"ЕКІ ЖАҚҚА ТИІМДІ": МАЛ БАҚҚАНЫ ҮШІН АҚШАЛАЙ АҚЫ СҰРАМАЙТЫН АЗАМАТ

Уақыты: 14.05.2021
Оқылды: 1286
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қаратал өзенінің бойын қоныстанған жұртшылық төрт түлік мал ұстап, ата кәсіпті жалғап отыр. Әсіресе, қой шаруашылығы өркендеп келеді. Шопан ата төлін өрбітіп, береке тапқан шаруашылықтың бірі – Ескелді ауылдық округіне қарасты «Күлия Сауытхан» шаруа қожалығы. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталмыш шаруа қожалығы Көкдала ауылынан тоғыз шақырым қашықтықта, Бақалы деген жерде орналасқан. Шопан Құрманбек Қалибектің анасының атына тіркелген шаруа қожалығында 500 гектар жайылымдық жер бар. Құрманбек шопан негізінен қой бағумен айналысады. Қазіргі таңда шаруашылықта 300 бас саулық қой бар. Төлді қосқанда бір отарға жуықтайды. Сонымен қатар 20 бас сиыр бағып, ауыздары аққа тиіп отыр.

2005 жылы Құрманбек Қалибек отбасымен Қытайдан көшіп келген. Ол жақта мал бағып, жүзім өсіріпті. Ата жұртқа оралған соң қандасымыз құрылыс саласында жұмыс істеп, әр істің басын бір шалып көреді. Әйтсе де, малға аңсары ауа берді. Содан уақыт өте келе мал шаруашылығына түбегейлі бет бұрған. Өйткені, малдың қыр-сырын жетік біледі. Бір айта кетерлігі, әу баста қолында қырық шақты қой-ешкісі ғана болыпты. Берекенің малда екенін түсінген Құрманбек шопан көптен бері көкейінде жүрген істі жүзеге асырып, мал басын арттыра бастайды. Қазір қазақтың биязы жүнді қойын көбейтіп отыр. Атажұртқа келгеннен бастап қой-ешкі баққанына жеті жыл болыпты.

- Отбасыммен бірге елдің малын алып, баға бастадым. Біреудің 100 қойын бір жыл бағып, мал төлдеген кезде 50 қозысын беріп, 50 қозысын өзімнің мал баққан еңбегімнің ақысы ретінде алдым. Маған малын сеніп тапсырған азаматтардан жемшөп пен ақшалай ақы сұрамаймын. Қойды өзім қырқамын. Бұл екі жаққа тиімді болды, – дейді Құрманбек Қалибек.

Оның айтуынша, жұрт шілде айының ортасынан бастап малын сатуға базарға шығады. Сол кезде Құрманбек Қалибек малын бағуға өткізетін ауыл азаматтарымен келісімге келіп, келер жылы осы уақытта малы мен төлін өткізіп береді. Мал иесі қаласа қойын қалдырып, төлін ғана алады. Құрманбек қой бағуды жалғастырады.

Әлбетте, мал бағу оңай шаруа емес. Себебі, күні бойы мал соңынан жүріп, тоят алуына жағдай жасау керек. Мал бағу үлкен төзімділікті талап етеді. Қыстың суығы мен жаздың аптапты ыстығында, күз бен көктемнің жауын-шашынының астында малдан көз жазып қалмау маңызды. Жыртқыш аңдардан қорғауға да табандылық қажет. Жаздың ыстығында малды қорадан ерте шығарып жаймаса, семірмейді. Ыстықта жатып қалады. Мал күннің ыстығы қайтқанда жайылады. Кеш батқанда бірақ айдап әкелу қажет. Малдың жөнін бес саусағындай білетін Құрманбек шопан мал өсіруге аса жауапкершілікпен қарайды. Егер жұрттың малы жоғалып кетсе, қасқыр жеп қойса, орнын өзі толтырады. Десек те, мұндай жағдайлар сирек болады. Уақытында жемшөбін беріп, күтім жасайды. Ала жаздай малдың жемшөбін дайындайды.

Иә, «Мал-жаның аман ба?!» дейтін қазаққа бұдан асқан аталы сөз болмаса керек-ті. Міне, сондай тілекпен таң атырып, кеш батыратын кейіпкеріміз үнемі мал-жанының амандығын тілейді. Шынайы еңбек әркез адамды абыройға бөлері анық. Жыл өткен сайын малсақ шопанның малының басы өсіп келеді. Жаңа туған төлді қарауға әйелі мен 4 баласы қолғабыс жасайды.

Шаруашылыққа қарасты 5 гектар жер бар. Құрманбек Қалибек жылда ол жерге жоңышқа егіп, мал азығын дайындайды. Мал жылдың төрт мезгілінде далада жайылады. Тек боран болған күндері ғана малға азын-аулақ шөп салынады. Шопан былтыр қысқы мал азығына қажетті 600 тай (тюк) шөп әзірлеген. Биыл 2000 тай шөп дайындауды жоспарлап отыр. Шаруашылыққа қажетті «Нива» автокөлігі, мотоциклі де бар. Биыл шаруа қожалығына қарасты жердің 1,5 гектарына арпа, 1,5 гектарына жоңышқа, 1 гектарына қырыққабат егіпті.

«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» демекші, маңдай терін төгіп, ерінбей еңбек еткеннің арқасында Құрманбек шопанның берекесі артты.

- Қазіргі таңда қазақи биязы жүнді тоқтының таза 30-33 келі, қойлардың таза салмағы 60 келіге жетті. Болашақта мал басын асылдандырып, жүз келіге салмақ тартатын ісек қойлар өсіруді жоспарлап отырмыз, – дейді шопан Құрманбек Қалибек.

Иә, асыл тұқымды малдан алар өнім қомақты. Малсақ жан асыл тұқымды қойдың басын өз төлі есебінен көбейтуге ынталы. Себебі, мал өсіру – берекенің, ырыздықтың бастауы.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы