Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ДІНТАНУШЫ: "ЭКСТРЕМИСТЕРДІҢ ДЕНІ - БҰРЫНҒЫ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР"

Уақыты: 02.07.2020
Оқылды: 615

Маусым айының басында ҰҚК қызметкерлері псевдосалафизм ағымына қатысы бар күдіктілерді тұтқындады. Спортшылардан құралған қылмыстық топ рэкетпен айналысқан деседі. Бұған дейін де «арамнан» ақша табуды кәдімгідей кәсіп қылған псевдосалафиттердің лас тірліктерін жазғанбыз. Жалпы, жат ағым өкілдерінің былық-шылығы әлсін-әлсін әшкереленіп жатады. Бір қарағанда, Алланың әмірінен айнымайтын, Пайғамбар сүннетін құрметтейтін, адал мен арамды парықтайтын жандар неге тура жолдан таюға бейім? Қылмыс пен діннің басы қалайша бір қазанға сыяды? Мәселенің мән-жайына тереңірек үңілу үшін тарих ғылымдарының докторы, дінтанушы Асылбек Ізбайыровпен әңгіме-дүкен құрдық.

– Асылбек мырза, жалпыдан жалқыға көшпес бұрын Қазақстанда дерадикализация бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берсеңіз.

– Қазақстанда бұл саладағы шаруалар көбінесе үкіметтік емес ұйымдар арқылы істеледі. «Ақниет», «Аңсар» сынды көптеген ұйым экстремизмнің алдын алу жұмыстарымен айналысып жатыр. Бірақ бізде профилактика қалай өтеді? Жылда бір тендерді аты мен заты беймәлім бір ұйым ұтып алады. Ұтуын ұтады да, жұмысқа қалай кірісу керегін, неден бастарын, қандай тәсілдер қолданарын білмейді. Сондықтан осы арада бірқатар түйткілді мәселе туындайды. Ең қызығы, жыл сайын тендер жарияланғанда аяқастынан әлдебір үкіметтік емес ұйымдар пайда болып, ақшасын алып, имамдар мен психологтарды жалдап, экстремизмге қарсы шараларды атқарғансиды.

– Сонда үкіметтік емес ұйымдар жалдайтын мамандардың біліктілігі күмәнді ме?

– Негізі, дін саласы – өте күрделі, өте нәзік сала. Онымен ойнауға болмайды. Сол себепті бұл саланың қыр-сырын әбден игеруге кем дегенде 2-3 жыл қажет. Ал мына үкіметтік емес ұйымдар – аяқ астынан пайда болатын 1 жылдық ұйымдар. Әрине, қазіргі таңда жағдай аздап жақсара бастады. Бірнеше жылдық тарихы бар оңалту орталықтары да жұмысқа тартылды.

– Өзіңіз білесіз, псевдосалафиттер арасынан қылмыскер көп шығады. Қолынан Құраны, аузынан кәлимасы түспейтін ол діндарлар неліктен заң бұзуға құмар?

– Ислам дінінде «тәкфір» деген термин бар. Тәкфіршілер – ең радикал, ең қауіпті топ. Олардың бір әдеті – өзгенің бәрін күпірлікке шығарады. Намаз оқымайтындарды кәпір деп айыптап, мал-дүниесіне қол сұғуды халал деп есептейді. Еліміздегі заң жүйесін «тағут», яғни шайтанның заңы деп мойындамайды. Тұтас қоғамды, мемлекетті кәпір санайтындықтан кәпірді өлтіруге, кәпір мемлекетті тонауға, қоғамда бұзықтық қылуға хақылымыз деп ойлайды. Яғни, олар өзінің қылмысын дін арқылы бүркемелейді. Исламда біреудің өмірі, біреудің дүниесі – харам. Ал тәкфіршілер өзінен басқаларды кәпір дейді де, қылмысын оп-оңай «заңдастырады».

Жалпы, Қазақстандағы экстремистік ұйым мүшелері – негізінен бұрынғы қылмыскерлер. Діни экстремизм бабымен сотталғандардың көбі кезінде экономиканың көлеңкелі секторында жұмыс істеген. Базарларда сауда жасап, заңсыз тасымалмен, делдалдықпен күнелткен. Бірі рэкетир болса, бірі ұрлық-қарлықпен, қарақшылықпен жан баққан. Теріс бағытқа, әсіресе кедей отбасыдан шыққан, қылмыстық ортада өскен жастар тезірек бет бұрады. Сөйтіп, кешегі қылмыскер бүгін діншіл болады. Адамның экстремиске айналу процесі өте күрделі. Дені жат ағымның шырмауына түзету мекемелерінде түседі. Жалпы, түрмелерде осы процесс қатты жүріп жатады. Мысалы, биыл ақпан айында ҰҚК қызметкерлері 5 адамды ұстады. Тергеу барысында бесеуінің де түрмеде отырғаны анықталды. Олар экстремистік идеологияны түзеу мекемесінде сіңіріп, бостандыққа шыққан соң теракт ұйымдастыруды көздеген.

– Демек, экстремистер түрмедегі камераластарын үгіттейді ғой?

– Иә, дәл солай.

– Осыған кеңірек тоқталайықшы. Мысалы, «Жусан» операциясы бойынша Сириядан қайтқан кейбір экстремистер абақтыға жабылды. Жастар түзеу мекемесіне қылмыскер болып кіріп, радикал болып шығады дегенді көп естиміз. Біз осы террористерді түрмеде дайындап жатқан жоқпыз ба?

– Шынымен де, қазір ради- калдар түрмеден көп шығып жатыр. Бұл процестің екі жағын айтуымыз керек. Біріншіден, біз абақтыда алдын алу шараларын қаншалықты тиімді жүргіземіз? Атышулы алматылық атқыш Руслан Күлікбаевты білесіздер. Сол жігіт экстремистік идеологияны түрмеде жұқтырған. Ал енді сұрақ: Күлікбаев радикал бола тұра түрмеден қалай босатылды? Бұл – үлкен проблема. Көп жағдайда профилактика дұрыс жүрмегенін байқаймыз. Біздің имамдар түзеу мекемесіне барады да, қатып қалған қағидасымен жұмыс істейді. Экстремистерді Ханафи мазхабына уағыздап, ақидасын жөндеуге тырысады. Радикалдарға «Алла қайда?» деген сұрақ қояды. Яғни, еш пайдасы жоқ діни дискуссияға түседі. Псевдосалафиттердің ұстамына сәйкес, Алла аспанда, Алланың қол-аяғы бар. Ханафи мазхабы бойынша Алла барлық жерде. Бұл деген – ғасырлар бойы шешілмеген пікірталас, өнбейтін дау. Егер радикалдар «Алла барлық жерде» деп мойындай салса, имамдар оны «радикал емес» деп танып, «түрмеден босатуға болады» деп мінездеме береді. Ал экстремистер көбінесе райынан қайтқан сыңай таныта салады. Имамдарды алдайды. Имамдар соған сенеді. Ал экстремистерді осы идеологияға не апарды деген мәселеге бас қатырмайды. Кешенді жұмыс істелмегендіктен, оның нәтижесі нашар болады.

– Қылмыскердің экстремистік идеологиямен уланғанын түрме қызметкерлері басқаша қалай анықтайды?

– Анықтайды. Намаз оқитындарды бөлек тізімге тіркейді. Бақылап жүреді. Радикалдың қасында көп уақытын өткізсе, оны жіті қадағалайды. Шыны керек, практикалық жағынан ҰҚК үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Ал енді мына идеологиямен қалай күресеміз деген мәселеде түйіні тарқамаған түйткілдер бар.

– Зерттеушілердің пікірінше, экстремистік идеология мен қылмыстық субмәдениеттің ұштасатын, бір-бірін толықтыратын ортақ тұстары көп екен. Жазасын өтеушілер жат ағымға неліктен үйір?

– «Ұрылардың ұғымын» ауызекі тілде «воровское понятие» дейді ғой. Сол криминалдық субмәдениеттің кейбір түсініктері тәкфір идеологиясына ұқсайды. Мысалы, тәкфіршілер Қазақстан заңына жан-тәнімен өш. «Ұрылардың ұғымы» да соған жақын. Қараңызшы, 2011 жылы тәкфіршілердің ең бірінші лаңкестік әрекеті кімге қарсы жасалды? Құқық қорғау жүйесіне қарсы жасалды. Қылмыскерлер де қызыл жағалыларды жақтырмайды. Экстремистер арасында «амалет» деген термин бар. Яғни, «амал етті» деген сөз. Бұл – теологияда тамырын тереңге жіберген мәселе. Ханафи мазхабында сен кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекітсең, мұсылман боласың. Ал тәкфірші атанғың келсе, тілмен айтып, жүрекпен бекітесің және қандай да бір нақты амал етесің. Мұсылманшылығыңды сонымен дәлелдейсің. Олар амал етуді ақидаға байлайды да, амал еткен адамды ғана мұсылман деп таниды. Псевдосалафиттер мойындайтын амал – жұртты қырып-жоятын, ел ішіне лаң салатын радикалды амал.

– «Ұрылардың ұғымы» өткен ғасырдың 90-жылдарымен бірге келмеске кетті дейміз ғой. Бірақ кейбір шағын өндірістік қалаларда әлі де қылмыстық романтика сақталған. Псевдосалафиттердің Жезқазған мен Сәтбаевта көп болуы содан ба?

– Мен Атырауға, Ақтауға, Ақтөбеге барғанымда бір байқағаным, жасөспірімдер «район-районға» бөлінеді. Сол бөлінудің астарында көп нәрсе жатқан секілді. Мысалы, қылмыстық түсінікпен тәрбиеленген жігіттер топтасуға бейім. Бір-бірін «брат», «родной» деп атайды. Тәкфірлер де «ахи», «жамағат» деген ұғымдарды қатты ұстанады. Айырмасы – біреуінде «общяк» болса, біреуінде «жамағат». Псевдосалафизм жамағаты криминалдық элементтер секілді қоғамнан оқшауланып жүреді. Көбінесе қала сыртын, саяжайлар мен базарларды, жаңадан ашылған аудандарды паналайды. Осындай оқшаулану олардың өзара жақындасуына септігін тигізеді. Сондықтан радикалды ағымдармен күресте криминогенді аудандарда тұратын жастармен жұмыс жүргізу аса маңызды.

– «Ұрылардың ұғымы» да – өте күшті идеология. Сондай түсінікпен түрмеге түскен қылмыскер қалайша бірер жылда радикалданып шыға келеді? Экстремистік идеология несімен ұтып тұр?

– Біріншіден, экстремистер: «Исламды қабылдасаң, бүкіл күнәң кешіріледі. Анадан туғандай пәк боласың» деп қызықтырады. Екіншіден, псевдосалафизм-жиһадизм идеясының сыртқы тартымдылығы қылмыскерлерлерді еліктіреді. Экстремистік роликтерде шаһидтер әрдайым «ислам жауларымен» соғысып жүрген батыр ретінде бейнеленеді. Бандитизм рухында тәрбиеленген, өзін криминалдық ортаның серкесі сезінетіндер бұл образға қатты қызығады. Үшіншіден, жазасын өтеушілер өз ішінде бірнеше тапқа жіктеледі. Тісқаққан «зэктерден» жәбір көрген ортаңғы таптағы қылмыскерлер барар жер, басар тау іздейді. Сөйтеді де, радикалдарды паналайды, қолдау күтеді. Экстремистер соны тиімді пайдаланып, өзіне баурап алады. Басына күн туғанда сол бауыры үшін «тұрып береді».

– Жаңадан тәкфірші болған қылмыскер сол баяғы кәсібін жалғастыра бере ме?

– Иә. Сен бұған дейін не істесең, бұдан кейін де соны істейсің. Ұрлайсың, ұрасың, атасың, шабасың, өлтіресің. Тек ендігі жерде Алланың атымен қылмыс жасайсың. Кезінде Жақсыбек Бимырзаев деген жігіт болды. «Ислам Жихады одағы» деген ұйым құрған. Бұл ұйым «Әл-Каидамен» тонның ішкі бауындай тығыз байланыс орнатқан. 2003-2004 жылдары Қазақстанда үлкен-үлкен бүліктер шығарды. Жанар-жағармай құю бекетін тонады, бір отбасын қырып тастады, Шымкентте біреуді өлтіріп кетті. «Амалет» деген терминнің авторы да – сол жігіттер. 90 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Ауғанстанға, Шешенстанға аттанған псевдосалафит қазақтар осындағы достарына хабарласып: «Сендер жихадқа қол көмегін тигізе алмасаңдар да, дүние-мүлікпен көмектесе аласыңдар» деп уағыздады. «Кәпір мемлекеті» деген әңгіме сол кезеңде қозғалды. Соның кесірінен талай қандасымыз терроризмді қаржыландыру бабымен сотталды.

– Экстремизм бабымен сотталғандардың түрмедегі ықпалы қандай? Олармен басқа қылмыскерлер санаса ма?

– Дәл осы арада бір оқиға ойға оралады. Қайбір жылы Ақтөбедегі бір түрменің басшылары қылмыскерлерге «экстремистерді орнына қойыңдар» деп бұйырады. Олар бұйрықты бұлжытпай орындап, «Жасыл зонада» отырған діншілдерді сабайды, аяқ-қолын сындырады. Бұл сыбыс сыртқа шығып кетеді. Сыртта жүрген экстремистер естиді де, бірнеше теракт ұйымдастырады. Жаңағы колонияның алдында бір көлікті жарады. Содан кейін іштегі қылмыскерлерге қоңырау шалып, қоқан-лоқы жасайды. Екі жақ телефон арқылы ерегеседі. Қылмыс әлемінің серкесі: «Менің оншақты жігітім бар, сендермен кездесуге жіберейін», – дейді. Радикал да қайтпайды. «Сенде 10 жігіт болса, менде кез келген сәтте өлуге дайын 100 жігіт бар», – дейді.

Көрдіңіз бе, радикалдарда шаһид болу деген басты орында тұрады. Яғни, ештеңеден тайынбайды. Арада аз уақыт өткен соң жаңағы қақтығысқа белсене қатысқан, лақап аты «Аю» деген «авторитет» еркіндікке шығады. Оны «Кита» деген экстремист іздеп тауып, көлік ішінде шолақ мылтықпен атып өлтіреді. Содан кейін «Жасыл зона» криминалитетті жеңеді. Діншілдерге ешкім тиіспейтін болады.

– «Жасыл зона» деген не?

– «Зонаның» не екенін білесіз. «Жасыл» дейтін себебі – ислам дініндегі ең қадірлі түс – жасыл бояу. Бұл туралы Пайғамбардың сөздері бар. Сондықтан түрмедегі діндар адамның бәрін «жасыл» деп атайды. Түрме жүйесінде «жасылдардың» өзіндік орны бар. Түрменің өзі зона-зонаға бөлінеді ғой. Баяғыда түзеу мекемелерін «қара» мен «қызыл» деп жіктейтін. «Қызыл зонада» әкімшілік тәртіп бар. «Қара зонада» «заңдағы ұрылар» түрме басшылығының келісімімен тәртіп орнатады. «Жасыл зонада» экстремистер үстем.

– 2011 жылы сол кездегі Мәжіліс депутаты Ерзат Әлзақов: «Зерттеп қарасам, салафиттер түрмеге бару үшін әдейі сотталады екен. Бес жыл берсе, ләм-мим демей кете береді. Сөйтсем, бұлар саналы түрде салафизмді насихаттау үшін түрмеге отырады екен. Олар түрмеде қатарын көбейтіп, армиясын құрып жатыр», – деп мәлімдепті. Бұл қаншалықты рас?

– Иә, абақтыға әдейі баратын тәкфіршілер бар. Неге десеңіз, түрмеде дайын алғышарт қалыптасқан. Ол жерде мемлекетке өкпелі, ызалы адамдар отырады. Экстремизм идеологиясын жүргізуге қолайлы орта. Мысалы, 2011 жылы Ақтөбедегі теракт қайдан басталды? Түрмеден басталды. «Түрмедегі біздің бауырларды ұрып-соғады екен, олардың ешқандай құқығы жоқ екен, біз оларға жауап беруіміз керек» деген әңгімеден шықты. Лаңкестік әрекеттің түгелі дерлік ҰҚҚ департаменттерінің, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің алдында жасалды. Құқық қорғау органдарына, погон таққан адамдарға қарсы бағытталды. Осылайша, радикалдар мемлекеттен кек алды.

– Колония күзетшілері қайда қарайды? Жазаға кесілгендердің жүріс-тұрысын, тәртібін, немен айналысатынын қадағаламай ма? Уағызшыларды неге тыймайды?

– Қадағалауға тырысады ғой. Бірақ бір камерада жатқан адамдардың арасына кіру қиын. Жұмыс істелмейді емес, белгілі дәрежеде істеледі. Алайда «Алла қайда? Аспанда ма, жоқ па?» дейтін айтыс-тартыстан нәтиже жоқ. Бір нәрсені білуіміз керек. Қазір біз небір ықпалды экстремистерді, Сирияда соғысып келген лаңкестерді түрмеге тоғытып жатырмыз. Псевдосалафизм идеологиясының Қазақстандағы көсемі Абдухалил Абдужаббаров сияқтылар да бар. Олар енді түзеу мекемесінде жай жүрмейді ғой. Абыройын сақтау үшін уағызын тоқтатпайды.

– Ұлыбритания, Бельгия, Францияда, тіпті көрші Қырғызстанда түрме қызметкерлерін жат ағымға тартқан жайттар кездеседі. Қазақстанда мұндай дерек тіркелген бе?

– Мұндай деректі мен естімеппін. Рас, экстремистер құқық қорғау органы қызметкерлерін уағыздауға құмбыл. Ұлттық Ұланда әскери борышын өтеп, түрме күзетіп жүрген бірнеше сарбаздың сол ұйымға өтіп кетіп, өз адамдарына қару кезенген оқиғаларды да құлағымыз шалған. Өйткені экстремистерге қаруы бар, құпия материалдарға қол жеткізетін құзыреті бар кісілер қажет.

– Діни экстремизм бабымен сотталғандарды өзгелерден оқшау ұстау керек пе? Оларға бөлек түрме салса қайтеді?

– Осы діни экстремизм бабымен сотталғандардың саны қазірдің өзінде 800-900-ге жетті. 2018 жылы соларға қарсы 700-ден астам қылмыстық іс қозғалыпты. Радикалдарға арналған бөлек түрме ашуды мемлекет Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында тәжірибе ретінде сынап көрді. Алайда түзеу мекемесі ашылған бетте Сәтбаев қаласы радикалдана бастады. Неге радикалданды? Себебі жазасын өтеушілерге туған-туысы барады, дос-жараны барады, таныстары барады, «ахилары» барады. Олар тыныш барып, тыныш қайтпайды. Қала тұрғындарына дағуатын айтып кетеді. Ақыры Жезқазған мен Сәтбаев ДАИШ құрамына ең көп адамы кірген қалалар болып шыға келді. Бұл – бір. Екіншіден, біреулер қатаң режимдегі, біреулер жай режимдегі, біреулер мүлде жабық түрмеге түседі. Оның бәрін бір колонияға үйлестіру өте қиын. Үшіншіден, адам құқығы мәселесін ескеруіміз керек. Халықаралық ұйымдар «Қазақстан билігі сотталушыларды діни наным-сеніміне байланысты шеттетіп жатыр» деп шулауы мүмкін. Міне, осындай кедергілер бар. Сондықтан экстремистерді оқшаулау оңай емес.

– Әлемдік тәжірибеден хабарыңыз бар ма?

– Әр жерде әрқалай. Мысалы, Түркия билігі бұл мәселеге басын қатырмайды. Радикал ма? Радикал. Заңды бұзды ма? Болды, сотталды, кетті. Мемлекеттік машина ары қарай міндетін атқара береді. Түрмеде дұрыс жүрмеді ме? Жаза мерзіміне тағы бірнеше жыл қосылады. Олар әр адаммен жеке-жеке жұмыс істемейді. «Әй, бауырым, қойсаңшы. Сен түріксің ғой» деп біздегідей райынан қайтаруға талпынбайды. Түркияда 5 ай тұрдым, түрмелеріне кірдім, ондай тәжірибені өз басым байқамадым. Уағыздар тек мешітте айтылады. Ол жерде мешіттің үні зор, мемлекеттің идеологиялық аппараты іспетті. Ал кей мемлекеттер, мысалы Иордания біз секілді жұмыс істейді. Экстремизмге өзіндік идеологиясын қарсы қояды. Ол жақта «Әл-Каиданың» рухани көсемі Мұхаммад Махдиси деген адам болған. Иордания билігі «Әл-Каида» мен ДАИШ-тың айырмасын сол Махдисиді жеңуге пайдаланды. Қысқасы, әр ел әртүрлі тәжірибе қолданады. Біріккен Араб Әмірліктері мықты шаруалардың басын қайырып жатыр. Әрине, идеологиялық тұрғыдан олардың аппараты бай. Бізде бұл жағы кемшіндеу.

– 2016 жылы Ақтөбеде болған терактіден кейін түрмедегі мешіттер жабылып, діни әдебиеттерге шектеу қойылды. Мемлекеттің шешімі дұрыс па? Осының салдарынан экстремистер қуыс-қуыста тығылып жүріп уағыз айтпай ма? Керісінше, діни білім қолжетімді болу керек емес пе?

– Бұл сөзіңізді толық қолдай- мын. Шынында да, түрмеде мешіт болса, онда барған адамның қалай намаз оқитынын, қай бағытты ұстанатынын өз көзімізбен көрер едік. Керек кітаптарды үйіп-төгіп қояр едік. Бір күні болмаса, бір күні радикал оны оқиды. Жүрегіне сенімсіздік, өз бағытына күмән ұялайды. Бұл мемлекеттің дінге деген жақсы позициясын да аңғартар еді. Ал дін атаулыны шектеп тастасақ, олар «мемлекет дінмен күресіп жатыр» деп ойлайды. Қарсылығы күшейеді. Дінге оң көзқарас білдірсек, экстремистерді тура жолға түсіру оңай болады. Біз «мемлекет дінге емес, жат ағымдарға қарсы» дегенді жеткізуіміз керек. Сондықтан түрмеде кімде-кім оразасын ұстаса, намаз оқыса, рұқсат берген дұрыс. Тыйым салу – зор қателік.

– Түрмеге түсіп, райынан қайтқан экстремист көп пе, түрмеден экстремист болып шыққан қылмыскер көп пе?

– Нақты санын білмеймін. Бір білетінім, түрме қазір радикалдардың ұстаханасы болып тұр. Сондықтан екіншісі көп шығар деп ойлаймын. Мен өзімше «Жусан» операциясының жай-жапсарын зерттегенмін. Бір фильмде психологтар айтады: «Егер экстремист қара бояуы қалың сурет салса, әлі өз идеясынан қайтпаған. Ал ашық түстерді көбірек жақса, оның беті бері қарағаны», – дейді. Абай, Шәкәрімнің өлеңдерін жаттаса, «О, бұл түзелді», – дейді. Психологтар мынаны ескермейді: біз экстремистік идеологияға психокоррекцияны емес, одан да қуатты идеологияны қарсы қоюымыз керек.

Сурет деген не тәйірі? Бүгін тәкфіршінің көңіл-күйі жақсы болса, ашық түсті сурет салуы мүмкін, оның бәрі уақытша нәрсе ғой. Баланың ойыны секілді. Сондықтан бұл жерде кешенді бағдарлама қажет.

Екінші тәсіл – қазақтың салт-дәстүріне шақыру. Экстремистік идеология неден басталады? «Қазақтың тарихы жаман, қазақтың мемлекеті жаман, қазақтың өзі жаман» деген ұғымнан басталады. Ал біз қазақтың тарихы терең екенін танытсақ, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хандардың діни аспектілерін жақсы жағынан ашсақ, қадым қазақтың дінге құрметпен қарағанын дәлелдесек, салт-дәстүріміз ислам дінімен үндесіп жатқанын түйсігіне тигізсек, «қазақ – кәпір» деген түсініктің тамырына балта шабамыз.

Мысалы, «Жаужүрек мың бала» деген фильм шықты ғой. Ақтөбеде тәкфір идеологиясымен уланған 5 баланы осы фильмге апардық. Кинодан кейін 3 бала райынан қайтты, 2 баланың көңіліне күмән кірді. Біз кейде діни тұрғыдан қатты-қатты басып жібереміз де, салт-дәстүрді ұмытамыз. Бұл жұмыс кешенді болуға тиіс. Біздің мамандар қазіргі мемлекет саясатын да онша жеткізе алмайды. Басшыларымыздың мешітке, медресеге барғанын жиі көрсеткен жөн.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі ислам дінін, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанушы халықпыз. Өзіміздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрпымыз бар халықпыз», – деген сөзін сіңірсек, керемет нәтиже шығар еді.

Радикалдармен жұмыс істейтін адам жан-жақты болғаны абзал. Теология, философия, этнография, тарих, мемлекеттік саясатты жақсы білгені шарт. Экстремиске абстрактілі сұрақтар қоюды доғару қажет. «Алла қайда?», «Қол-аяғы бар ма?» деген мәселе – топтардың арасындағы текетірес. Ғасырдан-ғасырға созылған бұл дауға нүкте қойылмайды. Бұл дауға мемлекет кіріспеуі керек. Оның түк пайдасы жоқ. Біз зайырлы мемлекетпіз, бәріне бейтарап қараймыз. Сөйте тұра бір бағытты ашық уағыздасақ, саясатымызға қарама-қайшы болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Еркебұлан НҰРЕКЕШ

www.aikyn.kz