәнді өткізудің дара жолы – «сертіне берік, сөзінде тұратын, ақпейіл ниетте» екенін баба өсиетінен неге үйренбейміз?

Адамды алдап жүріп дүние шіркін,
Бір күні қара жерге алындырар,
– деп кемеңгер бабам қу дүниенің опа бермейтінін ескертіп жатса да, байлық десе басымыз айналып, есіміз кететіні несі екен?!

Пысықтық ептіліктен жан қалмайды,
Құтылмас күшке сенген қарымдылар.
Кей адам кейбіреуді көтермелер,
Деп айтар, білімділер, шалымдылар.
Ол мақтауы ойласаң оған зиян,
Сорлыны құр мақтауға салындырар.
Бір күні сол мақтауы жетер түпке,
Ұрынып көрінгенге жанын қияр.

Осы жолдар да жырау бабамның көрген-білгенін ой қазанында барынша қайнатып, әбден піскенде барып жазып отырған дүниесі ғой. Сонда мақтау мен мадаққа бағзы заманнан құмар жұрт болғанымыз ба? Әлде, адамды құртудың төте жолы құрғақ мақтау екені қазаққа ғана емес, жалпы пендеге тән кемшілік пе? Солай ғой деп өзіңді жұбатайын десең, өзгенің озық үлгімен озып бара жатқанын көргенде ойланып қаласың.

Сонда жер-көкке сыйғызбай бір-бірімізге айтқан мақтаулар мен мадақтауларымыздың нәтижесі қайда? Бұл жерде қарапайым адамның бойындағы қасиетін дәріптеп, дәрежесін көтере айтқан мақтау бөлек болса керек. Бізді құртатыны – жағымпаздықпен әспеттелген жасанды мадақ. Басшының алдында бас шұлғып отырып: «Сіздің арқаңызда! Сіз келгелі! Сіз болмасаңыз! Сіздің бастамаңыз!» деген сөзге жазықсыз құлағымыз жауыр болғалы қашан? «Барлық мақтау мен мадақтар әлемдердің Раббысы болған бір ғана Аллаға тән!», деген «Фатиха» сүресінің бірінші аятын құлаққа ілмегеннен кейін билігі зор, байлығы мол өзіміз сияқты екі аяқты пенденің алдында құлдық ұрмағанда қайтеміз?! Ақыры аятқа аялдадық қой, шариғат шеңберінен де бір-екі ауыз ой қозғай кетейін. Өйткені Қабылиса бабам:

– Бақыт, қайда барасың? 
– Үйінде тұрған Құраны,
Расулалла ұраны,
Тәртіпті үйге барамын,
– деп бақыттың қайда баратынын, оны іздеген адам қайдан табатынын соқырға таяқ ұстатқандай айтып беріпті.

Бірді айтып, бірге кетпейін. Сөзімді жоғарыда мысалға келтірген баба жырындағы мақтаудың зияны туралы ойыммен илләхи ауанда жалғастырайын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Дін бауырынан бір қажеттілікті сұрайтын кезде сөзді оны мақтаумен бастамаңдар. Бұлай істеген адам оның белін сындырған болады» (Ибн Лал), - деген сөз бар.

Иә, тура мағынасында қабылдамайық. Орынсыз мақтау арқылы бауырымыздың басына зиян әкелетінімізді түсінсек болғаны. Бір қарасаңыз мақтауда тұрған дәнеңе жоқ. Жақсылығын көзіңіз көріп тұрғаннан кейін оны жасырып қалудың не керегі бар? Көзінше айтып, көңілін көтеріп қоюдың не сөкеттігі бар? Басқа-басқа, бауырымызға зияны қатты тиетін жоғарыдағы хадистен өзімізге осындай сұрақ қойып, арашалап алғымыз келгенімен астарына үңіліп көрейікші.

Алла Елшісі (с.ғ.с) неге қатты ескертіп отыр? Сөйтсек, біреуді көзінше мақтау оның бойындағы тәкаппарлықты оятады екен. «Мен ғана сондай екенмін, мен бәрін істеп жатырмын» деген ой санасына сыналай кіріп, менмендігін қоздырады. Менмендік бойындағы әу баста қалыптасқан қарапайым мінезін өзгертіп, айналасына асқақтай қарап, тіпті, басқа адамдармен қарым-қатынасын да өзгертіп жібереді. Сөйтіп, мына дүниеде жан-жағына паңдана қарап, маң-маң басып, бақыттың бақшасында жүргендей сезіндіргенімен мәңгілік өмірінің қызығынан айырады. Өйткені Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде: «Кімнің бойында шаңның тозаңындай тәкаппарлық болса, ол адам жұмақтың иісін де иіскей алмайды», – деген. Яғни, ол адам Алла алдында өзіне лайықты жазасын алмақ.

Міне, дініміз бір, қанымыз ортақ бауырымызды мақтау арқылы қаншалықты зиянымыз тиетінін бағамдай беріңіз. Мүсим мен Тирмизиден жеткен хадисте: «Мақтаушылардың бетіне топырақ шашыңдар!», – деген. Хадиске амал етемін деп сізді мақтап жатқан бір адамның бетіне топырақ шашып көріңізші. Шариғатқа сүйенсек, сіз оған жанашырлық көрсетіп жатырсыз. Ал адами таразыға салсақ, сіздің әрекет ақымақтық. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?»  дегендей жақсылығыңды айтып жатқан жанның бетіне топырақ шашу – жағасына жармасып, жағынан қойып жібергеннен зор қорлық болуы мүмкін. Ал ақыл таразысына салып, сабырлықпен шешім шығарсақ, сізді жер-көкке сыйғызбай мақтап, өзіңіздің бойыңызда бар-жоқ қасиетіңізді тізбелеп, нәпсіңізге жағатын сөзді судай сапырып жатса, мүмкіндігінше тоқтатқаныңыз мақтаушы үшін де, мақталушы үшін де қайырлы болмақ. Жыраудың жырынан тағылым алсаңыз, мақтау мен мадақ сол пенденің түбіне жететін ең үлкен кесел екен.

Оразада туған ойдың бір парасын осы жерден Қабылиса бабамның сөзімен түйіндейін. Сіз де көңіліңізге түйіп қойыңыз, оқырманым!

Адамды алдап жүріп, арбап жүріп,
Ақыры топырақ көрпе жамылдырар.
Үй іші, малы, мүлкі артта қалып,
Ойлантып соның бәрін сағындырар.
Ажалдан құтылатын адам бар ма,
Алысып, арпалысып бәрін жығар.
Несін созып айтайын осы сөзді,
Қайран халқым, жалған сөз емес шығар?!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет ғаламтордан алынды