ТАЛДЫҚОРҒАНДА БОЛАТ НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН "ТӘУБЕ" МЕШІТІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 23.10.2020
Оқылды: 2429

Алматы облысының орталығы - Талдықорған қаласында «Тәубе» деп аталатын жаңа мешіт ашылып, көпшіліктің көңілін тербеген салтанатты сәт орын алды. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, белгілі меценат Болат НАЗАРБАЕВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ қатысқан салтанатты ашылу рәсімінде мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын жұма күнінің ұлықтығы жеткізіліп, жаңа нысанға құтты болсын айтылды.

Осы күнге арнайы іссапармен Талдықорған қаласына келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алдымен жаңа ашылған облыстық инфекциялық аурухана ұжымымен кездесіп, пандемия кезінде күн-түн демей халықтың денсаулығы үшін жанұшыра еңбектенген Күләйхан Жұмашқызы, Сайра Досжанқызы, Айгүл Тұмарбайқызы сынды дәрігерлерге Алғыс хат және ауруханаға 17 пульсометр мен 1 оттегі концентратын табыстады.

Одан соң пайдалануға жақында берілген Студенттер жатақханасында ерікті жастармен кездесіп, өскелең ұрпақтың ықылас-пейіліне қаныққан Бас мүфти облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен әңгіме дүкен құрды. Еліміздегі ынтымақ пен бірліктің бастауында Қазақстан Республикасының сарабдал саясаты жатқанын жеткізген Наурызбай қажыны көпшілікке облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиұлы таныстырып, кездесудің мәні мен мағынасы тереңде жатқандығын әңгімеледі.

Бұдан соң Талдықорған қалалық орталық «Иман» мешітінде басталған республикалық қайырымдылық керуенімен 11 тонна азық-түлік, 10 тонна көмір тиеген жүк көліктерінің сапарына ақжол тілеген құрметті қонақтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай «Ел үлесі - пәтерге» жобасы аясында көпбалалы 10 отбасыға үйдің кілтін табыс етті. Атап айтқанда, Жаркент қаласында 7 отбасы, Сарқан қаласында 1 отбасы, Ақсу ауданында 1 отбасы, Алакөл ауданында 1 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Жергілікті жанашыр азаматтардың бірлесуімен алынған үйлерге 25 миллион теңге жұмсалған.

Қадірменді мейман осындай игі істерден кейін сөз басында айтқан «Тәубе» мешітіне атбасын бұрды Талдықорған-Алматы күре жолының бойында орналасқан көрікті мешіттің салтанатты ашылуы қасиетті Құран Кәріммен басталды. Сібірлей жауған жаңбырға қарамастан жиналған қауымға дұға жасаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі ырыс-құт пен береке-бірліктің бастауында жанашыр пейілді негізгі тірегі ретінде насихаттайтын Ислам діні жатқандығын, Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алғалы бері 3 мыңға жуық мешіт салынғанын, әрбір облыстың орталығында ашылған ондай мешіттерде қызмет ететін имамдар халықты мейірімділікке, имандылыққа шақыратынын әңгімелеп, Жетісу жұртшылығын қуанышқа кенелткен жаңа мешіттің ашылуына мұрындық болған Болат Назарбаевтың отбасына алғысын жеткізді.

«Тәубе» мешітінің ашылуында сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

– Бүгін жер жаннаты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында сәулеті асқақ, кескіні керемет жаңа мешіттің ашылуына куә болып отырмыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, осыдан жиырма жыл бұрын келешектің қандай болатынын білген Елбасы батыл шешім қабылдап, облыс орталығын Талдықорғанға ауыстырды. Содан бері мұнда көптеген игілікті істер қолға алынып, көрген жандар таңғаларлық шаруалар атқарылды. Оның бәрі халық үшін, – деп халықтың шынайы пейілі, ыстық ықыласы жақсылыққа жетелейтінін атап өтті. – Өмірдің кілті бірінші - имандылықта, екінші - білімде. Адам ең алдымен Жаратқан Алла Тағаланың жолы – сыйластық жолымен жүруі керек. Сонда болашақтың бағыты жарқын, келешегі кемел болады. Мынадай керемет мешіттің ашылуына қуанып отырмын. Мешіттің үлкен жолдың бойында орналасуы қаланың көркіне көрік қосып, көрген жанның көңілін қуанышқа кенелтеді. Елбасы бастап берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көпшілік еліміз бен жеріміздің, мемлекетіміздің тыныштығы үшін, тұрақтылығы үшін тілек тілеп, дұға жасайды деп сенемін. Жаратқан Алланың жердегі үйі мешіттің ашылуына зор көмек жасаған жандардың отбасына амандық, есендік беріп, қуаныш әкелсін! «Салихалы ұрпақ» қайырымдылық қорының бастауында тұрған Болат Әбішұлына Жетісу жұртшылығының атынан рахмет айтқым келеді. Еліміз аман, жеріміз бүтін, аспанымыз ашық болсын! Әрқашан осындай жақсылықта кездесейік!

Жетісу жұрты атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт кезекпен сөз алып, жиналған қауымға жүрекжарды тілегін арнады. Тұсаукесер рәсімі жасалған соң көпшіліктің алдында мешіттің имамдығын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамының наибы Керімбек Дәуітовке өткізген Наурызбай қажы Тағанұлы мешітте сәлем намазын оқып, дұға жасады.

Салтанатты ашылудан соң облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшелері және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңіріндегі имамдарымен «Ислам құндылықтарын сақтаудағы ақсақалдар мен аға буынның ықпалы» атты кездесу өткізген Бас мүфти өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты мәселелерді талқылап, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің өміршеңдігі жайлы салихалы ойын ортаға салды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы