ОБЛЫС КӘСІПКЕРЛЕРІ ҮКІМЕТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ САУАЛНАМА ТОЛТЫРДЫ

Уақыты: 16.02.2021
Оқылды: 1673
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алматы облысының кәсіпкерлік субъектілері Үкіметтің қолдау шаралары бойынша сауалнамаға (үстінен басыңыз) қатысты. Сауалнама 16 сұрақтан тұрды. Мақсаты - пандемияға байланысты кәсіпкерлікті қолдау шараларын пысықтау. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір ай ішінде қолдау шараларын әзірлеуді тапсырған еді. Сондықтан, ұлттық палата кәсіпкерлерге онлайн сауалнаманы іске қосты. Сауалнама 15 ақпанға дейін жалғасты.

- Сауалнама нәтижелері мен кәсіпкерлермен талқылауларға негізделе отырып, ұлттық палата ҚР Үкіметінде қарау үшін шағын және орта бизнесті қолдау шараларын ұсынатын болады. Бұл жауаптар кәсіпкерліктің қазіргі жағдайын бағалауға, бизнес проблемаларын жеткізуге және одан әрі қолдау шараларын әзірлеуге көмектеседі, - деп атап өтті Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Оңалбаев.

Сауалнама онлайн режимінде ҰКП сайтында, сондай-ақ, Алматы облысы ӨКП әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"