ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРЛЕУ РӘСІМІНЕ ДЕ ТІЛ ТИГІЗДІ: ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІНІҢ ЫЗҒАРЫ

Уақыты: 14.12.2020
Оқылды: 1321

1986 жылы кенеттен Д.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына СОКП Орталық Комитеті беймағлұм орыс азаматы Колбинді Қазақстанды басқаруға тағайындады. Республикалық басылымдардан алғаш суретін көргенде түксиген қабағы Гогольдің «Өлі жандарындағы» Собакевичті елестетіп, құйқа тамырым шымырлап кетті. Мұның қандай сезім екенін күні бүгінге дейін білмеймін. Арада біраз уақыт өткен соң тылсымның нышаны айқындала бастады.

Ертесіне Баспасөз үйінің екінші қабатындағы бөлмеме беттеп келе жатып жігіттерімнің бір шоғыр болып үлкен бөлмеде жиналып тұрғанын көрдім. Бәрінің қабағы қатулы екен.

– Қонаевтың орнына Қазақстаннан басшылыққа лайық бір адам табылмапты, – деді бірі.
– Пленум 18 минутқа ғана созылыпты, – деді екіншісі.
– Өз жеріміздің орысы емес, бұған жастар шыдай алмас, – деді ақын Ордаш Кендірбаев.

Неткен көрегендік!

Кешкілік 17-18 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңға шыққан желтоқсаншы жастардың дабылы Азаттық радиосы арқылы, еліміздегі баспасөз арқылы күллі әлемге тарады. «Қазақстаным», «Елім менің, жерім менің» деп әндетіп, КПСС Орталық Комитетінің өктемдік саясатына қарсылық білдіріп, бейбіт шеруге шыққан студенттерді зорлық-зомбылықпен тарату үшін мұздай қаруланған әскер шақырылған ғой. Олар жастарды қоршауға алып, ұрып-соғып, тепкілеп, машинаға тиеп, қала сыртына тасымалдаған. Қыздарымыздың шашынан сүйреген. Бұл жай ғана салтанатты шеруден Кеңес одағының басшылары неге сонша қорықты? Ия, қазақ елін қазақтың өзі басқарсын деген сөздер айтылған шығар. Онда тұрған не бар? Жер де, ел де қазақтікі емес пе?

Көп кешікпей СОКП Орталық Комитеті арнайы Қаулы қабылдады. Онда «Қазақ ұлтшылдығы» деген анықтама болды. Жаппай студент жастарды қудалау басталды да кетті. Жастар оқудан шығарыла бастады. Облыста да, ауданда да үлкен жиналыс өткізіліп, Желтоқсан оқиғасы партия шешіміне қарсы шыққан көтеріліс деп бағаланды.

Қаратал ауданын Ю.Кузнецов мырза басқаратын еді. Түрі қазаққа ұқсас азамат менің жанжарым Имаш Балабеков пен Тұраш Мұқановтың досы еді. Аудандық газеттің редакторы болсам да бірден қара тізімге алындым. Телефонымның тыңдауға қойылғанын сол кездегі телеком басшысы А.Ким өзі хабарлады.

Орталық Комитеттің пленумының материалдарын насихаттау басталды. Мен Бірінші Май ауылына бекітіліппін. Бастауыш партия ұйымының хатшысы Жібек Құлжабекова еді. Клубқа халық көп жиналды. Қасымда аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы бар (атын ұмыттым).

– 1986 жылы 16-17 желтоқсанда Алматыда студент жастардың Орталық алаңға барғаны рас, – дедім мен. – Олар «Қазақстаным!» деп әндетті. «Елім менің» деп шырқады. Жан беріп, жан алысатын қанды көтеріліс емес еді. Бейбіт шеру еді. Мұздай қаруланған әскер шақырылғаны асығыстау болды, – дегенде жұрт ду қол шапалақтады.

– Жастарға тас лақтыра алмадым. Ар-ожданым жетпеді. Партияға да тіл тигізгенім жоқ. Қазағымды да ұлтшыл деп айыптай алмадым. Жанашырлығым жүзімде ойнап тұрды ғой деймін. Түбі әділет жеңеді, – дегенде жиналғандардың еңсесі көтерілгендей болды. Менің де бойымнан бір ауыр жүк түскендей еді.

– Мұның не? – деп Жібек шырылдап қоя берді ел тарағанда. Қазақ ұлтшылдығына тұлғалар ізделініп жатыр ғой. Сен бірінші болып қара тізімге ілінгеніңді білесің бе?

– Білемін, – дедім мен. Күллі қазақты «ұлтшыл» деп қаралауға болмайды ғой.

Жібегім тіл қата алмады.

Партияның өкілі жеткізген болу керек. Аудан басшысы қатты ренжіді. «Сіздің өткен жылғы жұмыс есебіңізді алдағы бюрода қарайтын боламыз» деп қорқытты. Сонымен менің насихатшылық сапарым мәңгілік аяқталды. 1988 жылдың ақпан айының алғашқы аптасы болса керек, газеттің редакторы мен және күллі журналистер бюроға шақырту алдық. Бюроға ешқашан ұжым толық шақырылмайтын. Сондықтан, бойыма қорқыныш енді.

– Апай, сізге қиын болады-ау, – деп жанашырлық танытқандардың бірі газеттің жауапты хатшысы, уыздай жап-жас Әміре Әрін еді (домбыра тартып, ән салатын өнерпаз жасты мен өз баламдай жақсы көретін едім). – Бюро басқа бағытта жүргізіледі. Бюро мүшелері өз мансаптарын құрбандыққа шалып сізді қорғай ала ма? Газетті басқаруды орыс адамына тапсырмақ. Сіз ұлттың тұлғаларын қаралайтын материалды баспайсыз ғой.

Ақиқат қой, сөз реті келген соң жазайын. Желтоқсан оқиғасынан кейін Талдықорғанда үлкен мәжіліс өткен болатын. Оған баспасөз басшылары да шақырылды. Қаратал ауданының басшысы Ю.Кузнецов сөз сөйлегенде жүрегім тоқтап қала жаздады.

Олжас ақынның "АЗиЯ" кітабына тиісіп, Москваның атын ойлап тапқан қазақтар болатын деп соқты. Көшеде мастар көп жүретін қалаға келгенде «Маскөп, маскөп» деп бас шайқап, маскөп қала дей берген соң МОСКВА атанған астана деді. Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырғандар белгілі ғой дегенде қазаққа деген өшпенділіктің жүрегіне соншалықты қалай жиналғанын біле алмай қиналдым. Өмір бойы үлкен басшылықта ел басқарып жүрген азамат еді. Жер иесі де, ел иесін де ұнатпай ма? Білмедім. Ауданға келісімен қатты өзгерді, ештеңеден тайынбайтынын байқатып, тың, оғаш идеяларды ойлап таба бастады.

Дереу бюроның бірінде қазақтың кісі жерлеу дәстүрі күн тәртібіне қойылды. Мәжілісті өзі жүргізді. Өз ойын ашық айтты. Тіріні де, өліні де аямады. Бұрын да бірінші хатшы бет қаратпайтын еді. Енді тіпті бюро мүшелері де мылқау болды да қалды. Маған сонда ұлтымыз да, алаңға шыққан сарбаздар да қорғансыз қалғандай көрініп еді. Осы мерзімде желтоқсанның 17, 18 күндерінде алаңға шыққан жастардың тағдыры тәлкекке салынып жатқанда ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болған жоқ па?!

Кузнецов мырзаның сол әрекетін әлі ұмыта алмаймын.

– Қазақтар кісі жерлеу рәсімін ұлтшылдық мүддесіне пайдаланып жүр. Халық қарақұрым болып жиналады. Ол ол ма, күмбез, кесене салуға қаншама жақсы кірпіш жұмсалып жатыр?! Қазақ қорымын қараңызшы. Салтанатты да сәулетті үлкен қала тәрізді. Бәрінің бастарына ай белгісі қойылған. Өлген коммунистердің басына неге қызыл жұлдыз қойылмайды? Неге? – деп айғайлағанда кірерге тесік таппадық. Бюро мүшелері көзімен жер шұқыды. Үндемеу аман қалудың керемет тәсілі еді. Бірақ қалың елді кім қорғайды?

– Бұдан былай қазақтардың кісі жерлеуіне адам көп жиналмайтын болсын. Бейіттерге ай белгісі қойылмасын. Коммунист өлсе қызыл жұлдыз қойылсын. Молдалар жаназа шығармасын. Жаназа шығаратын молдалар айыпталып, аудандық «Коммунизм жолы» – «Путь к коммунизму» газетіне мақала жариялансын. Оны редактордың өзі жүзеге асырады. Ал бақылау КГБ-ның бастығы, бюро мүшесі Ақбердинге жүктеледі, – дегенде аспан айналып жерге түскендей болды.

Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Бір жылда ел-жұрт топтасудан тартына бастаған. Өлген адамның жаназасы түнде оқылады. Ешкім де әулие аталардың басына барып, Құран оқыта алмайды. Түн жамылып ұрланып барады. Газет салт-дәстүрге сай өз міндеттерін құпия атқарып жүрген молдаларға ұрынбады. Ұрынғысы келмеді.

Міне, Әміре бауырымның айтып отырғаны осы тапсырма еді. Шын мәнінде бірде Ақбердин мырза маған телефон соққан болатын: «Молдаларды айыптап қашан мақала жазасыз? Сұрап жатыр», – дегенде мен:

– Сұрай берсін. Ешқашан жазбаймын. Өлгендерге жаназа түнде ұрланып шығарылып жатыр. Ел марқұмдарға көңіл айтудан қорқып, соңғы сапарға барудан сескенеді. Бұл не деген сұмдық?! Сіз өлсеңіз де, мен өлсем де жаназамыз шығарылып, Құран оқылады ғой, – деп телефон трубкасын тарс еткізіп қоя салғанмын. Шоң қазағым мені қайтып мазаламады.

Әрине, Кузнецовтың шыдамы таусылды. Бір жыл бойы парткомиссия қаншама талпынса да қаулыдағы «қазақ ұлтшылдығына» лайық тұлғаны Қаратал ауданынан таба алмаған болатын. Шынында да сол кездегі редакцияда орыс, қазақ өкілдерінің саны бірдей еді. Орыс бөлімінде – таза орыстар, қазақ бөлімінде таза қазақтар қызмет жасайтын еді. Қазақ газетінде редактордың орынбасары Қараша Қараманов, жауапты хатшы Әміре Әрінов, бөлім меңгерушісі Ордаш Кендірбаев пен Ұлан Оспанбаев, корректор Күлпан Иманбаева, орыс редакциясында орынбасар Владимир Вольвач, тілші Тамара Скворцова, Мирон Ким, корректор Алла Кудрина, фототілші Серік Жанғабылов болатын. Тіпті, көлігімнің шопыры да орыс жігіті Геннадий Лавренко еді. Редакция құрамы нағыз интернационалдық сыпатта болса, редактор Мәкен – мен қалайша «қазақ ұлтшылы» болайын?

Бірақ Кузнецовқа мені ұстап беретін ұлтжандылық әрекетім бар еді. Оны газеттегі 18 қызметкерлердің бәрі – орысы да, қазағы да білді. Баспахананың 23 жұмысшысы да білді. Мені ешқайсысы айыптамады. Білмеген сыңай танытты. Аупарткомға бұл ақиқатты ешкім де айтпады. Бұл рухани ерлік еді. Өмірімді ұзартқан әріптестерімнің адамгершілігін 30 жыл іште сақтап келдім. Енді ғана қалам ұшына ілікті. Айтпаса сөздің атасы өлмей ме? Тәуелсіздіктің қадірін кейінгі ұрпақ білсін деп бұл хикаятты жазып отырмын. Адам қандай жағдайда да адам болып қалуы керек.

Желтоқсан оқиғасы қараталдықтарды айналып өткен жоқ. 1987 жылдың соңына таман маған уыздай бір жас жігіт Алматыдан келген еді. Жаңабай Тойбазаров деген. Қасында әп-әдемі сұлу қызы бар. КазГУ-дің журналистика факультетінің студенттері екен. Желтоқсан оқиғасына қатысып, біраз қамауда болған. Оқудан шығарылған. Жатақханадан да қуылған. Стипендиялары да тиылған.

– Бірнеше аудандық газетке бардық. Редакторлары қорқып жұмысқа ала алмады. Сіздің бір әріптесіңіз: «Мәкен апайға барыңдар. Ол кісі Құдайдан ғана қорқады. Екеуіңді де қызметке қабылдайды, – деген соң Алматыдан арнайы келдік.

– Қанша уақыт еңбек өтілі керек?
– КазГУ-дің ректоры Еділ Ерғожин «6 ай газетте жұмыс істеп, редакциядан жағымды мінездеме әкелсеңдер, оқуға қабылдаймын деп еді», – деді Жаңабай Тойбазаров.
– Ректор Еділ Ерғожин ғой.
– Иә, сіздің жерлесіңіз. Құдай-ау, жап-жас болып, КПСС Орталық Комитетінің өктем шешіміне қарсы шығу оңай ма? Желтоқсан желінің ызғарын сезінсем де ет жүрегім елжіреп кетті. Өз өмірін де, болашағын да құрбандыққа шалмақ болған жас сарбаздарға қатты жаным ашыды. Алматыда ұрып-соғылып, шырылдап жатқанда ешкім ара түспепті. Ал енді оқудан шығарылғанда пенделікпен мансабымызды қорғап, қол ұшын бермесек кім болғанымыз деп өзімді қатты қайрадым-ай! Әміремен кеңестім.
– Екеуін де практиканттар деп қабылдайық, – деді жауапты хатшы Әміре Әрін.
– Штатта орын бар. Екеуің де арыз жазыңдар, – дегенде ашық тұрған есіктен дауысымды естіген талантты журналистерімнің бір-бірін құттықтап, тосын шешімге қуанып жатқанын білмеп едім.

Үміт ұшқыны пайда болды. «Бір мектепте оқыған Еділ менің қолтаңбамды көрсе екеуін де оқуға қабылдар» деп «Практикант студенттер» деп жұмысқа қабылдадым. Қызы Күлпан Иманбаеваның үйіне жайғасты. Жаңабайды Ұлан қасына алды.

Қолы бос кезде жігіттер Жаңабайдың қасына жиналады. Ол алаңдағы озбырлықты сыр ғып, жыр ғып шертеді-ай! Жылап отырып баяндайды. Қамауда отырғандағы озбырлықты да жылап отырып баяндайды.

Әміренің айтып отырғаны осы жағдай еді. Тырнақ астынан кір іздеп жүрген парткомиссия үшін бұл таптырмайтын «КОМПРОМАТ» болатын.

Жарты жыл бұрын штатқа алынып, тілші болды деген құжат жасап, жастарды салтанатпен Алматысына шығарып салдық. Академик Ерғожин екеуін де қайта қабылдап, оқуларын бітіріп, мамандық алуларына жағдай жасады.

Шынымды айтсам, аудандық партия комитетінің органы болып табылатын «Қаратал» газетінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан сарбаздардың қызмет жасап жүргенін білсе бірінші хатшы мені аямас та еді, партиядан да шығарар еді. Өліммен тең соққыны менің жүрегім көтере алмас еді. Мені де, жалынды жастарды да бір қатерден құтқарған газетте қызмет жасап жүрген талантты жас журналистер еді.

Бүгінгі ұрпақ азаттықтың қадірін біле жүрсін деп Желтоқсан желінің ызғары жайлы хикаятты жазып отырмын. Бұл қарапайым оқиға болғанымен адамдардың тар жол, тайғақ кешуде бір-біріне қол созуы Алланың шарапатындай ғой. Енді қиын кезеңде тағдырыма ара түскендердің есімін құрметпен атап өтейін.

Олар: Қаратал ауданының 70, 80, 90 жылдық мерейтойына танымдық-тарихи кітаптар жазған қаламгер Қараша Қараман, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, екеуі де Қаратал ауданының Құрметті азаматтары. Ақын марқұм Ордаш Кендірбаев, баспагер-журналист Ұлан Оспанбаев, ақын марқұм Гүлайым Түстікбаева, журналист Күлпан Иманбаева, Шәкен Ниязбекова, тағы басқалары.

Олар ар тазалығын сақтап, адамгершіліктің ақ жолымен жүріп, Тәуелсіздік жылдарында да биік-биік белестерге жетті. Болашақта да жолдарына Алланың нұры жауа берсін деген тілек арнаймын.

Мәкен ӨСЕРБАЕВА,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қаратал ауданының Құрметті азаматы

Сурет - ғаламтордан