ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ЖЕМНІҢ ОН ТҮРІН ДАЙЫНДАЙТЫН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 10.07.2021
Оқылды: 1030
Бөлім: ОН САУСАҚ

Аудандағы «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанынан етті, сүтті бағыттағы ірі қара малы мен құсқа, балық қорегіне қажет 10 түрлі жем дайындайтын жаңа зауыт іске қосылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Байсерке-Агро» агрохолдингі президенті Темірхан Досмұхамбетов пен өңірдің тыныс-тіршілігін көруге келген бір топ сенатор қатысты.

Қуаттылығы жылына 36,5 мың тонна жем өндіретін түркиялық зауыттың жалпы құны 1 млрд. 350 млн.теңгені құрайды. Онда 15 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Зауытта өндірілетін өнімге қажет шикізат түгелі дерлік аталған серіктестіктің өзінде өсіріледі. Ол жөнінде зауыттың ашылу барысында агрохолдинг президенті Темірхан Досмұхамбетов мәлімдеді. Ол:

– Зауытқа қажетті жем қоры да өзімізден. Жыл сайын жүгерінің әр гектарынан 25 тонна, майлы бұршақтан 7 тонна өнім аламыз. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сондықтан, жоғары сапалы жем өндіруде табысқа қол жеткізетін боламыз, – деді.

Аудан әкімінің орынбасары Ермек Толқыновтың айтуынша, өңірде мұндай ірі зауыт бұрын болмағандықтан мал азығы, соның ішінде жем көршілес аудандардан тасымалданып келген. Ендігі жерде зауыттың қуаттылығы толығымен іске қосылғанда «Байсерке-Агро» өзінің жемшөбінің берік қорын жасап қана қоймай, аудан, облыс аумағындағы мал шаруашылықтарына да сапалы жем дайындап, сатуда орасан зор пайдасы тимек.

- Биылғы қуаңшылық аграрлық саланың ақсап тұрғанын, әлі де шешілмеген жүйелі мәселелердің барын көрсетті. Соның бірі – су шаруашылығындағы түйт­кілді мәселелер. Табиғи, экологиялық мәселе десек те, су жүйесінің дағдарысына кадр тапшылығы да кері әсерін тигізуде. Су ресурстары комитетінің 40 пайызы ғана су шаруашылығының мамандары. Мұны мемлекет деңгейіндегі проблема деуге болады. Десе де, ірі шаруашылықтың бірі «Байсерке-Агро» ЖШС-да су тапшылығы байқалмайды. Кезінде Темірхан Мыңайдарұлы жер астындағы суды тиімді пайдалану мақсатында құдық қазып, бұл мәселенің түйінін тарқатқан, – деді сөз алған сенатор Ақылбек Күрішбаев. – Мал басын кемітпеудің бір жолы – мал азығының мол қорын жасау. Сол үшін сабан, бидай жинап алуымыз керек. Одан жем дайындайтын мынандай зауыттың ашылуы – мал шаруашылығына көп көмек. Біз табиғатқа тәуелдіміз. Сондықтан технологияны дұрыс сақтап, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейтін болсақ, мал басын көбейтіп, одан мол өнім алу мүмкіндігіне ие боламыз. Ол үшін ең алдымен мықты мамандар мен жаңа әрі сапалы сорттар керек. Шаруашылықтар бұрынғыдай көпжылдық шөп өсірмейтін болды. Тек табиғи шөпті ғана жинайды. Бұл да дұрыс емес. Кезінде жемшөп базасын жасап, ветеринария­ны қалыпқа келтіру кезек күттірмес шара екендігін айтқанмын. Біздің болашағымыз – аграрлық салада. Сондықтан ауылшаруашылығын дамытып, келешекке жеткізу үлкен жауапкершілік жүктейді.

Тәулігіне 100-150 тонна сапалы жем шығаратын қуатты нысанның іске қосылуы биылғыдай қуаңшылық жайлап, дағдарысқа тірелген аграрлық сала үшін аса маңызды жоба екендігін тілге тиек еткен сенаторлар шаруашылық еңбеккерлеріне толағай табыс тілеп тарқасты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы