ТАЛДЫҚОРҒАНДА 50 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ЖЕҢІЛДІК ЖАСАЙТЫН САЛОН АШЫЛДЫ

Уақыты: 19.05.2021
Оқылды: 1826
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі кезде мемлекет тарапынан ерінбей еңбек етемін дегендерге барлық жағдай қарастырылған. Әсіресе, өз кәсібін ашып, халыққа қызмет етіп жүрген жандардың саны күн сайын артып келеді. Лайықты түрде білімін жетілдіріп, жаны сүйетін іспен айналысып жүрген Кама Далдабаева Талдықорған қаласынан сұлулық салонын ашты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификат алады. Кейін «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы конкурсқа қатысып, қайтарымсыз грант ұтады. Нәтижесінде облыс орталығының «Қаратал» шағынауданынан «Vintage» атты сұлулық салонын ашып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алды.

– Әрдайым тәжірибемді шыңдауға күш салдым. Ресей елі мен  отандық танымал стилистерден сабақ алып, косметология  саласын  жетік  меңгердім. Пандемия  кезінде  де  онлайн курстарға  жазылып, алға қойған мақсатымды орындау үшін көп іздендім. Жаңадан ашып жатқан салондағы оқыту орталығы арқылы курс жүргізіп, басқаларға білім беремін, – деген Кама Төлеуханқызы келешек жоспарымен бөлісті. – Бұл салон мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналған. Оларды оқытып, жұмыспен қамтуды мақсат етудемін. Әзірге тек 5 адамды ғана жұмысқа алуға мүмкіндік бар. Кейінгі уақытта кәсібімді кеңейтіп, бұдан да көп мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз.

Әр адам әдемі көрінгісі келеді. Әсіресе, әйелдер қауымының сұлулыққа жаны құмар. Талдықорғандықтарға сұлулық сыйлауға жәрдемдесетін кәсіпкер Кама Далдабаева көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға 50 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылып жатқанын айтты. Осындай мүмкіндікке ие еткен облыс әкімдігіне, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына алғысын жеткізді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы