КІРПІШ ҚҰЙҒАН ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛСЕ...

Уақыты: 16.06.2021
Оқылды: 1583
Бөлім: ОН САУСАҚ

Әр уақытты тиімді пайдаланып қалуға тырысқан ауыл азаматтарының тынымсыз еңбектері еріксіз назар аудартты. Арасында үлкенінің тапсырманы үстемелеп жатқанын құлағым шалып қалды. Еңбектің көрігі қызып жатқан жаққа назар салсам, қалыптан шыққан кірпіштерді жинастырып жүрген жастар екен. Жандарына таяп, сәлем беріп, әңгімеге тарттым.

Сонау Райымбек ауданынан келіп, атшаптырым ауланы жалға алып, жаңа жұмыс бастап жатқанын айтқан еңбекқор азаматтар өздерін таныстыруды ұмытпады. Үлкені кішісін құрметтеп, кішісі үлкенін тыңдап ауызбіршілікте еңбек етіп жатқандардың «басшысы» жасы 25-тегі Дидар Тұрсынбай екен. Оның қолғанаттары ағайынды Қанат, Ақжол Шағалақ пен Қанат Сәдуақасов деген нағыз еңбектің көнторылары іспетті.
– Жазғы маусымда құрылыс жұмыстары қарқын алатыны анық. Осыны ескеріп, уақытты ұтымды пайдалану үшін ағайындас інілеріммен ақылдаса кеп, осы тірлікті бастап жатырмыз. Жалдың құны арзан емес. Соған қарамастан шығынды жауып, оның үстінен өз нәпақамызды табуға бар күшімізді салудамыз. «Қарекет түбі – берекет» деген ғой, еңбектенгеннің еңбегі еш кетпейді. Тек ісімізді заңсыздыққа теліп, бізге «таяқ» тиіп жүрмесін, – деген Дидар Тұрсынбайдың сөз төркінін түсіндім.
– Енді неге көлеңкелі бизнес жасап жүрсіңдер? Заңды кәсіп ашпайсыңдар ма? – деген сауалыма:
– Біз бұл бастамамыздың қолдан келер-келмесін нақтылап алуды жөн көрудеміз. Бұған дейін табылған әртүрлі жұмыстың басын бір шалдық. Карантиннен көп жерде жұмысқа алмайды. Одан соң үлкен іс бастау үшін қомақты қаражат керек. Осыдан тапқан тиынымызды құрап, қамданып барып, ісімізді заңдастыруға әрекет жасаймыз, – деген Дидардың сөзіне иландық.
Жасыратыны жоқ, екі қолға бір күрек таппай, ауыл мен қаланың арасында босқа жүретіндер жоқ емес. Менің сүйінгенім, еңбекке епті жастардың өз алдына әрекет жасап, сапалы кірпіш құйып жатқаны болды. Кірпіш өндірушілер өнімге керек шикізаттың сапасы және жасалу технологиясының басты назарда болатындығын тілге тиек етті. Олармен әңгімелескен азғантай уақытта кірпіштерін сұраушылар да кездесті. Яғни, өнімге сұраныс бары байқалады. Үй тұрғызуға, қора-қопсы, монша, тіпті, ауланы қоршауға қолданылатын бұл сплитерлік кірпіштерге жылдың қай маусымында да сұраныс артпаса, кемімесі анық. Соны түсінген жастар өздерінің қаражатына кірпіш құятын станокты сатып алып, сапалы өнім өндіруге білек сыбана кірісіп кеткен. Күніге мың данаға дейін дайын болатын кірпіш те тапсырысқа қарай өтетін көрінеді.
– Алматыдағы №13 колледжді аспаз мамандығы бойынша бітіріп, әскерге барып, келдім. Ендігі мақсатым – осы істі кеңейтіп, елге пайдам тиер кәсіпкер болуды армандаймын, – дейді қимылы ширақ Қанат Шағалақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дайын дүниені алып-сатқаннан гөрі өздері әрекет етіп, құрылысқа таптырмас өнім шығарып, шағын болса да істің көзін табуға талпынған, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуге жараған жастарға кедергісіз қолдау көрсетілсе құба-құп. Ал, мұндай бастамаларды қолдап, оны жүзеге асыруда мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар барын құлағдар етуді ұмытпадым. Сөзі мен ісі үйлескен жастардан келешекте өз ісінің нағыз шеберлері шығарына сенімім мол.

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы