АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖЕТІСУЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БІРҚАТАР ЖОБАСЫН МАҚҰЛДАДЫ

Уақыты: 04.02.2021
Оқылды: 1480
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жетісулық кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуда олардың бірқатар жобалары мақұлданды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кездесуге Азия құрлығы күресі федерациясының президенті, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті, Дүниежүзілік күрес федерациясының вице-президенті, «СемАз» АҚ акционері Дәулет Тұрлыханов, «Вираж» холдингінің бас директоры Владимир Котельников, «Техноград» ЖШС бас директоры Балалдин Ушуров, «Вираж» холдингінің сәулетшісі Михаил Якименко қатысты.

Өз кезегінде Владимир Котельников сапарының басты мақсатымен бөлісе отырып, Талғар ауданы Қызылқайрат кентіндегі 1000 шаршы метрге арналған спорт кешенінің құрылысына облыс әкімінің мақұлдауын алғысы келетінін айтты. Белгілі болғандай, эскиздік жоба бойынша оған іргелес аумақтағы футбол алаңын абаттандыру және жүгіру жолын құру жоспарлануда. Ғимараттың бірінші қабатында жекпе-жек, волейбол, баскетбол бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін әмбебап зал салынбақ. Тренажер залы үшін де орын бөлінген. Сондай-ақ, трибуна, шешінетін, жаттықтыратын бөлмелер мен буфет, медпункт және дәретхана салынады. Платформалар техникалық бөлмеде бөлшектеледі және бүктеледі.

Екінші қабатта жаттығу залы және көрермендер жарыстың барысы мен жаттығу үрдісін бақылай алатын байқау алаңы бар. Спорт кешенін бір жарым жылда салу жоспарлануда. Алғашқы инвестициялар шамамен 450 мың долларды құрайды. Осы ретте Амандық Ғаббасұлы жобаны мақұлдап, оны жүзеге асыруға қажетті жағдайлардың жасалатынын айтты.

Нақты айтатын болсақ, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, коммуникациялар жүргізу, кірме жолды абаттандыру, жаттықтырушыларды, медперсоналды ұстау мәселелері шешімін таппақ.

Аймақ басшысы Владимир Котельниковтің ауылшаруашылығы техникасына қызмет көрсету және оны сату бойынша сервистік орталық құру жөніндегі ұсынысын қолдады. Бұл компания Қазақстан нарығындағы ең ірі автомобиль операторларының бірі саналады. Оның негізгі профилі – жеткізу, автомобильдер мен автобустарға және арнайы автокөліктерге кепілдік беру, сондай-ақ, оларға қосалқы бөлшектерді сату. Амандық Ғаббасұлы қоғамдық паркке заманауи автобустар сатып алынатынын жеткізіп, бастысы, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін назарға алды.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, Владимир Котельниковтің облыста ауылшаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету бойынша «Вираж» ЖШС сервистік орталығын құру идеясын қолдады. Қызметі тұрмыстық техниканы сатумен байланысты «Техноград» ЖШС бас директоры Балалдин Ушуров өз сөзінде оның сапарының мақсаты екі жобаны іске асыруға мақұлдау алу екенін атап өтті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы