ҚОЙ ҚОЗДАП, ҚОРАДА ШУ: БАЛҚАШ АУДАНЫНДА МАЛ ТӨЛДЕТУ НАУҚАНЫ ҚЫЗУ

Уақыты: 16.05.2021
Оқылды: 1572
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мал төлдету науқаны малшы үшін аса жауапты кезең. Бұл тек төрт түлік ұстағандарға ғана емес, жалпы ауылшаруашылығы саласы үшін маңызы зор науқан. Осы ретте аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұралы Шүленбаевпен бірге Миялы ауылдық округіне қарасты «Береке»  шаруа қожалығына барып қайттық.

Жалпы айтқанда аудан көлемінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын 1084  шаруа қожалығы бар. Аудан бойынша 103427 бас ірі қара, 28713 бас жылқы, 129 түйе бар. Сонымен қатар, 119074 бас қой-ешкі, 24372 құстар өсіріледі. Жоғарыда атап көрсетілген мал басының саны биылғы мал төлдету науқанында өседі деп күтілуде.

Біз ат басын бұрған аталмыш шаруа қожалығында көктемгі мал төлдету науқанымен қатар мал қырқу жұмысы жүріп жатты. Берік Дәуренбеков бастаған бірнеше қой қырқушылармен сұхбаттастым. Олардың айтуынша, жыл сайын осы шаруашылықта шамамен 4 тоннаға жуық жүн қырқылады. Бір өкініштісі ол өнім еш кәдеге жаратылмайды.

«Береке» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Сейдахметовтың сөзінше, 1993 жылы Миялы ауылына тұспа-тұс Іле өзенінің жағалауынан 300 гектар жер алып, мал өсірумен айналыса бастапты. Алғашқы кезеңдерде шаруашылықтың көші ілгері басып кетуіне біраз қиындықтың кедергі келтіргенін, соған қарамастан ерінбей еңбектеніп, мол табысқа қол жеткізгенін мақтанышпен айтты.

Қой өсімтал түлік болғандықтан 2004 жылы Малайсары асуының баурайынан 1000 гектар жерді қосымша жекешелеп, «Дегерес» асыл тұқымды қойын өсіруді қолға алған. Содан бері атқарған жұмыстың нәтижесі көрініп тұр.

Әңгіме барысында Асқар Дәлі-ғұлұлы биыл өз шаруашылығындағы 100 бас ірі қарадан 50 бас бұзау, 80 бас жылқыдан 40 бас құлын, 600 бас қойдан 400 бас қозы төлдетіп, мал басының көбейгенін айтты. Мал тұқымын асылдандыру үшін жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін субсидия алып жүргенін де тілге тиек етті. Әр төрт жыл сайын асыл тұқымды аталық «Дегерес» қошқарлар мен «Қазақтың Ақбас» бұқаларын сатып алып, мал тұқымын асылдандыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен сөз етті.

Малды ауылға электр жарығы да тартылыпты. Аға шопан Мейірімғали Тынышбеков пен жылқышы Айдын Туғанбековтың тұрып жатқан үйлері де талапқа сай салынған. Малшылардың мотоциклдері де бар. Мұны мал бағудың заманауи үлгісіне баладық.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы