БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТАМЫН ДЕУШІЛЕРГЕ ҚАРЖЫЛАЙ ЖЕҢІЛДІК БАР

Уақыты: 02.02.2021
Оқылды: 1645
Бөлім: ОН САУСАҚ

Балық шаруашылығы – Агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы саналады. Ал оны дамыту ісі бүгінде ерекше қолдауды қажет етеді және мемлекеттік деңгейде көңіл аударатын мәселеге айналды. Сол себепті, бұған қазір ден қойыла бастады. Жалпы, балық шаруашылығын табысты дамытуға негізінен төрт фактор әсер етеді. Олар – заңнаманы жетілдіру, сапалы балық шабақтарымен қамтамасыз ету, балық жемі өндірісін жолға қою және кадрлық қамтамасыз ету. Бұл туралы 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасында айтылды.

Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі биыл балық ресурстарын пайдаланғаны үшін жылдық төлемнің орнына тоқсан сайынғы төлемді енгізіп, қаржылай жеңілдік жасады. Су айдындарын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру қағидалары бекітіліп, аталған шаруашылықты жүргізу үшін 49 жылға шарт жасасудың нақты мерзімі белгіленді.

Бұл бизнеске сеніммен инвестиция салуға және ұзақмерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге, даму жоспарлары аясында балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталған. Оларға қойылатын жалғыз талап – балық өсірудің жыл сайынғы көлемін орындау. Жыл соңына дейін су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтарын орналастыру бойынша шектеулерді алып тастау туралы нормалар қабылданатын болады. 

Биыл қолданыстағы заңнамаға балық өсіру шаруашылықтарын салу рәсімдерін жеңілдету, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өтуді болдырмау бөлігіне өзгерістер енгізу жоспарлануда. Нәтижесінде балық тоғандарын орналастыру жергілікті атқарушы органмен келісілген эскиздік жобалар бойынша жүзеге асырылады.

Бүгінде тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Осы түзетулердің бәрі балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Саланы табысты дамытудың аса маңызды факторы – бастапқы кезеңде бизнесті субсидиялау.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 10 жыл ішінде жергілікті бюджет есебінен тікелей субсидияларға 136,5 млрд.теңге бөліп, балықты қайта өңдеу кешендерін құруға және кеңейтуге жұмсалатын шығындарға арналған инвестициялық субсидияларға 36,8 млрд.теңге қажет екенін, сондай-ақ, балық өсіру жобаларына инфрақұрылым жүргізу, оған жергілікті бюджеттен шамамен 7 млрд.теңге талап етілетінін айтып отыр. Сонымен бірге елде балық шаруашылығы бойынша 50 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы мақұлданып, республиканың су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болатыны анықталған. 

Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай жылына шамамен 270 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда. Жаңадан 545 балық өсіру шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шықпақ. Оларды іске асыру үшін 10 жыл ішінде 345 млрд.теңге жеке инвестиция тарту көзделуде. Балық шаруашылықтарын сапалы шабақпен қамтамасыз ету мақсатында төрт балық өсіру аймағы үшін селекциялық генетикалық орталықтар құрылмақ.

Мәселен, келесі жылы екі, ал 2024 жылы үш орталық құрылады. Алдағы жылы форель және сиг балықтары үшін екі жаңа питомник салу көзделген. Бұдан басқа, төрт мемлекеттік балық питомнигінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін енгізу жоспарлануда. Ал жеммен қамту үшін әрқайсының қуаты жылына 80 мың тонна (жалпы қуаты жылына 400 мың тонна) болатын 5 заманауи зауыт салуға бизнесті тарту көзделген. Оларды Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында орналастырған жөн деп есептелуде.

Бүгінгі таңда аталған саланы маманмен қамту мәселесі де өзекті. Осыған байланысты 10 жыл ішінде Қазақстанның жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарында, сондай-ақ, арнайы білім беру мекемелерінде 4 мың адам тиісті білім алмақ. Ол үшін білім беру гранттарын 40-тан 400-ге дейін жеткізу көзделуде.

Жалпы, саланы табысты дамытудың аса маңызды тетіктерінің бірі – бастапқы кезеңде бизнесті субсидиялау. 10 жыл ішінде жергілікті бюджет есебінен тікелей субсидияларға 136,5 млрд.теңге бөлінуі тиіс болса, балықты қайта өңдеу кешендерін құруға және кеңейтуге жұмсалатын шығындарға арналған инвестициялық субсидияларға 36,8 млрд.теңге қажет деп көзделіп отыр.

Балық өсіру жобаларына инфрақұрылым жүргізілуі керек, ал оған жергілікті бюджеттен шамамен 7 млрд.теңге талап етілуде. Балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады, бұл балықты тұтынуды бір адамға төрттен сегіз келіге дейін арттыруға мүмкіндік бермек, яғни, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары 50 пайызға орындалады. Ал экспорттық түсімді 330 млн.АҚШ долларына дейін ұлғайтуға қол жеткізуге болады. Форель және бекіре тұқымдас балық өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемін 45 мыңнан 25 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Аталған шаралар кемінде 50 мың қосымша жұмыс орындарын құруға және басым түрде ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады. Айта кетейік, еліміз бойынша 2019 жылы балық аулау көлемі 45 мың тоннаға, балық өсіру 7,4 мың, экспорт 30 мың, ал импорт 45 мың тоннаға жетті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет - ғаламтордан