"БЕС УАҚЫТ НАМАЗДЫ БАҚҚАН ҚОЙДАЙ КҮТІҢІЗ": ҚАБЫЛИСАДАН ҚАЛҒАН СӨЗ

Уақыты: 24.05.2020
Оқылды: 1179

Аттай тулаған, оқтай зулаған уақытты уысында ұстап тұрар күш пенде баласының құзырында емес екенін қасиетті Рамазан айының әне-міне дегенше өте шыққанынан-ақ тағы да аңғардық. Осыдан бір ай бұрын «ОРАЗАДА ТУҒАН ОЙ» деп айдар тағып, Ұлы Даланың ділмар-кемеңгері, аузы дуалы, сөзі уәлі дана бабамыз Қабылиса атамыздың артында қалған жыр-аманатын ұлтым деп жұлқынған жұрттың назарына ұсынып, ой таразысында бірге саралауды бастаған едім. Ұрпағының санасында жаңғыртып, ғұмырлы сөзден сыр тартып, тағылымды дүниенің таңдайымызға салған тәтті өріктей дәмін алып, нәрін бойға сіңіре алсақ, үлкен жетістікке қол жеткізгеніміз. «Кім бар кім жоқ келгенше жыл айналып» дегендей, Рамазан қайтып келеді-ау, кімнің аман-есен қауышары Аллаға ғана аян болғандықтан баба мұрасын насихаттауда аянып қалмайын деп тағы да сөз бастадым.

Ай, мұсылмандар, жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз,
Бірлігін Хақтың біліңіз.
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз.
Бұл дүниенің жарандар,
Сағатындай болмайды,
Ақыретте біліңіз.

Баба сөзіне зер салсаңыз ауқаты асқан, дәулеті тасқан мұсылманға міндеттелген исламның бес парызының бірі зекет жайлы ой қозғайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерді қайтарыңдар» – деген хадисінен зекеттің парыз болуының адам баласына тигізер ең үлкен пайдасы мал-дүниеміздің амандығы мен берекелі болуы үшін нәпсімізді жеңіп, Алла жолына арнап, жоқ-жітіктің ақысы ретінде соларға арнайы беріп тұруымыз керек екен.

Қарапайым ғана мысал келтірейінші. Қора толы малыңызды біреуге тегін бақтыра аласыз ба? Астыққа толы қырманыңызды күзетшісіз тастап кетер ме едіңіз? Басқа да қазынаға толы қоймаңызды қараусыз қалдыруға жүрегіңіз шыдай ма? Әрине, жоқ! Міндетті түрде малыңызға бақташы, қоймаңызға күзетші қоясыз. Және тегін емес, қомақты жалақысын төлейсіз. Малыңыз аман – ұйқыңыз тыныш. Дүниеңіз түгел – күлкіңіз күміс.

Бірақ мына дүние сынақ алаңы екенін ұмытпаңыз. Беріп сынаған Алла алып та сынайды. Яғни, өз пейіліңіздің кеңдігімен жетім-жесірдің хақысын бермесеңіз өзгенің қолымен алады. Ойда-жоқта мал-дүниеңізге опат келсе, кім кінәлі? Бірден ойымызға малшы мен күзетші келеді.

Ақиқатында олардың кінәсінен емес. Төскейге сыймаған малыңыз бен қамба толы қазынаңыз бола тұра, Алла жолында зекет бермегеніңіздің салдарынан. Мына дүниеде малыңыз жоғалып, дүниеңіз тоналып сыналған да ештеңе емес-ау, ақыреттегі жағдайыңыздың да ауыр халде болатынын қасиетті Құранның Әли-Имран сүресінің 180-аятында: «Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын», – дейді», – деп ескертеді.

Ендеше оралыңыздың барында ойнап-күлгеніңізге алданбай, бақташы мен күзетшіңізбен есептескеніңіздей Ұлы Жаратушыңызбен де есептесуді ұмытпаңыз. Өзі болған Құдайын танымас. Бабамнан жеткен сөз. Сонша байлықты беруші ең әуелі Алла тағала екенін ұмытып, өзім бақтым, өзім таптым деп астамшылыққа ұрынғанда немесе мұқтаж адам мұңын шаға келгенде сөзін тыңдамай кері бұрылғанда Алла сізбен есептеседі.

Иә, рас мал-дүние өзіңіздікі. Өз еңбегіңізбен жеттіңіз. Бірақ соған жету жолындағы қажыр-қайрат пен ақыл- парасатты, күш-қуатты, ырыс-берекені беруші құдіреті күшті Құдай тағала екенін есіңізден шығармаңыз. Он екі мүшеңіздің амандығы мен, ақыл-есіңіздің бүтіндігі үшін шүкірлік қылып, мол байлығыңыздың бір мысқалын Алла жолына арнап, жоқ-жітік пен ғаріп-міскінге беріп қойсаңыз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жоғарыда айтқан хадисіне амал етіп, мол сауапқа ие болған жандардың қатарына кіресіз. Малыңыз аман, деніңіз сау, дүниеңіз түгел. Ол үшін Қабан жырау бабама бір сәт құлақ түріп қойыңыз. Олай істемеген жағдайда:

Харам болар, жарандар,
Зекетсіз жиған малыңыз.

Міне, бес парыздың бірі болған Зекетті орындағандағы пайда мен ұмытқандағы зиянның аражігі осы ғана. Бабам айтады:

Шариғаттан сөз айтқан,
Молла тілін алыңыз.
Құдай берген таусылмас,
Өлшеп берген дәміңіз,
– дейді.

Көп жағдайда кісі өлгенде немесе түс көргенде молда іздейтін жаман әдетіміз бар. Басқа уақытта Алланың сөзін жаттаған, жүрегіне аят пен хадис-шарифті сақтаған молданы адам құрлы көрмейміз. Жарайды, молда да өзіміз сияқты пенде ғой дейікші – көлігіміз аунап түсіп аман қалғанда, істі болып тұтылғанда, басымызға түскен пәледен құтылғанда, атамыз түсімізге кіргенде, жолымыз жабылғанда, барымыздан қағылғанда барып Құдайымыз еске түсетіні де шындық қой. «Садақаны сау кезіңде» бер дегенді естігенімізбен есімізге ала бермейміз. Есесіне жоғарыда айтқан жағдайға ұшырағанда Құдайға құлдық ұрып, молданы төрімізге отырғызып, Құранға ұйып мүләйім күйге түсеміз. Молдекеңе алғыс айтып, бала-шағаңыз ауыз тисін деп ас мәзіріңізден салып беріп, оқыған Құраныңызға деп азын-аулақ ақша ұстатып шығарып саламыз.

Әй, неткен ұмытшақ пендеміз ә?! Осының бәрін өз көңіліңнің қалауымен істеп отырып: «Молдада ұят жоқ. Өзің алып келесің. Пакетіне асын, қалтасына ақшасын салып бересің. Әй, соны ұялмай алады-ау. Ұят жоқ қой, ұят жоқ». Дәл осы сөзді керең болғыр құлағым талай мәрте естіді. Ара түсем деп араздасып барып қайтқан кезім де жоқ емес. Кімде-кім осылай істесе біліп қойыңыз, молдада емес, ар-ұждан, ұят-намыс сізде жоқ. Ойлаңызшы, кім кімге мұқтаж? Айналайын-ау, молдаға сіздің қажетіңіз шамалы. Өзіңіз соған мұқтаж болып отырсыз ба үйінен, мешіттен бар да алып келіңіз. Қазіргі таңда көлігі бар молда өзі-ақ барады елді әуреге салмай. Кетерде имам қалтасынан дорбасын шығарып: «маған сарқыт салып беріңіз» деп, әлде «Құран оқығаным үшін бәленбай ақша төлеңіз» деп алдын ала саудаласып келді ме?

Өз пейіліңізбен берген нәрсеге кейігеніңіз не енді?! Әйбәттап шығарып салғаннан кейін артынан ғайбаттап отырсаңыз несіне шақырдыңыз? Одан да «Ақ қойдың кәлләсі, қара қойдың кәлләсі, мен Құдайдың пендесі. Әумин» деп білгеніңізбен бетіңізді сипап, етіңізді жеп, сорпаңызды ішіп отыра бермейсіз бе? Дәл осы тұста Қабан бабамның сөзін тағы бір қайтара еске салайын:

Шариғаттан сөз айтқан,
Молла тілін алыңыз.
Құдай берген таусылмас,
Өлшеп берген дәміңіз.

Ендеше жоғарыдағы мысалдың кейіпкері болып жүрген жандар, молда тілін алыңыз, сөзіне құлақ салыңыз. Сонда түгел болады, дүние мен малы- ңыз. Солай істеңіз. Тым болмаса, маңдайыңызға жазылған ғұмыр түгесіліп, таңдайыңызға бұйырған дәм таусылып, ақ кебінге оранып, үш жеріңізден буылып, ақырғы сапарға кетерде молданың алдында жатқан тәніңізден жаныңыз ұялмау үшін.

Мұндай кеңдік табылмас,
О дүниеде қарындас.
Мына кеңдік заманда,
Хақ бұйрығын тұтыңыз.
Құдайдың кешпес парызы,
Бес уақыт намазды,
Баққан қойдай күтіңіз.
Өлімін күтіп Алланың,
Ақырында жарандар,
Мұратқа сөйтіп жетіңіз.

Мына дүниенің кеңдігін айтып отыр ғой бабам. Шынымен де ақыретте дәл осы жарық әлемдегідей кеңдікке жету үшін Хақ бұйрығына көніңіз, зекетіңізді беріңіз, ізгілерге еріңіз, Қабылиса бабам қалдырған асыл сөзге сеніңіз. Сонда сізге жұмақта дайын болар төріңіз. Оған жетудің төте жолы бес парыздың бірі – намаз екенін еске сақтап, бірін де қаза қылмай тіршілігіңізді құлшылығыңызбен көркемдеп, бабам айтқандай бес уақыт намазыңызды қой баққандай күтсеңіз жетіп жатыр.

Негізі бес уақыт намаз нәпсіңіз қабылдай алмай жатқандай соншалықты ауыр емес. «Барлық амал ниетке байланысты» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисіне сүйенсек, ниет-пейіліңіздің бір мысқалын ғана бөліп қойсаңыз арғы жағына Жаратқан ием өзі жар болары ақиқат. Өзекті жанға бір өлім. Біреуге ерте, енді біріне кеш келетін ажал ешбір пенденің басынан айналып өтпейді. Тағдыр тақтаңызға жазылған ғұмырыңыздың соңғы нүктесі қойылатын жерде күтіп отыратыны ақиқат.

Қасиетті Құранда «намаз оқыңдар, зекет беріңдер», «намаз оқиды, зекет береді» деген мағынадағы аят бірнеше сүреде кездеседі. Бұдан ұғатынымыз – зекет намаздан кейінгі мұсылман баласына тигізер пайдасы зор құлшылықтың бірі.

Ендеше пейілі кең, зейіні ашық оқырман. Тозақпен қорқытып, күнәмен үркітіп, мал-дүниеңізге қол салайын деп отырғаным жоқ. Алла тарапынан он екі айдың сұлтаны деп құрметтелген Рамазанда Қабылиса бабамның жыр аманатымен ой бөлістім. Дананың сөзі баланың ойыны емес екенін жақсы білесіздер. Ақиқатын айтқанда екінің бірі қолына алып оқи бермейтініне сенімді болғандықтан, ғасырдан асқан басылым арқылы тым болмаса өзіміз өмір сүріп отырған жер ұйығы Жетісу өңірінің тұрғындары оқып, санасына тоқып, амалына айналдырса деген перзенттік пейілмен қолыма қалам алған едім.

Қабылиса бабамның сөзімен түйіндейін:

Бір жаныңыз құдайдың,
Құдіретіне аманат.

Алланың берген нәсібін,
Азды-көпті болса да,
Етіңіздер қанағат.
Пенде болсаң құдайға,
Аманатқа қиянат,
Қылмаңыздар, жамағат.

Алла баршамызды келер жылға Рамазан айымен аман-есен қауышуды нәсіп етсін!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет ғаламтордан алынды